Жаңалықтар

Өңірде бірнеше адамнан коронавирустың үнділік «дельта-штамы» анықталды

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева айтты.

«Соңғы аптада қауіпті індет жұқтырған 20 адамның сынамасын Алматыға зертханаға жібердік, соның 45 пайызында үнділік «Дельта-штамы» анықталды. Бұл — өте қауіпті, тез таралатын вирус. Оның инкубациялық кезеңі 14 күн емес, 7 күн. Тез өршіп, тез таралады. Науқастың дене қызуы көтеріліп, іші ауырып, іш өтуі байқалуы мүмкін, кей жағдайларда құлағы естімей қалып жатады. Сондықтан облыстың Бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысындағы шектеулерді толық орындау керек. Барынша сақтанайық», — деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, «Дельта-штамм» анықталған екі науқас қазір жазылып, үйіне шықты. Қалғаны ем алып жатыр.

— Ауру тез өршиді. Іш ауыру, буындар ауыру, жоғары температура байқалуы мүмкін. Ем алып жатқан науқастарға көбіне оттегімен демалу қажет болып жатыр.  Үнді штамы қауіпті, салдары ауыр болуы мүмкін, сондықтан вакцина алып, барынша сақтанып жүрген абзал, —  деді ол.

Өңірде эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Соңғы тәулікте КВИ-мен ауырған 63 жағдай тіркелді, оның  ішінде 49 адамда ауру белгілері байқалған. Аурушаңдықтың өсу деңгейі — 0,5%.

—  ​​​Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 12085 жағдай тіркелді, оның ішінде 65,4%-ы ауру белгілерімен (7905) және 34,5%-ы симптомсыз (4180) жағдай. 11447 (94,7%) науқас жазылып шықты. Жалпы  тіркелген  12085 науқастың 1,6%-ы —  сырттан әкелінген, 16,8%-ы  — ауру адаммен қарым-қатынаста болғандар, 81,4%-ы —   жергілікті жағдайлар, оның ішінде 23,7%-ы — профилактикалық мақсатта тексерілгендер. ​​Қазіргі таңда үй карантинінде 1470 адам бар, олар толық медициналық бақылауда, — деді Н.Беркімбаева.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, соңғы тәулікте өкпе қабынуымен 4 адам тіркелген. Қазір ауруханаларда қауіпті індет жұқтырған 173 адам ем алып жатыр екен. Оның 129-ы — облыс орталығында, 44-і аудандарда емделіп жатыр. 16 адам жансақтау бөлімінде.

— Оның 15-і —  Ақтөбе қаласында, 3 адам — жасанды желдету аппаратына, 6 адам өкпені инвазивтік желдету аппаратына қосылған. Бүгінде 40 бала дәрігерлердің бақылауында, 7 бала стационарлық ем алып жатыр. 15 жүкті әйел бақылауда, оның алтауы стационарлық ем алып жатыр.  Жалпы, стационарлардағы кереуеттердің 40 пайызы, жансақтау бөліміндегі кереуеттердің 23,2 пайызы толды. Өңірдегі ПТР-тестін жасайтын 11 зертханада індет басталғалы 665 247 тест алынды. Ақпан айынан бастап облысқа 300 мыңнан астам вакцина әкелінді. Бүгінге дейін облыста 131 507 адам екпенің — бірінші, 81 364 адам екінші компонентімен егілді. Облыста 25 маусымнан бастап «Екпе ал да, автокөлік ұтып ал!» деген науқан басталды. Екпе алып, денсаулығыңызды жақсартып, науқанды ұтымды пайдалануға шақырамын. Екі автокөлік, басқа да бағалы заттар тігіліп отыр, —  деді ол.

Облыста 623 кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, олардың 623-іне QR-код жүктелген. Жобаға қатысушы нысандар қызмет салаларын қамтып отыр.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, бағдарлама енгізілгеннен бастап «Ashyq» жобасы арқылы «сары» статусы бар 99 адам және «қызыл» статусы бар 26 адам анықталған. 24-30 маусым аралығында «қызыл» статусымен 2 және  «сары» статусымен 9 адам анықталды.

—«Сары» статусы бар 35 тұлғаға қалалық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шығарылды. «Қызыл» статусы бар бір адамға «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 425-бабы 1-тармағы бойынша айыппұл салынды, — деді Н.Беркімбаева.

30 маусым күні облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Ақтөбе облысының тұрғындары арасында коронавирус инфекциясының алдын алу

жөніндегі шектеу карантиндік шараларды күшейту туралы» қаулысы шыққан болатын. Н.Беркімбаева осы қаулыға қатысты облыстық Кәсіпкерлер палатасы алаңында кәсіпкерлермен кездесу өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілгендігін айтты.

— Жаңа қаулыға сәйкес, кейбір нысандар — сауда орталықтары, сауда үйлері, дүкендер, ашық, жабық базарлар —  барлығы да сенбі-жексенбі күндері жұмыс істемейді. Жағажайлардың жұмысына қатысты мәселе қарастырылып жатыр, егер олар «Ashyq» жобасына қатысатын болса, бағдарлама бойынша жұмыс істей алады, — деді Н.Беркімбаева.

1 шілде күні Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың да жаңа қаулысы жарияланды. Жаңа қаулыға сәйкес кейбір ұйымдардың қызметкерлері вакцина алуға міндеттелді. Нақтырақ айтқанда, қызмет көрсету нысандарының, халық тұтынатын өнімдердің және тауарлардың көтерме және бөлшек саудасы (сақтау) объектілерінің, мәдениет және демалыс объектілерінің, халықтың тұруы бойынша қызметтер көрсету саласындағы объектілердің, жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ұйымдардың,  білім беру және тәрбиелеу ұйымдарының,  санаторий-курорттық және сауықтыру мақсатындағы объектілердің, қоғамдық тамақтану объектілерінің, барлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік объектілердің, денсаулық сақтау ұйымдарының, дәріхана ұйымдарының, тіршілікті қамтамасыз ету және коммуналдық шаруашылық объектілерінің, экскурсиялық қызмет көрсететін ұйымдардың, демалыс объектілерінің, ойын-сауық ойын объектілерінің, байланыс және телекоммуникация объектілерінің қызметкерлері вакцина алуға міндетті, егер алмаған жағдайда күндізгі режимде жұмыс істей алмайды. Ал вакцина алмаған қызметкерлер 7 күнде 1 рет міндетті түрде ПТР-тестілеуден өтуі керек.

Олар 15 шілдеге дейін  (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) вакцинаның бірінші компонентін, ал 15 тамызға дейін екінші компонентін алуға тиіс.

— Жеті күнде бір рет ПТР-тестін тапсыру ақысын жұмыс беруші өзі төлей ме, қызметкер өзі төлей ме — оны мекеме өзі шешеді. Барлық санитарлық талаптар сақталуға тиіс. Вакцина алған-алмағаныңызға қарамастан, бетперде тағып жүру, антисептик пайдалануыңыз керек. Шектеу шараларын орындамасақ, «қызыл аймаққа» кіріп кетуіміз мүмкін, — деді Н.Беркімбаева.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button