Жаңалықтар

Депутаттар құрылыс нысандарын аралады

Темір ауданына жұмыс сапарымен барған облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов бастаған депутаттар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасына енгізілген жобалардың іске асырылу барысымен танысып, медициналық мекемелер мен әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңдарына барды.

Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева ауданда тұрғындармен кездесулер өткізді.

Кездесу барысында депутаттар Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының сапалы орындалуына ықпал ететін мәселелер мен ұсыныстарды талқылады. Депутаттар екі ауылдық округ пен аудан орталығында болып, онға жуық нысанды аралады.

Аудан орталығындағы Қызылжар шағын ауданындағы 2 қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысқан депутаттарды материалдардың сапасы мен нысанды тапсыру мерзімі қызықтырды.

— Жыл соңына дейін кезекте тұрған азаматтардың қоныс тойын тойлауы маңызды. Сондықтан құрылысты мерзімінде аяқтау керек, — деп атап өтті облыстық мәслихат хатшысы мердігерлік ұйым өкілдерімен әңгіме барысында.

Мұнда депутаттар саябақты абаттандыру жұмыстарымен де танысты.

Жұмыс тобының мүшелері барған маңызды мәдени және тарихи нысандардың бірі Досжан Хазірет мешіті болды, ал Темір ауылында медициналық амбулаторияны аралады.

Депутаттар «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан Кеңқияқ ауылындағы спорт кешенінің құрылыс алаңына барып, ғимарат құрылысының сапасын тексерді. Сондай-ақ олар Сарыкөл ауылдық округінің Шұбарши ауылында салынып жатқан спорт кешенін де көрді. Мұнда депутаттарға Шұбарши ауылында 320 орындық жаңа мектеп пен 60 орындық мектеп-интернат құрылысының жобасы да ұсынылды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button