Басты жаңалықтарМереке

Елорда – елдік пен ерліктің ордасы 

Нұр-Сұлтан – еліміздің жан жүрегі, тәуелсіздігіміздің бойтұмары, ата-бабаларымыздың аңсап кеткен ақордасы, қазақ елінің ұлттық мақтанышы.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында межелі мерейтой – Елбасы ерлігінің жемісі, қарыштаған Қазақстанның символы болған Елордамыздың 23 жылдығын атап өтпекшіміз.

Жалпы, Елорда күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Тәрбиелік тұрғысы жайлы толғасақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа Елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы біз еліміздің келешегі – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, патриоттық сезімді сіңірудеміз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, жұртты ұйыстыруға сеп болып, мемлекеттігімізді одан әрі нығайту жолындағы ұлттық идеологияға қалтқысыз қызмет етіп келеді.

Нұр-Сұлтан —  заманауи және қарышты Қазақстанның, біздің ұлттық рухымыздың, экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени жетістіктеріміздің, сарқылмас қуат-күшіміздің бейнесі. Бүгінде бас қаламыздың күні мемлекеттік мереке ретінде шектелмей, шын мәнісіндегі жалпыхалықтық, ұлттық мейрамға айналды.

Қазақта «Би бол, би болмасаң да би түсетін үй бол» деген жақсы сөз бар. Тәуелсіз Қазақстан өзінің 30 жылдық белесінде көптеген дау-дамайға айналған шараларды бір сөзбен шешіп, бас қосар ақордаға айналып, талайдың ықыласына бөленіп келеді.

Қазақ халқының бойында алыстағанды жақындастыру, араздасқанды татуластыру дәстүрі бұрыннан қалыптасқан. Бұл дегеніңіз бейбітшілік ұғымы, береке-бірлікті ту ету, дау-дамайға нүкте қойып төрелік айту, міне, бәрі — осы Елбасының көрегендігімен Елорданың төрінде шешімін тауып жатқан игі істер.

Елбасы басшылығымен болашаққа ұмтылған, байтақ далада бой көтерген алып шаһар академиялық классика және сәулеткерлік модерн ғана емес, Шығыс пен Батыстың жауһарларын өн бойына жиған, заман талабына сай жарасымды үндестікпен өсіп келе жатқан әсем қала, ұлт руханиятының орталығы.

Біз Елбасының басшылығымен жас әрі жасампаз мемлекет құрдық. Мемлекет басшысының сарабдал саясатымен білім-ғылымға ұмтылған жаңа ұлт қалыптастырып келеміз.

Біз бейбітшілік пен келісім, береке мен бірлік өзара үйлесім тапқан заманауи Елордамызбен мақтанамыз, марқаямыз.

Олай болса, 23 жылдық мерекең құтты болсын, сүйікті бас қаламыз — Елорда! Жайнай бер, жасай бер, гүлдене бер!

Еліміз аман, жеріміз тыныш, мерейлі мереке құтты болсын!

 Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Басқа жаңалықтар

Back to top button