Жаңалықтар

Сот шешімі өзгеріссіз қалды, кәсіпорын айыппұл төлейді

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық экология департаментінің бас маманы-мемлекеттік экологиялық инспектор Марат Кәрібаев аналитикалық интернет-порталда жарық көрген «Ақтөбедегі шошқа фермасындағы жаңа бетбұрыс» атты мақалаға қатысты брифинг өткізіп, «Парижская коммуна ХХІ» ЖШС-ындағы жағдайды хабарлады.

Оның айтуынша, «Парижская Коммуна ХХІ» ЖШС-ында топырақты тұрмыстық және биологиялық қалдықтармен ластау дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында сот-сараптамалық экологиялық зерттеуді Әділет министрлігінің сот-медициналық сараптама орталығының мамандары жүргізген. Сарапшылар «Парижская Коммуна XXI» ЖШС аумағындағы жерлердің ластануына қатысты мәліметтер берген. Олардың шығарған қорытындылары бойынша бұл жерлер жайылымға жатпайды, жер қабатындағы өзгерістерді жою үшін рекультивациялау іс-шараларын кешенді түрде жүргізу керек.

Осы жерде айта кету керек, кәсіпорын аумағына тұрмыстық және зиянды қалдықтар соңғы рет 2020 жылдың қазан-қараша айларында көмілген.

— Келтірілген залалды өндіру сарапшылардың құзыретіне кірмейді. Дегенмен мамандар қоршаған ортаны ластау деректерін жоққа шығармайтындығын айтады. Ал 7 миллиард теңге көлеміндегі экономикалық зиянды өтеу туралы бұйрық сол күйінде өз күшінде қалады. Кәсіпорынның Ақтөбе облыстық сотына берген апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады, соттың бастапқы шешімі өзгеріссіз қалды. Сондай-ақ қазір сот кәсіпорынға қарасты мал сою пунктінің, зертхана мен дисбарьердің, санитарлық бақылау бөлмесінің, жем, қазандық, бордақылау және репродуктивтік цехтардың жұмысын тоқтата тұру туралы талап-арызды қарап жатыр. Біз бұл мәселеге байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына ұсынылған ақпараттың дұрыс еместігін хабарлаймыз, — деді бас маман.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button