Мереке

Қатарласа жүрген отыз жыл

Роза РЫМБАЕВА,

Қазақстанның халық артисі

Ел Тәуелсіздігіне қол жеткен аса қиын кез: алғашқы күндер мен айлар есімде өте жақсы сақталған. Бұл кезең менің жеке басымдағы, өмірімде терең із қалдырған оқиғалармен тығыз байланысты. Бір жағынан, 1991 жылдың 22 шілдесінде менің тұңғышым Әли дүниеге келді. Екінші жағынан, ұлым дүниеге келгеннен кейін бір айдан соң, Мәскеуде мемлекеттік төңкеріске әкеліп, балаларымыздың болашағы үшін үлкен алаңдаушылық сезімін тудырған тамыз дүрбелеңі басталды. Қолымда жаңа туған сәбиім бар, ал тікелей эфирден танкілердің Ақ үйді атқылап жатқанын көрсетіп жатты. Басты уайымымыз соғыс болмаса екен деген тілекке саятын. Бақытымызға қарай, Қазақстанда жаңа дәуірге көшу бейбіт жолмен өтті. Бірақ, бәлкім, біздің ешқайсысымыз да алдымызда қандай қиын сынақтар күтіп тұрғанын әлі толық түсінбеген шығармыз — еліміз өз экономикасын құрып, өндірісті қалпына келтіріп, жұмыссыздықты азайтып, басқа мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуды басынан бастап жолға қоюы керек еді.

Ол кезде біз балаларымыз аштық пен жайсыздықты сезінбеуі үшін, ешкім біздің буын сынаққа төзбеді деп айтпауы үшін барынша тырысып бақтық, бәріміз шаршамай, талмай жұмыс істедік. Осы кезеңде біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзін нағыз көшбасшы және мықты адам ретінде көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлымен біз кеңес дәуірінен бері таныс едік, бірақ 1991 жылы 10 желтоқсанда Республика сарайында өткен оның алғашқы ұлықтау рәсімі мәңгі есте қалды. Ол кезде мен әлі де декреттік демалыста едім, бірақ басқа құрметті қонақтар сияқты салтанатты іс-шараға шақыру алдым. Үлкен жиында Жоғарғы Кеңес депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, ақсақалдар, белгілі мәдениет қайраткерлері көп болды. Онда мұндай оқиғаның алғаш өткізілуі, бәрі: «Бұдан кейін не болады? Жаңа үкімет, жаңа заңнамалық және жергілікті органдар қалай жұмыс істейтін болады, біздің өмірлік нормаларымыз қандай болады?» деп ойлап жүр еді. Бәрі қызықты және аса толқулы жағдайлар болатын! Әрине, бізге жас Қазақстанның осы жаһандық дағдарыста өз бетінше қалай аман қалатынын түсінуіміз керек еді. Сол бір тарихи сәтте Елбасы біздің көңілімізге барлық қиыншылықты еңсеретінімізге деген сенім ұялатты. Көп ұзамай біздің халқымыз өз Туын, Елтаңбасын және Әнұранын бекітті, шекарамызды белгілеп, жаңа астанасын салды. Астанамыз жаңа жерге көшіріліп жатқан тұста Нұрсұлтан Әбішұлының маған: «Роза, мүмкін сен де Астанаға көшерсің? Мұнда үнемі концерттер беретін боласың!» — дегені есімде. Содан бері мен Алматыда тұрсам да, апта сайын дерлік — концерт қою, эфирге шығу үшін, дәріс оқу үшін, форумдарға, қоғамдық іс-шараларға қатысу үшін елордада болып тұрамын. Мұнда «Астана Опера», Бейбітшілік және келісім сарайы, «Қазақстан» киноконцерт залы және басқа да көптеген тамаша мәдениет объектілері менің көз алдымда бой көтерді. Айта кетейін, Нұр-Сұлтандағы әрбір үлкен концерттен кейін сахнаға Елбасының атынан раушан гүлдері шығарылады. Өзі іс-шараларға қатысқан кезде, сахнаға шығып, қойылым үшін ризашылығын білдіреді, бұл — әр артист үшін ерекше қымбат сәттер, өзіңе деген зор ықылас пен қамқорлықтың белгісі. Тұтастай алғанда, өткен 30 жыл ішіндегі біздің дамуымызбен, қазақстандықтардың жаңа ұрпақтарының өмір сүру деңгейімен, тәуелсіз елдің қалыптасуымен байланысты барлық жетістіктер — бұл біздің Елбасының еңбегі. Біздің бүгінгі өмір сүру жағдайымыз бен Қазақстан Тәуелсіздігі бастау алған кезеңдегі жағдайымыздың арасындағы айырмашылық жер мен көктей.

Дұрыс таңдалған бағыт, нақты стратегиялық бағдарламалар, жас еліміздің барлық азаматтарының күш-жігерлерін топтастырып, жинақталуы Қазақстанның табысқа жетуіне көмектесті.

Бүгін біздің ақылды, зияткер жастарымызға, Тәуелсіздіктің нағыз құрдасы ұлым Әлиге қарай отырып, осы жылдар ішінде қандай жолдан өткенімізді, Қазақстанның еңсесін асқақ көтеріп, халықаралық қоғамдастыққа сенімді түрде кіруі үшін Тұңғыш Президенттің қандай ұлы істер атқарғанын түсіну зор мақтанышқа бөлейді. Бұлай істеу екінің бірінің қолынан келмес еді — ол үшін керемет дарынды, өзіне баурап, соңына ерте алатын мықты көшбасшы болуы керек. Біздің Елбасы дәл осындай — бүкіл әлем құрметтейтін өз халқының сүйікті ұлы. Шығармашылық жолымда еліміздегі және шетелдегі Нұрсұлтан Әбішұлы қатысқан көптеген мәдени іс-шараларда өнер көрсеттім. Сондайда, ол мені көрген сайын, жылдарды өзгерте отырып, әрдайым: «Роза, екеуміз 30 жыл бойы қатарласа келе жатырмыз», — дейді. Бұлай Елбасымен қатар бағытпен жүру — мен үшін зор құрмет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button