Экономика

Маусымдағы маңызды істер

Жаздың алғашқы айы да артта қалды. Мектептерде оқу жылы аяқталып, уақытпен санаспай әртүрлі режимде еңбек еткен мұғалімдер демалысқа шықты.

Пандемия қаупіне қарамастан, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, басқа да салаларда істің көзін тауып, еңбек етуге ұмтылыстар орын алуда. Шағын бизнеске қолдау шаралары көбейе түсті.

Бұл айдың соңында ауа райында күрт өзгерістер орын алып, температура жоғары деңгейге көтерілді.   

Маңызды міндеттер сараланды

Маусым айының үшінші аптасы басталар тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Оңдасын Оразалинді қабылдап, Ақтөбе өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады. Президент тарапынан бірқатар мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Осы сапарда Оңдасын Сейілұлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездесті. Онда өткен бес айдағы жұмыс қорытындылары таныстырылды.

Облыс әкімі өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, инвестиция тарту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты нақты деректерді ұсынды. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің жайы, жол жөндеу, су мен газ проблемаларын шешу, тұрғын үй мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Өндірісті өңірдегі өзгерістер

Хромтау ауданының әкімі Азамат Бекет өңірдің 5 айдағы даму көрсеткіші туралы брифинг өткізді.

Кенді өлке Хромтауда ірі жобалар жүзеге асырылып, үлкен жұмыстар қолға алынып жатыр. Қазір үш бірдей ауылының — Тассай, Тасөткел, Табанталдың жолы салынуда.

Облыстағы халқы газбен қамтылуы жөнінен алдыңғы лектегі ауданда ауызсумен қамтылу үлесі де жоғары.

«Агрофирма Тау» ЖШС кәсіпорнында тәулігіне 15 тонна өнім өндіріледі. Мұнда сүт өнімдерінің 20-дан астам түрі шығарылады.

2 мыңнан астам адам тұратын Көктау ауылдық округінде 19 шаруа қожалығы, 13 дүкен, 31 жекекәсіпкер, 12 ЖШС жұмыс істеуде.

Биылғы бес айда өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 177,1 миллиард теңгеге жетті.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 71,1 миллиард теңгеге бағаланды.

Мал азығы мол дайындалады

Биыл облыстың ауыл шаруашылығы саласында 2,6 миллион тоннадан астам мал азығын дайындау міндеті алға қойылды. Бұл бір жарым жылдық қор жасақтауға мүмкіндік береді.

Бұл ретте суармалы жерлерді тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлінуде. Өкінішке қарай, Ақтөбе қаласы мен Қарғалы, Хромтау аудандарында 2,4 мың гектар суармалы алқаптар әзірге тиімді пайдаланылмауда.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 10,6 мың гектардан аса суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.Оның 4,5 мың гектары биыл пайдалануға берілмекші.

Сүт өндіруде серпін бар

«Айс» ЖШС озық технологияны пайдалану нәтижесінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Мұнда жылына шамамен 12 мың тонна сүт өнімі дайындалады. Сүт өнімін молайтуға негіз қалайтын суару жүйесі мен азық дайындаудың озық үлгісі жұмыс істейді.

Жалпы, сүт бағытындағы мал шаруашылығы облыста жақсы дамып келеді.

Биыл ауыл шаруашылығы кешеніне 21,4 миллиард теңге субсидия бөлініп отыр. Соңғы екі жылда мал басының барлық түрі өсіп, сүт пен ет өндірісі дами түсті.

Алдағы бес жылда 314,9 миллион теңгені құрайтын 75 жоба қолға алынбақшы. Оның 17-сі жалпы қуаты жылына 48 мың тонна құрайтын сүт өндіруге қатысты деп есептелуде.

Қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде

Облыс орталығында жыл соңына дейін жалпы аумағы 1 миллион 181 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады. Жалпы, тұрғын үй құрылысын салу төрт бағытта — жеке, коммерциялық, жалдамалы және несиелік деңгейде жүргізілуде. Оның ішінде коммерциялық бағыттың үлесі басым, жеке тұрғын үй 319 мың шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ жалдамалы тұрғын үйге де біршама сұраныс бар.

Инфекция үдей түсті ме?

Маусым айы ішінде коронавирус инфекциясы жалпы алғанда бәсеңдей түскендей көрінгенімен, эпидемиологиялық жағдай құбылмалы болып тұр. Әсіресе соңғы күндері бағалау матрицасына сәйкес облыстың «сары аймаққа» көшуі жұртшылықты алаңдата бастады. Ресми түрде өңірде індет жұқтырғандардың саны 11890-ға жетіп отырғаны мәлімделді.

Тұрғындар арасында әлі де болса сақтық шаралары өз деңгейінде жүргізілмейді. Әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтап, бетперде пайдалану, антисептиктерді қолдану жөнінен салғырттық басым.

Ай соңындағы деректер бойынша инфекциялық ауруханаларда 197 адам ем алуда.

Ақпан айынан бастап 280 500 доза вакцина жеткізіліп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп отыр.

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты облыс бойынша мобильді мониторингтік топтар жұмыс жасап, координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізуде.

Ырғыздан Семейге сапар

Семей өңіріндегі Абай ауданында Ырғыз ауданының мәдени күндері өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналып, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен шараға облыстан 50-ге жуық адам қатысты.

Бұл шара аясында ауылшаруашылық және кітап көрмелері ұйымдастырылып, Абай ауданының тұрғындарына ақтөбеліктердің дәмі ұсынылды.

«Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» жобасы Шығыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысы арасындағы өзара байланысты нығайту,екі өңірден шыққан ұлы тұлғалар мен қасиетті мекендерді насихаттау мақсатын көздеген болатын.

Ақтөбеліктер Шыңғыстауға жол ашатын қақпа іспетті Күшікбай батыр бұлағынан бастап ұлы ақын Абай өмірге келген мекендерді аралады, Құнанбай кесенесіне зиярат етті, Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйінде болды.

Абайдың арғы атасы Ырғызбай туған топырақ — Ырғыз өңірінің сәлемдемесін Абай елінің тұрғындары ықыласпен қабыл алды.

Оқырмандар ортасында

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің журналистері өз оқырмандарымен байланысты нығайта түсуде.

Маусым айында ғана облыстың Мәртөк, Қобда, Ойыл, Темір, Байғанин, Қарғалы және Әйтеке би аудандарында жұртшылықпен кездесулер ұйымдастырылып, олармен арада ашық әңгіме өрбіді.

Бүгінде аталған басылым беттерінде аудандардың тынысы кеңінен көрініс тауып тұр. Елдегі өркенді өзгерістер, тың бастамалар, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, басқа да тақырыптар тұрақты қамтылады.

Оқырмандар билік пен бұқара арасын байланыстыратын алтын көпір ретінде газеттердің ролін жоғары бағалауда. Соған сай қалам иелері де көпшілік сеніміне сай қызмет ететіндіктеріне уәде берді.

* * *

Ай соңында облыс журналистері өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтті. Облыс басшысы Оңдасын Оразалин Ақтөбедегі Өнер орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, құттықтау сөзін айтты. Көптеген қалам иелері әртүрлі деңгейдегі марапаттарға ие болды…

Міне, шілде айы да басталды. Жаз ортасы жарқын күндерге толы болғай!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button