Жаңалықтар

«Атамекеннің» қызметкерлері коронавирусқа қарсы екпе алды

«Атамекен» өңірлік палатасының ұжымы коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының өтініші бойынша №5 қалалық емханасы палата ғимаратында көшпелі егу пунктін ұйымдастырды.

«Біз бұл індетті тоқтатудың жолы оған қарсы вакцина алу керек екендігін түсінеміз және ұжым болып вакцина алу үшін дәрігерлерді мекемеге шақырдық. Екпе алу — әркімнің өз еркі, қызметкерлер алдын ала емдеуші дәрігерлерінен, терапевтерден кеңес алып, шешім қабылдады. Вакцина алу үшін менде ешқандай қарсы көрсетілім жоқ, сондықтан бірінші компонентін алдым», — деді ӨКП қызметкері Руслан Куйшинов.

№5 қалалық емханасының бөлім меңгерушісі Гүлайна Изимованың айтуынша, вакцина алу — коронавирус індетіне қарсы тұрудың, өмірдің қалыпты ырғағына оралудың жалғыз жолы.

— Медициналық мекемелерден тыс ұйымдар осындай вакцина алу шараларын ұйымдастырғаны дұрыс. Мұндай шаралар коронавируспен күресу мүмкіндігін арттырады. Көшпелі іс-шаралар кезінде біз вакцинаны сақтауға және тасымалдауға қойылатын барлық санитарлық талаптарды қатаң ұстанамыз. Олар арнайы контейнерлермен тасымалданады, — деді ол.

Сондай-ақ кейбір кәсіпкерлік нысандары да дәрігерлерді жұмыс орнына шақырып, вакцина алды. Мәселен, «Royal» бильярд клубы ұжымы қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерден басқа профилактикалық вакциналаудан өтуге ниет білдірген болатын. Клуб кеңсесіне қалалық №3 емханасының дәрігерлері барды.

— Вакцина алу — қауіпті індетті тоқтатуға жасалып жатқан әрекет. Бұл ауруды жұқтыру қаупін азайтады, әрі қызметімізді қайта бастауға, бизнестің үздіксіз жұмыс істеуіне ықпал етеді. Өткен жылғы толқынның қайталануына жол бермеуіміз керек, — дейді бильярд клубының жетекшісі Эка Казарова.

 М.Табын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button