Мереке

Тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштерін құру

Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,

мемлекеттік және әскери қайраткер, Халық Қаһарманы, армия генералы

Мен Кеңес Армиясының соңғы Бүкілодақтық офицерлер жиналысының қатысушысы болдым. Ол кезде қиын және қауіпті жағдай туындады: Кеңес Одағы жоқ, бірақ кеңес әскері бар. Бұл жиналыста бұдан әрі не болатынын ешкім нақты айта алмады. Ядролық қаруы бар әскерді кім басқаратыны белгісіз болды. КСРО-ның соңғы Қорғаныс министрі Е.Шапошников «тығырыққа» тірелді. Жиналысқа қатысушылар мәселелердің шешімін таба алмай, ТМД елдерінің президенттерінен ағымдағы жағдай бойынша түсініктеме беруді талап етті. Біз, Кремльдегі Конгресс сарайында бес мың генерал мен полковник болып жиналып, оларды ұзақ күттік. Кеңес әскері мен оның қару-жарағын не күтіп тұрғанын түсіну бәрімізге маңызды болды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тарих қалай жасалды» арнайы тележобасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен барып жағдайды түсіндіріп, оларды тыныштыққа шақыру керек деп айттым», — деген сөздерін еске алды. Украина Президенті: «Жоқ, бармаймын», — деді. Жағдай қиындай бастады. Н.Ә.Назарбаев пен Б.Н.Ельцин Сарайға келгенде, залдың іші әскери адамдарға толы еді. Президиумда үш адам болды. Е.Шапошников жиналысты жалғастыруға тырысты, бірақ оны ешкім тыңдамады. Соңында ол президиумнан шығып кетті. Тек көп жыл өткен соң ғана оның дәрменсіздігін түсінуге болады. Қорғаныс министрі генералдарын тастап, залдан шығып кетті. Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы оны қуып жетіп, орнына қайтарды. Барлығы Борис Ельцин сөз сөйлейді деп күтті. Алайда трибунаға Н.Ә.Назарбаев көтеріліп, дәлелді сөз сөйлеп, тыңғылықты түсініктемелер берді. Сол кезде мен Елбасын алғаш рет көрдім. Мені ерекше қуаныш сезімі баурап алды. Туындаған жағдайды қайта қарастыра отырып, біз оның өте қауіпті екенін түсінеміз: ядролық қару — өзінің қожайынынсыз, әскер Бас қолбасшысыз қалды. Менің ойымша, сол кезде бүкіл әлем дүр сілкінді.

Жаңа мемлекет құру және реформалар жүргізу үшін сенімді әскери жүйе құру қажет болды. Сондықтан тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекет маңызды міндеттердің бірі ретінде елдің егемендігін, аумақтық тұтастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қорғауға қабілетті әскер құруға ерекше назар аударды. Бұл бағыт әрдайым Елбасының ерекше назарында болды. Мен сол уақыттағы қиыншылықтардың барлығын тізімдей алмаймын, бірақ дәйекті болу үшін олардың бірнешеуін атап өтемін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әскери басшылықтың көптеген өкілдері Қазақстаннан тарихи отанына кетті, ал кәсіби білікті мамандар арамызда аз қалды. Мен Түрікменстандағы әскери қызметімде жүргенімде, бірнеше рет өз Отаныма ауысуды өтіндім, бірақ сәйкес лауазым болмады. Соңында, бақытымызға қарай, біздің ата-бабаларымыз армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол кезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Отаннан алыс орналасқан Қазақ әскери күштерін шұғыл жинау туралы тапсырма берді. Осының арқасында 1992 жылы Қазақстанға оралдым. Алдымен, мен корпус командирі болып тағайындалдым, бірақ біраз уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов әбден тозығы жетіп тұрған Әскери әуе күштерін басқаруды ұсынды. Сағадат Қожахметұлының ұсынысынан мен бірнеше рет бас тарттым, бірақ кейін Елбасының өзі шақырып, осы жауапты жұмысты маған жүктеді. Қазақстанның дербес әскерінің құрылған жылдары өте күрделі кезең болды. 1992 жылғы 8 мамырда маған қоңырау шалынып, шұғыл арада Алматыдағы резиденцияға шақырту алдым. Мен ол кезде корпус командирі едім, резиденцияға келдім, сол жерде С.Нұрмағамбетов те болды. «Сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп жеттім» деп баяндадым, «Сіздер бұл жерге Президенттің бұйрығы бойынша шақыртылдыңыздар» деді. Бұл жерде не болып жатқанын түсінбей, елу минуттай отырдық. Бір сағаттан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы шығып: «ТМД енді жоқ, Біріккен ортақ әскер жоқ, Ресей Президенті Борис Ельцин Ресей Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды», — деді. Қазақстан Президенті біздің көз алдымызда «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Кеңес Одағының үлкен әскері құрдымға кетті және өз әскеріміздің тарихы басталды. Елбасы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі етіп Сағадат Нұрмағамбетовті тағайындады және оған генерал-полковник атағын берді. Қазақстанда қорғаныс саласының құқықтық негізі қаланды. Сонымен қатар сол жылдары әскери салада жедел шешімді талап ететін көптеген өзекті мәселелер болды. Ыдыраған КСРО құрамынан біздің әскерлерімізді шығару және Қазақстанның юрисдикциясына ауыстыру шарттарында әскерлердің жауынгерлік әзірлігін төмендетуге жол бермей, қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдар мен базалардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір тұрды. Дербес әскери құрылыс тәжірибесінің жоқтығына және өтпелі кезеңнің қиындығына қарамастан, Жоғарғы Бас қолбасшының тікелей басшылығымен біз қысқа мерзім ішінде өзіміздің Қарулы Күштерімізді құра алдық. Бұл — тәуелсіздік шежіресіне жазылған тарихи ақиқат.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button