Басты жаңалықтар

Ақтөбеде ауданаралық әкімшілік сот ашылды

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласында алғаш рет облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ашылды.

Шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімі жиналғандарды жаңа әкімшілік соттың ашылуымен құттықтап, бұл мекеменің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы маңыздылығына тоқталды.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын жүзеге асыру мақсатында бірінші кезекте азаматтардың өтініштерін заң аясында сапалы қарау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын.

Осыған орай заңнама жобасы әзірленді және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіліп отыр.Бүгінде өтініш білдіру тәртібін жеңілдету үшін және бақылауды жақсартуға арналған «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Осы жүйемен жұмыс жасау үшін екі ай ішінде жергілікті атқарушы органдардың 2439 қызметкері оқытудан өтті. Сондай-ақ өтініш берушілер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында халыққа қызмет көрсету орталықтарының базасында 16 фронт кеңсе жұмысын бастады, — деген облыс әкімі жаңа әкімшілік Кодекстің мемлекеттік органдар азаматтардың өтініштерін тиімді, уақытылы және сапалы қарауына ықпал ететініне сенім білдірді.

Бұдан кейін шарада сөз сөйлеген облыстық сот төрағасы Асламбек Мерғалиев әкімшілік сот жария-құқықтық қатынастардан туындайтын, яғни мемлекеттік органдар, азаматтар мен заңды тұлғалар арасындағы дауларды шешуге бағытталғанын жеткізді.

— Қазіргі таңда өңірде жасөспірімдердің құқықтары медиаторлардың, психологтардың қатысуымен шешіліп, мамандандырылған қылмыстық сотта қоғамның қатысуымен алқа билер аса ауыр қылмыстың кейбір сатыларын қарап жатыр. Сонымен қатар мамандандырылған тергеу сотында прокурордың қадағалауымен бірге сот бақылауының арқасында келіп түскен тергеу амалдары бойынша шағымдар азайып, азаматтардың құқығын қорғауда қыруар жұмыстар жасалуда. Ал өңірдегі мамандандырылған экономикалық сотының мамандары еліміздің даму жолында, дағдарысқа қарсы өздерінің кәсіптік шеберліктерін көрсете білді. Бүгін, міне, мамандандырылған әкімшілік соты ашылып отыр. Бұл сот бүгіннен бастап қолданысқа енгізілген заң аясында жұмыс жасайтын болады, — деді А.Мерғалиев.

Шарада сондай-ақ облыстық сот ардагерлері кеңесінің төрағасы Қыпшақ Байжанов, облыстық сот жанындағы соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы, отставкадағы судья Балтабай Сабыровтар сөз сөйлеп, жаңадан ашылған соттың жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін Асламбек Мерғалиев пен Балтабай Сабыров жаңа сот ғимаратының лентасын қиды.

Айта кету керек, әкімшілік сот мемлекеттік қызмет көрсетудің барлық заманауи стандарттарын ескере отырып, технологиялық инфрақұрылыммен жабдықталған. Онда

ақпарат орталығы, кіріс кеңсесі және өзіне-өзі қызмет көрсету орталығынан тұратын фронт-кеңсе жұмыс жасайды. Сонымен қатар мұнда медиаторлар, адвокаттар мен прокурорларға арналған жеке кабинеттер де бар.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button