Жаңалықтар

Триатлон паркінде жаяу жүргіншілерге арналған жол салынады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын аралап, Жеңіс даңғылы бойындағы, 11, 12, Мәскеу және Әуе қалашығы аудандарындағы ​көппәтерлі үйлердің аулаларын абаттандыру және жөндеу жұмыстарының барысын қарап шықты.

Айта кетейік, биыл Ақтөбеде 200-ден астам аулаға асфальт төсеп, балаларға арналған 67 ойын алаңын орнату жоспарланып отыр.

Тұрғындар қалашығы ауданындағы «Алақай» театрының маңындағы гүл бағы мен 8- шағын аудандағы «Жастар» аллеясын абаттандыру барысымен танысып шыққан облыс әкімі мәдени демалыс орындарын ашумен қатар қалалықтардың мәдени деңгейін көтеру қажеттігін атап өтті.

«Айналамызды таза ұстау өзімізге байланысты. Мемлекет мүлкін сындырып, қоғамдық орындардағы нысандарды бүлдірген адамдарға қатаң шара қолдану керек. Облыс тұрғындары қала ішінде жүргенде өздерін қауіпсіз сезінуге тиіс»,— деді Оңдасын Оразалин.

Биыл жазда Ақтөбеде триатлон паркінің құрылысы аяқталады. Қазіргі таңда мұнда жүгіретін және велосипед жолдары 100 пайыз дайын. Аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Қаланы аралаған облыс басшысы жауапты тұлғаларға жұмыстарды белгіленген мерзімде сапалы аяқтау керектігін ескертті.

Сондай-ақ Оңдасын Оразалин халықтың қалауына сәйкес, триатлон паркінде жаяу жүргіншілер жолын салуды тапсырды. Осылайша алдағы уақытта триатлон паркінде тек спортпен айналысып қана қоймай, жаяу серуендеуге де болады.

«Өздеріңіз байқағандай, қаламыздың көркін ашатын спорттық, мәдени-әлеуметтік нысандарды қайта жөндеуден өткізіп, жаңасын салуды да қарастырып жатырмыз. Бұл ретте қала тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін де ескере отырып, барынша қолайлы жағдай туғызуымыз қажет»,— деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button