Жаңалықтар

Қоғамдық мүлікті бүлдіргендер қатаң жазаланады

Сейсенбі күні Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен вандализм, металл ұрлығы, жалпы қоғамдық мүлікті тонау, бүлдіру мәселелері бойынша жиын өтті.

Оған Алматы, Астана аудандарының әкімдері, жергілікті полиция қызметі, бөлім басшылары мен металл дайындаушылар ассоциациясының өкілдері қатысты.

Жиында Асхат Шахаров алдағы уақытта қоғамдық орындарда қала мүлкін ұрлағандар мен бүлдіргендер қатаң жазаланатынын жеткізді.

  • Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вандализмге қатысты өз пікірін білдірген болатын. Біз мұны өте орынды деп білеміз. Осы орайда қаламызда тұрғындардың іс-әрекеттерін көре отырып, болашақта айыппұл мен келтірілген залал құнының көлемі артады. Біз осы мақсатта жұмыс тобын құрып жатырмыз. Егер қала мүлкін ұрлап немесе бүлдіргендер анықталса, бұл туралы тұрғындар бізге шұғыл түрде хабарлайтын болса, жауапты мекемелер қамау, айыппұл төлеу мәселесін қолға алатын болады. Вандализммен ел болып күресетін уақыт келді деп ойлаймын. Себебі соңғы кезде мемлекет қаржысына салынған нысандар мен қоғамдық орындарда тәртіпсіздік іс-әрекеттерге жиі жол берілетін болды. Егер біз қаламыздың таза болғанын, ортақ мүліктердің ұқыпты сақталуын қалайтын болсақ, тұрғындарды тәртіпке шақыруымыз керек. Заңды түрде талапты күшейтіп, вандализм әрекеттерін хабарлаған адамға сыйақы тағайындау алгоритмін айқындауымыз керек, — деді қала әкімі.

Бүгінгі күні қалалық әкімдік жанынан қоғамдық қор құрылып, вандализмге қатысты деректерді жеткізген тұрғындарға сыйақы беру жағы қарастырылуда. Бұған жергілікті кәсіпкерлер де қолдау танытып отыр.

Жиында шаһар басшысының ұсынысын қолдаған жұмыс тобының мүшелері алдағы уақытта заңсыз әрекеттерді полицияға жеткізу үшін фото, видео айғақтарды ұсыну жолдарын және төленетін сыйақы көлемін анықтауды қолға алатын болды. Сондай-ақ

ендігі уақытта тұрғындар қоғамдық мүлікті ұрлау, залал келтіру мәселесі бойынша 102 нөміріне хабарласып, хабарлама қалдыра алады.

Жиында Металл дайындаушылар ассоциациясының төрағасы Төлеген Темірбаев соңғы екі жылда қаламызда металл ұрлығы көбейгенін, оның ішінде қолды болған тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер мен құдық қақпақтарының шығыны миллиондаған көлемдегі қаржы екенін жеткізді. Ал блогер, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Аслан Мусаев вандализмге жол бермеу үшін тәртіпсіздік жасайтындарға жазаны күшейту керектігін алға тартты.

Жиынды қорытындылаған Асхат Шахаров бөлім басшыларына алдағы уақытта қала шетіндегі көшелерге бейнекамералар орнату, қараңғы аумақтарды жарықтандыру, заң аясында тәртіпсіздік жасаған азаматтарға айыппұл салу мәселесін қолға алуды тапсырып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Д.АЙДАР.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button