Жаңалықтар

Сүт өндіру ісі дамып келеді

Семинар

Ақтөбе қаласында сүт өнімін өндірушілерге арналған 3 күндік семинар өтіп жатыр.  Халықаралық «Alltech» компаниясы ұйымдастырған семинарға еліміздің 40-тан астам шаруашылығы қатысуда.

Семинарға қатысушылар республикалық сүт бағытындағы және аралас тұқым мүйізді ірі қара палатасының мүшелері. Қауымдастықтың атқарушы директоры Азамат Сағынбаевтың айтуынша, палатаның міндеті — отандық малшылардың сүтті көбірек өндіріп, нарықтық бәсекеге төтеп беруіне барынша жағдай жасау.

Бәсекеге қабілетті болуға кедергілердің бірі – білімнің тайыздығы. Сондықтан осы семинарда көп нәрсе білуге болады, өйткені әлемдік аты бар, шетелден тәлім алған кәсіби мамандар шеберлік сағаттарын өткізеді. Сондықтан Ақтөбеге білікті менеджерлердің келуін қарастырдық. Олар  кәсіпорындарға  өнімді арттыратын инновациялық тәжірибе енгізеді, — дейді қауымдастық директоры Азамат Сағынбаев.

«Айс» ЖШС  еліміздегі озық технологияны пайдаланып отырған санаулы кәсіпорындардың бірі. Сүт өнімін беруден әлемдік деңгейге жетіп отыр. Жылына шамамен 12 мың тонна сүт өнімін дайындайды. Бұдан басқа суару жүйесі мен азық дайындаудың да озық үлгісін енгізген.

Семинарға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов сүт фермасының мұндай жетістікке жетуі мемлекеттің қолдауы екенін айтты.

Сүт бағытындағы мал шаруашылығы өңірде жақсы өркендеп келеді.

 Биылғы жылдың өзінде ғана ауыл шаруашылығы кешеніне 21,4 миллиард теңге субсидия бөлініп отыр, Оның 16,5 миллиард теңгесі жергілікті бюджет есебінен. Мал азығы субсидиясына – 6,7 миллиард теңге, асылтұқымды мал өсіруге – 6,7 миллиард, өсімдік саласына – 1,3 миллиард және техника алуға қосымша 800 миллион теңге берілді.

Осының барлығы оң нәтиже беріп, соңғы екі жылда мал басының барлық түрі өсуде,  сүт пен ет өндірісі де артты.  Сондықтан да мал азығын дайындау мен оны өндіруге ерекше көңіл бөліп отырмыз. Үкіметтің қолдуымен биыл 10 мың гектар суармалы жер мен 24 мың гектар лиманды жер алқабы енгізіледі.  

Алдағы бес жылда 314,9 миллион теңгені құрайтын 75 жоба қолға алынбақ. Оның 17-сі жалпы қуаты жылына 48 мың тонна құрайтын сүт өндіруге қатысты. Бұл семинардың да жетістікке жетуге, алға қойған жоспарды жүзеге асыруға мол септігі бар, — деді облыс әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов.

Семинарға келгендер «Айс» ЖШС-ында болып, ондағы жұмысты көздерімен  көріп, тәжірибе алмасты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button