Басты жаңалықтарМереке

Журналистерге құрмет көрсетілді

28 маусым күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Мерекеге арналған басқосу Ақтөбедегі Өнер орталығында өтті. Жиынға жергілікті ақпарат құралдарының басшылары және журналистермен қатар, облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Облыс әкімі журналистерге арнаған құттықтау сөзінде:

— Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің басты табысы — қоғамдағы тұрақтылық. Осы тұрақтылықты орнықтыра түсуге, халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттыруға журналист қауымының қосатын үлесі зор. Бұл — үлкен жауапкершілік. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері өздерінің күнделікті еңбегімен қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етеді, — деп атап өтті.

Оңдасын Сейілұлы өзінің сөзінде тәуелсіздіктің 30 жылы ішіндегі өңіріміздегі жақсы өзгерістерге, олардың насихатталуына тоқталды.

— 1991 жылы облысымызда 720 мың тұрғын бар еді. Олардың бір бөлігі, мыңдаған адамдар КСРО ыдырағаннан кейінгі бастапқы жылдарда өздерінің тарихи отандарына көшіп кетті. Соның салдарынан алғашқы жылдары демографиялық көрсеткіштеріміз құлдырады. Ал, соған қарамастан, халық саны азайған жоқ. Бүгінгі күні облыста 900 мың халық бар. Отыз жылда көптеген қиындықтарды жеңдік. Қала халқына да, ауыл халқына да оңай болған жоқ. Көптеген ауылдарға Кеңес кезінде болмаған игіліктер — көгілдір отын, ауызсу, асфальт жолдар барды. Осы жаңалықтардың бәрін өздеріңіз көпшілікке жеткізіп, әрқашан халықтың қуанышын бөлісіп келесіздер. Сондай-ақ жанашырлықпен айтқан, орынды сындарыңызға да біздің реніш білдірген кезіміз жоқ. Ондай сынды қабылдауға, кемшілікті түзетуге билік әрдайым әзір, — дей келіп, ол журналистерге өзінің ізгі тілектерін жеткізді.

Құттықтау сөзінен кейін облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани, мәдени өміріндегі жаңалықтарды, игі істерді насихаттауға жанашырлықпен атсалысып жүрген бір топ журналиске марапаттар тапсырды. Олардың ішінде «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері де бар. Атап айтқанда, «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев және газетіміздің тілшісі Нұрмұхамбет Дияров — Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нүркеева — «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, «Үш таған» журналыныңбас редакторы, белгілі ақын Ертай Ашықбаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің тілшілері — Самат Нарегеев, Индира Өтеміс, Жанат Сисекенова және Татьяна Виноградоваларға облыс әкімінің Алғыс хаты мен сыйақысы табысталды.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов бір топ журналиске Алғыс хат тапсырды.

Осы жиында марапатталғандар арасында әріптестеріміз — «Ақтөбе» газетінің тілшісі Айнұр Жалмағамбетова мен «Актюбинский вестник» газетінің бөлім меңгерушісі Ләззат Егібаева да бар. Олар Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаровтың Алғыс хатымен марапатталды.

Жиында облыстық филармонияның артистері мереке иелеріне ән-күй арнады.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button