Басты жаңалықтар

Жуырда «Aktobe Mall» сауда, ойын-сауық орталығы пайдалануға беріледі

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Aktobe Mall» сауда, ойын-сауық орталығы мен Ақтөбе тігін фабрикасын аралады.

«Aktobe Mall» сауда, ойын-сауық орталығы екі кезеңде пайдалануға берілмек. Атап айтқанда, осы айдың аяғында жалпы аумағы 44​ 000 шаршы метр болатын мультфункционалды сауда, ойын-сауық орталығы ашылады. Орталықта бренд дүкендер, аумағы 4​ 400 шаршы метрлік балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақстандағы ең үлкен жабық ойын-сауық паркі жұмыс жасайтын болады.

Екінші кезеңде сауда орталығының аумағы 70 мың шаршы метрге дейін кеңейтілмек.

Сондай-ақ Сәңкібай батыр даңғылы бойымен, Едіге батыр даңғылынан «Aktobe Mall» сауда, ойын-сауық орталығына дейін амфитеатр, субұрқақ және т.б. заманауи нысандар салынады. Бұл жобаның жалпы құны — 5 млрд теңге. Жобаға «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Айта кету керек, жобаның бірінші кезеңі жүзеге асырылса, өңірде 600 адам, нысан толық пайдалануға берілген соң бір мың адам жұмыспен қамтылады.

Сондай-ақ облыс әкімі «A-Textile» ЖШС қарасты Ақтөбе тігін фабрикасының жұмысымен танысты.

8 ай жұмыс жасаған фабрика биыл өндірістік қуаттылығын жылына 240 мың бұйымға дейін арттырып, 60 адамды жұмыспен қамтыды. Жыл соңына дейін мұнда тағы 90 адам жұмысқа алынып, өндірістік қуаттылығы 3,5 есеге өседі деп жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда фабрикада трикотаж футболкалар, спортшылар киетін қысқа жеңді тоқыма көйлектер, спорттық жейделер және т.б. киімдер тігіледі.

— Тұтынушылар киімнің белгілі бір үлгісіне өздері тапсырыс бере алады. Киімді таза мақтадан тіккенбіз, алайда нарықта синтетикаға да сұраныс бар, қазір маталардың партиясы келе жатыр, — деді фабрика басшысы Әлімжан Жалбатыров.

Оның айтуынша, фабрикаға жуырда күртеше, желбегей, шолақ жеңді киімдер тігетін құралдар әкелінеді.

— Мұндағы киімдер — қазіргі заман талабына сай және сұранысқа жауап бере алатын өнімдер. Ендігі кезекте облыс тұрғындарына сапалы әрі арзан бағадағы отандық өнімдерді кеңінен насихаттауымыз қажет. Ішкі нарықты толықтырып барып, ақтөбелік бренд үлгісіндегі дайын өнімдерді алыс-жақын шетелдерге жіберу жолдарын қарастыру қажет, — деп тапсырды облыс әкімі. ​

Бұдан кейін облыс басшысы Батыс-2 шағын ауданында жаңадан ашылған «Көктөбе» қонақүйінің жұмысымен де танысты. Жоба құны — 2 млрд теңге.

Қонақүйде келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін мұнда мәжіліс залы, мейрамхана, әсемдік салоны, фитнес зал және т.б. жабдықталған. 50 адам жұмыспен қамтылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button