Жаңалықтар

ТРИАТЛОН ПАРКІ АШЫЛДЫ

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Елорда күні қарсаңында облыс орталығында Триатлон паркі ашылды. Бірегей спорт нысанының ашылуына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, әуесқой велосипедшілер мен жеңіл атлеттердің жарысына старт берді.
Қаланың 12-шағын ауданында қолданысқа берілген Триатлон паркінің ұзындығы — 2,5 шақырым. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған жаңа паркте велосипедшілерге, жеңіл атлеттерге және жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жолақтар бар.
— Елорда күні қарсаңында біз қуанышты сәттің куәгері болып тұрмыз. Триатлон паркі қолданысқа берілмей жатып, көпшіліктің сүйікті орнына айналып үлгерді. Мұнда салауатты өмір салтын ұстанатын кез келген қала тұрғыны келіп, спортпен шұғылдана алады. Алдағы уақытта саябақтың ішін абаттандырып, орындықтар қойып, түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын одан әрі арттыра түсеміз. Бұл саябақта қала тұрғындарының емін-еркін серуендеп, спортпен шұғылданып, жақсы демалуына барынша қолайлы жағдай жасалатын болады. Барлығы сіздер үшін жасалып жатыр, — деген облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Денсаулық жүгіруі» шарасының қатысушыларына старт берді. Жаңа алаңда 30-дан астам велосипед тізгіндеген қала тұрғындары мен 100-ден астам желаяқ 6 шақырым қашықтықта жүгіріп өтті.
Қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын, қоғамдық денсаулық сақтау құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған спорттық шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров және мемлекеттік мекеме басшылары мен спортшылар қатысты.
— Спортшыларға осындай жағдай жасап жатқан облыс басшылығына үлкен алғыс білдіреміз. Енді Ақтөбеде мықты триатлоншылардың қатары көбейеді деген сенімдеміз. Қала тұрғындарын кешкі уақытта жаңа Триатлон паркіне серуендеуге, спортпен шұғылдануға шақырамыз, — дейді Еламан Қойшыбаев есімді спортшы.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында соңғы жылдары спорт инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Спорт нысандарының саны өткен жылы 70 бірлікке көбейген. Ал биыл Байғанин, Темір аудандарында, Хромтау ауданының Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру қолданысқа берілді. Сондай-ақ, жылдың басында Кірпішті ауылында шаңғы роллер трассасының құрылысы аяқталды.
Бүгінгі күні облыста 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Ал Батыс-2 ауданында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көп функционалды спорт кешенінің құрылысы басталып жатыр. Сонымен қатар қала бойынша ұзындығы 52 шақырым болатын веложол құрылысы басталмақ.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button