Басты жаңалықтар

Мерейлі отбасылар марапатталды

Отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау, ата-ананың бала тағдырына, бала тәрбиесіне жауапкершілігін арттыру мақсатымен елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі.

Кеше Ақтөбе қалалық әкімдігінде осы байқаудың қалалық кезеңі қорытындыланды.

Қалалық байқауға қатысуға өтінім бергендер арасынан 19 отбасы таңдап алынған. Олардың арасынан 3 бірдей баласы әке жолын жалғап отырған теміржолшылар әулеті — Әділовтер бас жүлдеге ие болды. Ал І орынды — Аймағамбетовтер отбасы, ІІ орынды Сұлтановтар жеңіп алса, ІІІ орынды Ниязбековтер отбасы иемденді.

Жүлдегерлерді марапаттауға арналған салтанатты жиынға қала әкімі Асхат Шахаров қатысып, сөз сөйледі.

— Халқымызда «Өнегелі отбасы — елдің тұтқасы» деген дана сөз бар. Ізгілікті, өнегелі, мерейлі отбасылар қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатпен өткізілген «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңін қорытындылау кезегі бүгінге келіп отыр.

Елбасы бастамасымен қолға алынған бұл байқаудың жарасымды жұптар мен береке-бірлік қонған әулеттерді насихаттауда маңызы зор. Туған шаңырақтан алған оң тәрбие – халқымыздың жарқын болашағының кепілі. Қаламызда отбасы құндылықтары мен дәстүрін сақтап жүрген үлгілі отбасылар көп.  Бұл бізді қуантады,  — дей келіп,  байқауға қатысқан отбасыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ келесі кезеңге жолдама алған отбасыларға сәттілік тіледі.

Жеңімпаз және жүлдегер отбасыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.  Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Жиында байқауға қатысушылар арасынан Қонай Аймағамбетов, Бибігүл Әбдішүкірқызы, т.б. сөз сөйлеп, отбасын сақтау, балаларға оң тәрбие беру жолында ұлттық дәстүрлерді насихаттау төңірегінде ой-пікірлерін жеткізді.

Жеңімпаз отбасы 1-15 шілде аралығында өтетін байқаудың облыстық кезеңіне қатысатын болады.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button