Басты жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Ақтөбеде «Мүгедек адамдарға арналған әлеуметтік қолдау орталығы» ашылды. Астана күніне арналған шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, қала әкімі Асхат Шахаров, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова қатысты. 

Елімізде 705 мыңдай мүмкіндігі шектеулі азамат бар екен, оның 94 мыңнан астамы — балалар. Елімізде мүгедектігі бар азаматтарды қоғамға бейімдеу, олардың қоғамның басқа азаматтарымен тең дәрежеде білім алып, еңбек етуіне жағдай жасау — мемлекеттік басым бағыттардың бірі.
Құралай Байменованың айтуынша, Қазақстан «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға» қол қойған. Осы құжаттың 27-інші «Еңбек және жұмыспен қамту» бабында былай делінген: «Қатысушы мемлекеттер мүгедектердің басқалармен теңдей дәрежеде еңбек ету құқығын таниды; ол мүгедектің еркін таңдаған немесе оған ерікті түрде келісім берген еңбекпен, еңбек нарығы мен өндіріс ортасы мүгедектер үшін ашық, инклюзивті және қолжетімді болып табылатын жағдайларда өзін-өзі асырау мүмкіндігін алу құқығын қамтиды. Қатысушы мемлекеттер еңбек ету, оның ішінде еңбек ету кезінде мүгедектік алған адамдардың еңбек ету құқықтарын, оның ішінде заңнамалық тәртіппен тиісті шараларды іске асыруды қамтамасыз етеді».
— Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылған «Тең қоғам» атты «Мүгедек адамдарға арналған әлеуметтік қолдау орталығы» жобасы — мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамдағы тең құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған, — дейді осы жобаны жүзеге асырып отырған «Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтардың одағы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Қ.Байменова.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин бүгінде мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау бағытында көп жұмыс атқарылып жатқандығын айтты:
— Өңірде 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жерлесіміз бар екен, оның 4 мыңдайы — балалар. Бұл азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Алдағы уақытта мұндай орталықтарды аудандарда да ашқан дұрыс, — деді аймақ басшысы.
Орталыққа келушілер цифрлық сауаттылыққа үйренеді, интернет порталдар арқылы мемлекеттік қызметтер алуға дағдыланады, мүгедек азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қолданыстағы жеңілдіктер, арнайы әлеуметтік қызметтер, заңнамалық актілер, мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік қолдау нысандары туралы ақпарат ала алады.Салық органдары, банктер, қаржы инстиуттары, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мекемелері секілді ұйымдардан арнайы мамандар келіп, тегіс кеңестер береді. Оған қоса орталықтағы тігін, тоқу, тамақ пісіру, қолөнер секілді 11 үйірмеге қатыса алады.
Интернеттегі маркетинг,SMM үйрету үйірмесінен дәріс беретін Саламат Болатов, қолөнер үйірмесінде бисер тоқу, басқа да қолөнер ұйымдарын жасауға үйрететін Бибігүл Жармұхамбетова, тоқу, тігу курсынан сабақ беретін София Акчуриналар жұмысын бастап кеткен.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button