Мереке

Жұлдыздарға қайта оралу

Айдын АЙЫМБЕТОВ,

қазақстандық ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы

Менің жұлдыздарға апаратын жолым өзім күткеннен ұзағырақ болды. Бірақ алғашқы ұшу сапарымның тоқтатылғанына қарамастан, мен ол сапардың міндетті түрде болатынына сендім. 2009 жылы әлемдік қаржылық экономикалық дағдарыс басталды, соның салдарынан республикалық бюджеттің шығыстарын қысқартып, ұшуды жақсы кезеңдерге ауыстыру туралы шешім қабылданды. Осы уақыт ішінде мен, әрине, Қазақстанда болдым, ұшуға дайындық кезінде алған білімім мен дағдыларымды қолданып, «Қазғарыш» құрылымында жұмыс істеп жүрдім. 2015 жылы біз Қазақстанның өз ғарышкерін ғарышқа жіберу мүмкіндігі пайда болғаны туралы қуанышты жаңалықты естідік. Сонда мен отандық ғарыш саласының алға қойған мақсатына жеткеніне қатты қуандым. Әрине, бұл, ең алдымен, Елбасымыз — Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы мақтанышпен: «Әлемнің көптеген мемлекеттерінің ішінде Қазақстан өз ғарышкерлерін ғарышқа жіберу мүмкіндігі бар санаулы мемлекеттердің бірі болып табылады», — дегені есімде. Бұл біздің халқымыз үшін зор қуаныш пен мақтаныш сезімі еді.

Егер өткенді аздап еске алатын болсақ, мен 2005 жылы алғаш рет Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болдым. Алматыға ғарышкерлер отрядының командирі Юрий Лончаковпен бірге ұшып келдім, айтпақшы ол Балқашта туып-өскен, бірақ қазір Ресей азаматы. Нұрсұлтан Назарбаев дайындық барысына, денсаулығымыздың жай-күйіне қызығушылық танытты. Мен үшін мұндай ұлы адаммен кездесу, әрине, аса әсерлі еді. Содан ба, қатты уайымдадым, ал ол болса қарапайым қалпын сақтап, таза адами тілде: «Ал сіздің дайындығыңыз қалай өтіп жатыр?» — деп сұрады. Ол бізге сәттілік, одан әрі табысқа жетуімізді тілеп, қолымызды қысты. Осындай қарапайым адами қарым-қатынас бойыма көп қуат берді. 2015 жылы біз ақыры ғарышқа ұштық. Ұшу сапарымыз өте сәтті өтті. Ғарыштық зерттеулердің алтыншы ғылыми бағдарламасы жасалды, оны ұзақ уақыт бойы Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының ғалымдары арнайы әзірлеген болатын. Мен орындаған алтыншы бағдарлама ерекше еді. Өйткені онда біздің қазақстандық университеттер ғалымдары студенттермен бірлесіп әзірлеген элементтер болды. Осылайша, біздің жас ғалымдар ғарышты игеруге өз үлестерін қосты. Мәселе мынада: өз көзқарастарына, теорияларына сенімді ғалымдар бар, сонымен бірге бәріне күмәндана қарайтын, тәуекелге баруға, жаңа эксперименттер жүргізуге дайын жастар бар. Біреулер: «Бізге мұны істеудің қажеті жоқ» дейді, ал жас адам: «Жасап көрейік!» деп тәуекелге бел буады да, мүлдем басқа, серпінді нәтижелерге қол жеткізеді. Сондықтан да маған қазақстандық ғалымдардың заманауи генерациясы іске қосқан жобалармен жұмыс істеу өте қызықты болды. Ұшу нанотехнологиялардың, биомедицинаның, жеңіл өнеркәсіптің дамуына серпін берді. Менің ғарышта жасаған тәжірибелерім біздің өмір-тіршілігіміздің көптеген салаларына қатысты болды. Сонымен қатар мынадай бірегей ерекшелікті атап өткім келеді: тек біздің Тұңғыш Президентіміз ғана отандық ғарышкерлерді өзі қарсы алатын. Мұндай қадам оның ғарышты бағындырушыларға деген ерекше құрметін көрсетеді. Жерге қонғаннан кейін әңгімелесе бастағанда, ол бізбен ұзақ сапардан оралған ұлдарымен қауышқан әкедей сөйлесіп, әуелі жай-күйімізге, денсаулығымызға назар аударатын. Елбасы, мемлекеттің бірінші тұлғасының сен үшін толқып, жағдайыңа алаңдап отыруы адамға керемет әсер етіп, қанаттандырады екен. Біз, экипаж мүшелері түгелдей, Нұрсұлтан Әбішұлының алдында отырдық және ол ең алдымен хал-жағдайымызды біліп, жұмысты әрі қарай жалғастыра аламыз ба, денсаулығымыз сыр берген жоқ па деген қамқорлыққа толы сұрақтар қойды. Мұндай қатынас өте терең құрмет сезімін тудырады және Елбасымыздың қаншалықты адамгершілігі мол әрі сезімтал жан екенін көрсетеді. Содан кейін Мемлекет басшысы біздің миссиямыз үшін қалай уайымдағанын және ұзақ үзілістен кейін үшінші қазақстандық ғарышкерді орбитаға жіберудің еліміз үшін қаншалықты маңызды болғанын айтты. Мен өз кезегімде осындай сенім артқаны үшін Президентке және бүкіл халыққа алғысымды білдіріп, қазақстандық ғылыми бағдарламаның орындалғанын баяндадым. Туған елімнің Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен өзінің ғарыштық әлеуетін арттыруды жалғастырып келе жатқанына өте қуаныштымын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button