Мереке

Елбасы бағытының сабақтастығы — Қазақстанның жарқын болашағының кепілі

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, мемлекет қайраткері

Қазақстан тәуелсіздігінің өткен отыз жылдық дамуын объективті талдау айқын қорытындылар жасатады: Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын жалғастыруды қамтамасыз ету біз үшін өте маңызды. Біздің мемлекетіміздің ұзақ мерзімді перспективадағы табысы көбінесе Елбасының қазақстандық егемендіктің негізі ретінде алған: экономикалық прагматизм мен ашықтық, инвестициялар тарту және интеграциялық процестер, бітімгершілік пен көп векторлылық, ішкі бірлік пен келісім, индустрияландыру және әлеуметтік бағдарлану, цифрландыру және инновациялық технологияларды енгізу сияқты басты элементтермен айқындалатын болады. Мұның бәрі елдің одан әрі серпінді өсуінің факторлары болып табылады. Біз болашақта да, әлі көптеген жылдар бойы Тұңғыш Президенттің экономикалық, саяси, әлеуметтік-мәдени салаларда қабылдаған күрделі шешімдерінің оң әсерлері мен нәтижелерін көретін боламыз. Бұл ретте мемлекетіміздің алға басуын, өзекті міндеттерді тиімді шешуді және дамудың жаңа деңгейіне шығуды қамтамасыз ете отырып, барлық осы стратегиялық басымдықтарды сақтау аса маңызды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев — жасампаз көшбасшы екендігін және оның ғаламат энергиясы біздің тәуелсіздігіміздің, экономикамыздың, халықаралық қатынастарымыздың, жаңа елордамыз бен өңірлердің дамуының іргетасына айналғанын ерекше атап өту қажет. Яғни өткен отыз жылдың барлық басты жетістіктері Елбасының есімімен тікелей байланысты. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы әрқашан біздің ұлтымыздың Көшбасшысы, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, біздің қазіргі мемлекеттілігіміздің символы, әлемдік ауқымдағы саясаткер болып қала береді. Басқарушылар мен мемлекеттік қызметшілердің тұтас бір шоғырының міндеті — осы табысты, жетістікті қазақстандық жолды жалғастыру болып табылады.

Сонымен қатар алдағы жылдары Қазақстанға Елбасының саяси тәжірибесі, халықаралық беделі, білімі мен даналығы қажет болады деген сенімдемін. Мен бұл туралы басқа мемлекеттік қызметшілермен және басқарушылармен қатар, жас кезінен бастап Тұңғыш Президенттің жанында жұмыс істеген, оның үлкен мектебінен өткен адам ретінде айта аламын. Мен үшін оған көмектесуге, жаңа нәрсені үйренуге тырысу үлкен мәртебе болды. Тұңғыш Президенттің жанында еңбек ету — ерекше жауапкершілік, бұл әрқашан жаңа міндеттер және өзіңе қойылған меженің әрдайым жоғарылай түсуі. Осы аса биік талаптарға сай болу үшін тынымсыз даму керек және ешқашан тоқтап қалмау керек. Мен және менің көптеген әріптестерім Елбасының сенімін ақтау, оның лайықты көмекшісі болу, барлық негізгі стратегиялық міндеттерді іске асыру үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Солай бола тұра, Нұрсұлтан Әбішұлының жанында жұмыс істеу өте жайлы, өйткені асқан талапшылдықпен бірге ол әрқашан адами қарым-қатынастарды сақтайды, тәжірибелі қызметкерлерге де, жастарға да жылулықпен әрі түсіністікпен қарайды. Біз оның қолдауын сездік және осы күнге дейін сезінудеміз. Елбасының қасында ортақ міндеттерді шешуге қатыса жүріп, біз нағыз өмір мектебінен өттік, оған қарап бой түзеп, кәсіби тұрғыда өстік. Сондықтан біз өзімізді Тұңғыш Президенттің шәкірттеріміз, Нұрсұлтан Әбішұлының бағытын одан әрі қамтамасыз етіп, оның ел мен мемлекеттік аппараттың алдына қойған барлық міндеттерін жүзеге асырушылармыз деп мақтанышпен айта аламыз. Біз керемет тәжірибесі үшін оған ризамыз және, атап өткенімдей, Елбасының аса көрнекті саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету және ұлтымыз ұмтылған және армандаған барлық тарихи шыңдарға қол жеткіземіз деген мақсатымыз өзгеріссіз қалады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button