Жаңалықтар

Тұтынушылар құқығын мемлекеттік органдар бірлесе қорғайды

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ж.Иманқұловтың төрағалығымен тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі салааралық жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.

Ж.Иманқұловтың айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі салааралық жұмыс тобы былтыр облыс әкімінің өкімімен құрылған. Облыс әкімдігі жанындағы консультативті-кеңесші орган болып есептелетін жұмыс тобының құрамына мемлекеттік органдар өкілдері, депутаттар, Ақтөбе облысының кәсіпкерлік палатасы,   қоғамдық ұйымдар басшылары енгізілген.

— Салааралық жұмыс тобының мақсаты — мемлекеттік органдардың, азаматтық сектор өкілдерінің, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар, қоғам қайраткерлері мен тұрғындарды тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған  тауарлармен (жұмысты орындау мен қызмет көрсетумен) қамтамасыз етуде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға күш біріктіру, мемлекеттік органдар мен тұрғындардың қарым-қатынасын жеңілдету және  қоғамның барлық саласында тұрғындарды қолжетімді сапалы тауарлармен (жұмысты орындаумен мен қызмет көрсетумен) қамтамасыз ету, — деді ол.

Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ж.Алдашевтің айтуынша,  тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі салааралық жұмыс тобының құрылуы тұтынушылар үшін де, мемлекеттік органдар үшін де тиімді болмақ.

— Осындай орган Үкімет жанынан да ашылайын деп жатыр. Ол кеңесші органның құрамына Қорғаныс министрлігінен басқа барлық министрліктер өкілдері енгізілмек. Ал өңірлер арасында  мұндай топ бірінші боп Ақтөбеде ашылып отыр. Жалпы,

тұтынушылардың құқығын қорғау тек өкілетті органның ғана емес, бүкіл мемлекеттік органның міндеті, — деді ол.

Отырыс барысында екі мәселе қаралды: «Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің тұтынушыларының арыз-шағымдарын қараутуралы» және «Мемлекеттік басқару органдарының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында келісімді түрде әрекеттесуі».

Облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Қасымхан Жалтырбаевтың айтуынша, аталған департамент жыл басынан бергі бес айда 337 өтінішті қараған.

— Оның ішінде бөлшек сауда бойынша – 209 (62%), тұрмыстық қызметтер – 48 (14,2%), электр саудасы – 23 (6,8%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы  – 18 (5,3%), көлік қызметтері — 10 (3%), қаржы – 8 (2,4%), туристік қызметтер – 8 (2,4%), қоғамдық тамақтану — 5 (1,5%), байланыс қызметтері — 4 (1,2%), медициналық қызметтер — 3 (0,9%) және  білім беру қызметтеріне қатысты 1 (0,3%) өтініш қаралды. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерге келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесінде байқағанымыздай, тұтынушылар құқықтарының жүйелі бұзылуы бөлшек сауда, электронды сауда және тұрмыстық қызметтер саласында көбірек кездеседі.  Мысалы,сатып алынған тауарды 14 күн ішінде айырбастаудан және қайтарудан бас тарту, сапасыз тауарды жөндеуден, айырбастаудан және қайтарудан бас тарту, жиһаз дайындау және жөндеу, ательеде киім тігу жөніндегі қызметтер, сондай-ақ сатушылардың тауарды жеткізу жөніндегі мерзімді сақтамауы, тапсырыс беру кезінде сапасыз тауарды электронды саудада ұсыну секілді мәселелер жиі кездеседі, — дейді ол.

Өтініштердің 58 пайызға жуығы қанағаттандырылған. Бірқатарына ауызша, жазбаша кеңес беріліп, 13 өтініш басқа мемлекеттік органдарға қайта жолданған.

— Бес айда облыстағы тұтынушылар пайдасына22 325 658 теңге көлемінде материалдық залал өтелді. Мәселен, тұтынушылардың біріне сапасы нашар автомобиль сатқаны үшін сатушы 12,6 милллион теңге қаражатты кері қайтарды, — дейді Қ.Жалтырбаев.

Былтыр 7 қазаннан бастап аталған департаментке жоспардан тыс тексерулерді жүзеге асыру құқығы берілді. Биыл жыл басынан  бастап департамент  жоспардан тыс 4 тексеру жүргізіп, нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілеріне «ескерту» түрінде 1 әкімшілік шара және 2 ұйғарым шығарылған, 1 кәсіпкердің тұтынушымен татуласуына байланысты екі жоспардан тыс тексеру тоқтатылған.

Екінші мәселе бойынша сөз алған Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Г.Алматбаева мемлекеттік басқару органдарының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында келісімді түрде біріге, әрекеттесе жұмыс істеуі керектігіне тоқталды.

— Қазіргі кезде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың біртұтас жүйесіне 18 орталық мемлекеттік және 17 атқарушы орган және республика көлемінде 200-ден астам қоғамдық бірлестік қатысады.

Департамент арыз-шағымдарды тұтынушы көтерген мәселе бойынша құзыретті мемлекеттік органдардың қарауына жолдайды. Жыл басынан бергі бес айда департаментке жазбаша түскен 13 арыз тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Сонымен қатар130 адамға кеңес беріп, салаларға байланысты белгіленген сұрақтарды тиісті мемлекеттік органдардың қаралатыны туралы нақты ақпарат беріп түсіндірілді, — деді ол.

Г.Алматбаеваның айтуынша, тұтынушылар шағым айтқан кезде заңбұзушылықтар жасаған субьектілерге қатысты шара қолдануды сұрайды екен.

— Алайдаондай мәселелерді өзге құзырлы мекеме ғана қарайтынын айтып түсіндіргенмен, кейбір тұтынушылар оны бюрократияға балап, кері пікірлер айтып жатады. Сондықтан тұтынушылардың құқығын қорғауда мемлекеттік органдар әрқайсысы өз құзыреті шеңберінде біріге, әрекеттесе жұмыс істеуі керек. Біздің департамент тұтынушы құқығына қатысты салааралық үйлестіруді жүзеге асырады, — дейді Г.Алматбаева.

Жалпы, қазіргі таңда тұтынушылардың арыз-шағымдары 3 сатылы жүйемен қаралады. Біріншісі сатысы: сатушы (орындаушы, дайындаушы) тұтынушы арызын өзі қарайды немесе мәселені сотқа дейінгі реттеу субъектілері арқылы шешуге әрекет жасайды.Екінші сатысы: тұтынушы мемлекеттік органдарға шағымданады. Бұл ретте әр мемлекеттік орган өз  құзыреті шеңберінде бақылау-тексеру актісінде белгіленген тәртіп бойынша тұтынушы құқығын бұзған субъектілерге шаралар қолданады. Үшінші сатысы: тұтынушы сотқа талап-арыз беру арқылы өз құқығын қорғайды, сот арқылы моральдық және басқа келтірілген зиянын өтете алады.

— Тұтынушылардың арыз-шағымдарын қараудың екінші сатысында мемлекеттік органдар жұмыс істейді. Мәселен, таразыдан жеу, кем өлшеу, тауардың тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыру секілді алдауға түскен тұтынушының арызын жергілікті полиция органдары, чек бермеу немесе төлемді карточкамен қабылдаудан бас тарту жағдайлары кездессе, оны кірістер басқармасы, байланыс қызметінің сапасына қатысты мәселе болса, оны өңіраралық байланыс инспекциясы, тауардың сәйкестік растау құжаттарының болмауы, жанар-жағармай отынын жеткіліксіз құю, тауар салмағының сәйкес келмеуі секілді құқықбұзушылықтарды Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіқарайды. Жалпы, мемлекеттік органдар тұтынушылар арасында өз құқықтарын қорғауға қатысты түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізуі керек. Сондай-ақмемлекеттік органдар тұтынушы құқығына қатысты мәселелерді дер кезінде шешу үшін бірлесе жұмыс істегені абзал, — деді Г.Алматбаева.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button