Мереке

Медиадағы мерейлі сәт

28 маусым — Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күнін «Ақтөбе Медиа» ЖШС да лайықты атап өтті. Салтанатты жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов қатысып, ұжымға облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің арнайы Алғыс хатын табыстады.

Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин ұжым мүшелерін кәсіби мерекемен құттықтап, қалам иелеріне шығармашылық табыс пен жетістіктер тіледі.Бұдан соң медиа әкімшілігі мен кәсіподақ комитетінің бағалы сыйлықтарын табыстады. Журналистердің кәсіби мерекесіне орай қазақ журналистикасының дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосқан үшін «Ақтөбе» газетінің экономика бөлімінің тілшісі Нұрмұханбет Дияров «Қазақстанның құрметті журналисі» медалімен марапатталды. Ал газет тілшісі Данагүл Баймұхашова мен облыстық «Ақтөбе» телеарнасының редакторы Лаура Палман Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды.

Шараға салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Назира Табылдинова да қатысып, облыстық газеттің бірқатар журналистеріне Алғыс хаттар табыстады.

Жиында мемлекеттік мекемелерден, қоғамдық ұйымдардан келген мерекелік құттықтау хаттар оқылды. Атап айтар болсақ, Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті, облыстық полиция департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық білім басқармасы, Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшылары газеттің бірқатар журналистеріне алғыс білдірді.

Барлық әріптестерімізді марапаттарымен құттықтаймыз!

Өз тілшіміз.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button