Денсаулық

«Глобал Мастер Групп» ЖШС жұмысшылары толықтай вакцина салдырды

Ақтөбе қаласындағы ірі өндіріс орнында 150-ге жуық адам еңбек етеді. Оларға екі күн бойы жаппай вакцина салынып, тегін дәрі-дәрмек үлестірілді.

Екпе жұмыстарын қаладағы №5 емхананың бригадалық тобы жүргізді.

Компания директоры Нұрстан Адайбеков індетпен күресу үшін вакцинаның маңызы зор екендігіне тоқталды.

— Осыдан екі ай бұрын ұжымнан он адам ғана «Спутник V» вакцинасын салдырды. Екі компонентін де алып болған соң екпенің тиімділігін түсіндік. Өзім де алғашқылардың бірі болып екпе қабылдадым. Ұжымның пікіріне құлақ түріп, ортақ шешім қабылдадық. 20-дан астам жұмысшы өз еріктерімен емханадан алды. Кейін бір мезгілде ұжыммен вакцина алуды ұйғардық. Әлеуметтік желідегі теріс пікірлер адамның ойын бұзады. Мен әлемдегі коронавирус көрсеткішін жіті бақылап, хабардар болып отырамын.

Жақында Қазақстанның Бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланғанын білеміз. Жаңа қаулыға сәйкес кейбір ұйымдардың қызметкерлері вакцина алуға міндеттелді. Ал вакцина алмаған қызметкерлер бір айда төрт рет міндетті түрде ПТР-тесттен өтуі керек. Біз ұжымдық иммунитет қалыптастырмасақ, індетпен күресе алмаймыз. Сондықтан екпенің маңызы зор, — дейді Нұрстан Адайбеков.

№5 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі Гүлайна Ізімованың айтуынша, вакцина алған жұмысшылардың арасында арыз-шағым болмаған.

— Қазір мекемелерге көшпелі бригдалар шығып жатыр.  Екі күннен бері осы өндіріс орнына келіп, вакцина салып жатырмыз. Кеше 75, бүгін 30-дан астам адам екпе қабылдады. Олардың жағдайлары жақсы. Әрине, қызу көтеріліп, әлсіздік пайда болуы мүмкін. Алайда бұл қалыпты жағдайлар болып саналады. Жұмысшылардың барлығы өз қалауларымен «Hayat-Vax» вакцинасын алды, — дейді ол.

Аталған мекемеде оператор болып жұмыс істейтін Досжан Әбішев те өз денсаулығы үшін екпенің алғашқы компонентін алғанын айтады.

— Елдегі эпидемиологиялық ахуалды көріп отырмыз. Осыған байланысты әріптестеріммен бірге вакцина алуға шешім қабылдадым. Өйткені ахуал әлі де тұрақталған жоқ. Дәрігерлер қан қысымымды өлшеп, екпе алғаннан кейінгі сақтық шараларын мұқият түсіндірді. Ешқандай ауырсыну сезілмеді, — дейді ол.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button