Жаңалықтар

Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады

Кеше өңірімізге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары қоғамдық қабылдау өткізді. Арыз-шағымын айтушылардың арасында ауылдардан арнайы келгендер де болды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері — Ғалымжан Елеуов, Аманғали Бердалин, Зүлфия Сүлейменовалар 7-16 шілде күндері аралығында Ақтөбеде болады. Мақсат — осындағы сайлаушылардың мұң-мұқтажын білу, халықпен кездесу.

Қабылдауға келгендердің бірі — Мәртөк ауданынан келген ЖанатУмуткулова. Осыдан 5 жыл бұрын жол апаты салдарынан бір аяғынан айырылған бойжеткен Ақтөбе медициналық колледжін бітірген. Бірақ денсаулығына байланысты ешқандай мекеме жұмысқа қабылдамай тұр. Сондай-ақ ол биыл мүгедектікке байланысты II топтан III топқаауыстырылғанын, бұған түбейлі қарсы екенін білдірді. Өйткені соңғы аталған топтың ұсынар жеңілдігі аз екен, жәрдемақысы да мардымсыз… Мүмкіндігі шектеулі қыз осы үш мәселеде қол ұшын созуды сұрады.

— Үш сұрақты да түсіндім. Жұмыспен қамту мәселесіне байланысты құзырлы органдарға хабарласамын. Ал мүгедектік топқа келсек, бұны тұрғылықты мекенжай бойынша емханадан анықтау керек. Сол сияқты протез мәселесін де соларға айтамын. Өзім дәрігер болғандықтан, бұның өзекті екенін білемін. Бақылауға аламын. Осылай болады деп нақты уәде бере алмаймын, бірақ бір хабары болады. Күтіңіздер, — деді Ғалымжан Елеуов.

Сол сияқты Алға ауданынан келгендермен кездесу өтті. Айталық, Талдысай ауылының тұрғындары әлі күнге дейін газ тартылмағанына, жол салынбағанына арызданды. Ауыл тұрғындары өркениет жетістіктерін күте-күте әбден шаршаған.

— Дамыған заманда өмір сүрсек те, әлі күнге дейін көмірмен от жағып отырмыз. Су мәселесі де қиын. Жолдың жайы тіптен ауыр. Қыс мезгілінде қатынау мүмкін емес. Бұны талай айттық. Енді Мәжіліс депутаттарынан көмек бола ма деген үмітпен келіп отырмыз. Жол азабынан әбден зәрезап болдық, — деді Талдысай ауылының тұрғыны Құралай Жамалова.

Парламент Мәжілісінің депутаты Зүлфия Сүлейменованың айтуынша, елордадан келген делегация Ақтөбе қаласымен шектелмей, Ырғыз, Шалқар, Ойыл, т.б. аудандарындағы жұртшылықпен де қауышпақ.

— Әріптестеріммен Ақтөбе қаласына келіп қалдық. Бүгін облыс орталығындағы тұрғындарды қабылдасақ, кейін мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысамыз. Сайлауалды бағдарламамызда не айттық, соның қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде хабардар етеміз. Арасында ауыл халқымен жүздесеміз.

Маған жер-жерден шағымданатындар көп. Мысалы, Ақтөбеден сумен қамтуға қатысты сұрақтар түсті. Сосын қоқыс шығару, жағымсыз иіс, жалпы экология мәселелері жиі қозғалады. Шалқар көлінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіретіндер де баршылық. Өз тарапымнан жоғары мінберлерден осы түйткілдердің оң шешім табуына барымды салатын боламын, — деді Зүлфия Сүлейменова.

Nur Otan партиясы облыстық филиалының ғимаратында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауға онға жуық ақтөбелік келді.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button