Басты жаңалықтарДенсаулық

Вакцина: ақтөбеліктер пікірі

Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде вакциналау жұмыстарының жүргізіліп жатқаны белгілі. Ақтөбеде де бұл көктем айларынан бері іске асырылып келеді. Ал тұрғындар бұл туралы не айтады? Сөз тізгінін өздеріне берсек…

Басты байлық бәрінен қымбат

Жаңабай ҚАЛЕКЕШОВ,

Темір ауданының тұрғыны, зейнеткер:

— Жасым — 87-де. Алтықарасу ауылында тұрамын. Елді мекенге келген көшпелі-мобильді көлікке барып, өзімнің денсаулығым үшін вакцина қабылдадым. Коронавирус инфекциясына қарсы тұратын екпе бұл.

Менің ойымша, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан дүние ғой. Көпшілігі қабылдап жатыр. Мен де өзгелерге зиянымды тигізбейін деп осындай қадамға бардым. Шүкір, ешқандай кері әсері байқалмады.

Адамның жасы үлкейген сайын денсаулығы нашарлай береді екен. Соны бір қалыпта ұстап қалу — басты мақсат. Амандықтан асқан байлық жоқ қой.

Қазақ халқы басынан түрлі зұлматты, соғысты өткерді. Осы кеселден де аман-есен өтерміз деген үміттемін. Тек сақтанып жүрсек болды.

Үкімет өтірік айтпайтын шығар

Жайнагүл ҚАЙРАЛАПОВА,

Ақтөбе қалалық техникалық шығармашылық орталығының әдіскері:

— Өзімнің тұрғылықты мекенжайым бойынша Ақтөбе қаласындағы №1 емханада екпе алдым. Бұны мен әу бастан қалыпты құбылыс ретінде қабылдадым. Анау айтқандай уайым болмады. Бәрі өзімнің денсаулығым үшін ғой. Дінде де адамның сақтану керектігі жөнінде айтылады ғой, сондықтан бұл дұрыс амал деп ойлаймын. Ең бастысы, Үкіметтің өзі осы іске шақырып жатыр. Олар өтірік айтпайтын шығар. Соның бәрін ескере келе, вакцина алғаным жөн деп таптым.

Денсаулық — Алланың берген аманаты. Қолдан келгенше соған қиянат жасамайық дегім келеді.

Үш түрін ұсынды

Мұхамбетәли ДІЛДИН,

Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының қызметкері:

— Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты вакцина алуға тура келді. Өйткені ахуал әлі де тұрақталған жоқ. Қанша адам ауырып, тіпті қайтыс боп кетіп жатыр… Сондықтан не де болса екпе алайын деп 18 мамыр күні емханаға бардым. Дәрігерлер бәрін сұрап, денсаулығым қалыпты болған соң вакцина салды. Әуелі өзіміздің елімізде, Ресейде және Қытайда шығарылған вакцинаны ұсынды. Мен екіншісін таңдадым. Кейін учаскелік дәрігерім хабарласып, жағдайымды сұрады. Аздап қолым ұйыды, бірақ жалпы жағдайым дұрыс.

Рас, таныстарымның арасында вакцина алма дегендер де болды. Түрлі оқиғаларды айтады. Бірақ әр адам денсаулығына өзі жауап береді ғой. Сондықтан ешкімге ештеңе айтпаймын, үгіттеу не қаралау ойымда жоқ.

Екінші компонентін 2 шілде күні алғалы отырмын.

Балаларым үшін алдым

Әсел ЖОЛДЫБАЙ,

облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері:

— Вакцинаны толық салдырдым. Екіншісін жуырда ғана алдым. Өзім 4 баланың анасы болғандықтан, жан-жағымдағылардың денсаулығын ойлаймын.

Қалаға қарасты Өрлеу ауылындағы емханада ақ халаттылар алдымен қан қысымымды өлшеп, бәрін сұрастырып барып екпе салды. Олардың еңбегіне  ризамын. Ешқандай ауырсыну сезілмеді.

Денсаулыққа жас кезден мән беру керек

Жайық АЙСҰЛТАНҰЛЫ,

Байғанин аудандық әкімдігінің қызметкері:

— 8 және 29 сәуір күндері Байғанин ауданының орталығындағы ауруханада вакцинаның екі компонентін қабылдадым. Алдын ала бұл медициналық процедура туралы білгесін ешқандай сұрақ болмады. Мамандар да жылы қабылдап, ешқандай залалы жоқтығын айтты. Барлығы ойдағыдай өтті.

Жас жігіт болғасын денсаулыққа қазірден мән беру керек деп есептеймін. Сондықтан әріптестеріммен бірге осылай жасауды жөн көрдім.

Коронавирусты жеңеміз!

Гүлмира САРҚҰЛОВА,

облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері:

 — Маусым айында күйеуім екеуміз «Спутник V» вакцинасын алдық. Бұл — үйдегі қарттарымыз бен балаларымызды ауру-сырқаудан сақтау үшін жасалып отырған амал. Өйткені екеуміз де қызметтеміз. Жұмыс барысында, сыртта неше түрлі адамдармен сөйлесеміз… Сондықтан «Сақтансаң — сақтайды» демекші, екпе алуға шешім қабылдадық.

№4 қалалық емханаға енді 16 шілде күні екінші екпені алу үшін барамын. Жағдайым бірқалыпты, ешқандай ауытқу болған жоқ. Ержетіп қалған балаларымыз да алғалы отыр. Сөз соңында біз коронавирусты жұдырық болып жұмылғанда ғана жеңетінімізді айтсам деймін. Бәрі өзіміздің қолымызда…

 Ресми органдардың сөзіне сенемін

 Жаңалық АХАШ,

«КТК» телеарнасының өңірдегі тілшісі:

— Осыдан 1 ай бұрын өзімнің тұрғылықты жерімдегі ауруханаға вакцина алайын деп барғанымда, дәрігерлер үйге қайтарып жіберді. Қан қысымым көтеріліп тұр екен. Содан 25 маусымда ғана реті келді. Қарғалы елді мекенінде «Hayat-Vax» вакцинасын алдым. Даналық інім екеуміз бардық.

Екпені бала туғаннан бастап алады ғой. Бұдан да қорқудың қажеті жоқ. Өсек-аяңға сенбеңіздер дегім келеді. Неге десеңіз, министрліктің ресми өкілдерінің өзі айтып жатыр. Илануға болады.

Шүкір, жағдайым жақсы. Журналистің жұмысын білесіз, бірден түсірілімге кетіп қалдық.

Қорықпау қажет…

Гүлсайран ТӨЛЕГЕНОВА,

Ақтөбе қаласындағы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы:

— Ел арасында вакцина туралы пікірлер әрқилы. Теріс пікірлерге мүлде мән бермедім. Өйткені бұрыннан-ақ алуға ниеттеніп жүрдім. Сөйтіп, 23 маусымда №4 қалалық емханасында егілдім. Ешқандай жағымсыз әсері байқалмады. Тек екпе салған оң қолым ауырлағандай күй кештім. Екінші кезеңін алдағы айда аламын.

Халықтың бір өкілі ретінде ештеңеден қорықпауға шақырамын. Бірақ таңдау еркі — өздеріңізде. Өз басым ешкімнің айтуынсыз, қалауыммен вакцина алдым.

Таңдауым «Спутник V»-ге түсті

Сәкен ДАРЖАНОВ,

облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бас маманы:

— Өңірімізде наурыз айынан бері вакциналау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашында екіұдай күйде болып, біраз ойландым. Кейіннен ағаларым мен достарым екпе алып жатқасын қалыс қалмайын дедім. Осы маусым айының басында айналдырған 10 минутта вакцина қабылдадым. Таңдауым «Спутник V» вакцинасына түсті. Дәрігерлер айтқандай, шынымен алғашқы 1-2 күнде басым ауырып, өзімді әлсіз сезіндім. Кейін бәрі қалпына келді.

Меніңше, денсаулықта кінәрат болмаса, алғанда тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен әркім бұны өзі шешеді.

Мүмкіндікті мүлт жібермейік

Қайрат ЕСЕНЖОЛОВ,

Ақтөбе қаласы әкімі аппаратының бас маманы:

— «Медикус» медицина орталығында вакцинаның екі компонентін де қабылдап үлгердім. Екпеден кейінгі жағдайым жақсы.

Қазіргі таңда мемлекет әлемдегі жағдайды ескере отырып, вакцинаны жұртшылыққа тегін салып жатыр.  Соны пайдалану керек деп ойлаймын. Бұның маңызы зор. Сондай-ақ, оқырмандарды құнарлы тағамдарды жеп, иммунитетті көтеруге шақырамын. Спортпен айналысып, мейлінше салауатты өмір салтын ұстанайық.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button