Жаңалықтар

Шектеу шаралары күшейтілді

28 маусымнан бастап облыс «сары аймаққа» енгені белгілі. Облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес бірқатар карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Егер «Ashyq» қосымшасын пайдаланбаса, аквапарк пен жағажайлардың жұмысына тыйым салынды.

Бұл туралы кеше облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова мәлімдеді.

Оның айтуынша, адам көп шоғырланатын іс-шаралар, мерекелік жиындар, той-садақалар жасауға болмайды. Сондай-ақ аквапарк пен жағажайлардың да жұмысы тоқтатылды.

— 30 маусым күні шыққан Қаулыға сәйкес карантиндік шектеу шаралары күшейтілді. Оның ішінде компьютерлік, бильярд клубтар, кинотеатр, филармония, банкет залдары, мәдениет объектілері, балаларға арналған ойын-сауық орталықтарының жұмыс жасауына тыйым салынды. Егер олар Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес «Ashyq» қосымшасын пайдаланса, жұмыс жасауға рұқсат етіледі, — деді Гүлбану Дәулетова.

Сонымен қатар қоғамдық тамақтану орындары 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасай алады. Адам саны 30-дан аспауы керек. Ал, егер «Ashyq» қосымшасына сәйкес жұмыс жасаса, таңғы 7.00-ден түнгі 2.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ банктер, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, «Қазпошта» бөлімшелері 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмысын жалғастыра береді.

Айта кетейік, енді сенбі, жексенбі күндері қаладағы ашық және жабық базарлар, сауда үйлері, сауна, фитнес орталықтары, бассейндер мен спорттық кешендер жұмыс істемейді. Азық-түліктен басқа тауарлар сататын дүкендерде тек жексенбі күні локдаун жарияланады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button