Жаңалықтар

Жерді қалпына келтіру мәжбүрлеп орындатылады

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде Бестамақ ауылындағы экологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша мемлекеттік органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы айтылды. Брифингке Ақтөбе облысының экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Кеңес Қанатбаев және Ақтөбе облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысы Баянбек Қырықбаев қатысты. 

Нұржан Аққұлдың айтуынша, былтыр қараша, желтоқсан айларында Бештамақ ауылы тұрғындарының арызы бойынша Бештамақ мал шаруашылығы кешеніне жоспардан тыс тексеру жүргізілген.

— Осы тексеру нәтижесінде 13 әкімшілік іс қозғалды. Оған әкімшілік айыппұл салынып, 2 миллион 500 мың теңгедей айыппұл өндірілді. Сонымен бірге қоршаған ортаға 7 миллиард  27 миллион 500 мың теңге көлемінде залал келтірілгеніанықталды, — деді ол.

Экология департаменті жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде сарқынды суларды ағызу орындарын анықтап, тиісті сынамалар алған. Ластанған жер учаскелері өлшенген.

— Тексеру кезінде анықталғандай, кәсіпорын ағынды суларды тазарту үшін алдымен жер бедеріне шығаруды ұйғарған. Соның салдарынан кәсіпорын аумағындағы жер учаскелері ластанған. Аталған заңбұзушылықтарға байланысты департамент әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдады. Қазіргі таңда қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері анықталып жатыр. Жүргізілген тексеру серіктестіктің қоршаған ортаға залал келтірмеу бойынша қандай да бір шараларқабылдамайтынын көрсетті, —  деді ол.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясы басшысы

Кеңес Қанатбаев Бестамақ тұрғындары атынан түскен шағымға байланысты «Парижская коммуна ХХІ» серіктестігі жұмысына жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталғанын айтты.

— Кемшіліктерді жоюға 10 күн уақыт берілген-ді, алайда белгіленген мерзім ішінде кемшіліктер жойылмағандықтан, сотқа серіктестіктің жұмысын тоқтату туралыматериал жіберілді, — деді ол.

Ақтөбе облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы былтыр қараша айында аталған серіктестікте Жер кодексінің 65,140-баптары талаптарының сақталуына тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 13,9 га жердің бүлінгендігі анықталды.

— Жайылымдық жерлерде заңсыз ор қазылған, қоқыстар төгу орнын, су ұстау дамбысын жайғастырған және рұқсатсыз шұңқырлар қазу (карьер) арқылы жердің беткі құнарлы қабаты сыдырып алынған.  Бұл әрекетте қылмыс сипаты байқалып, қылмыстық  процессуалды шаралар қолдану үшін материалдар облыстықпрокуратураға жолданды, — дейді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасыбасшысы Баянбек Қырықбаев.

Б.Қырықбаевтың айтуынша, жердің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмауы бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде Жер кодексінің 65, 93-баптарының талаптары бұзылғандығы анықталып, 4 әкімшілік іс қозғалып, 222240 теңге айыппұл салынған және толық өтелген.

— Былтыр желтоқсан айында серіктестік тарапынан 54,2 гектар жер учаскесінің нысаналы мақсатына сай пайдаланылмай отырғандығы туралы заңбұзушылықты 3 ай мерзімде жоюға нұсқама берілді, алайда нұсқама мерзімінде орындалған жоқ. Сондықтан мамыр айында хаттама толтырылып, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалдық шара қолдану үшін жолданып, нұсқама орындалмағаны үшін  583 400 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар сот қаулысымен «Парижская коммуна-XХI» ЖШС-ның (2 жер учаскесіне қатысты) қызметі тоқтатылды. Биыл 15 маусымда біздің басқарма тарапынан облыстық ауданаралық экономикалық әкімшілік сотына жер учаскелерін бастапқы күйіне келтіру арқылы нұсқамаларды мәжбүрлеп орындату үшін талап-арыз берілді. Сототырысы 7 шілдеге  жоспарланған, — деді Б.Қырықбаев.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button