Тарих

Жебеуші жұлдызым менің

Ахмет Жұбановтың туғанына — 115 жыл

Аудармашыдан:

Ұлт ғылымы мен руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Жұбановтар әулетін әрбір көзіқарақты кісі біледі. Ұлт лингвистикасының атасы Құдайберген Жұбанов, басқасын былай қойғанда, қазақ күйі жөнінде тұңғыш зерттеу мақала жазған адам. Тәңірі айрықша жаратқан жанның тағдырлы, сан қырлы келетініне дәлелдің қажеті жоқ. Ағасы «халық жауы» болғаннан кейін көп азап шеккен Ахаң — Ахмет Қуанұлы Жұбанов та халқымыздың музыка мәдениетін, тарихын тұңғыш ғылыми негізге салған (А.Сейдімбек) бірегей тұлға еді. Әдетте тұңғыш сөзі Ахаңмен көп байланыстырылады. Ол — Ленинград университетін музыка мамандығы бойынша бітірген тұңғыш қазақ, тұңғыш академик-композитор, Құрманғазы оркестрінің негізін салған, тұңғыш филармония, фольклорлық зертхана, Ұлттық Ғылым академиясынан өнер бөлімін ашқан, тұңғыш «Абай» операсын жазған, тұңғыш қазақ музыкасының әліппесін жазған тұлға.

«Ахаңдардың арманы орындала бермейтін тәрізді ғой» деп өмірінің соңғы сәттерінде ауыр күрсінген Ахаңның арманын өмір бойы аялап, қолынан келгенше жүзеге асырып, әке жолын жалғастырған Ғазиза Ахметқызы Жұбанованың да ұлт музыка тарихындағы алар орны ерекше.

Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш кәсіби композитордың бұрын соңды баспа жүзін көрмеген эсселері, очерктері осыдан 25 жыл бұрын қызы Дина Мәмбетованың ұйымдастыруымен «Мир мой — Музыка» деген атпен екі кітап болып жарық көрді. Ұлт мәдениеті үшін үлкен рухани олжа болған еңбек аз ғана таралыммен шығып, көпшілікке жетпей қалды. Сол олқылықтың орнын аздап қана болса да толтыру мақсатымен, кітаптың Ахаңа арналған тарауын «кіші отанындағы» оқырмандары хабардар болсын деп, ықшамдап аударып беріп отырмын. Бұл жазбада Ахмет Қуанұлы өмірінің беймәлім тұстары айтылып, көп жайдың сыры ашылады.

Сөнген жұлдыздың жарығы миллиондаған жылдарға жетеді екен. Азат елі аман тұрса, Ахаңның жұлдызы жарқырай берері сөзсіз.

Қали СӘРСЕНБАЙ,

«Ана тілі» газетінің бас редакторы.

 

Ғазиза ЖҰБАНОВА

Жебеуші жұлдызым менің

1967 жылы әкем айықпас науқасқа шалдықты. Менің оған қатты бауыр басып кеткенім соншалық — бұл өмірмен қоштасатын сәтін ойлаған сайын, өзімнің нендей күйге түсетінімді де елестете алмаймын. Тіпті сонша кәрі де емес, небәрі 62 жаста еді. Өз халқын жанындай жақсы көрген суреткерді — жаны қанша жараланса да,бекзат болмысын жоғалтпаған осындай асыл адамды тағдыр неге аямайды екен деп, қалың ойға беріліп кетемін. Ол айрықша адами жаратылысымен бірге, айрықша дарынды еді ғой. Содан ба екен, көре алмайтын хас дұшпандары да болды. Ол жоғары музыкалық білім алған (Ленинград консерваториясын музыкатану мамандығы бойынша бітірген) тұңғыш қазақ еді. 1933 жылы Алматыда музыка техникумы ашылып, оның оқу бөлімін басқарды. Техникумның директоры біздің көршіміз, өте әдепті кісі, «Ер Тарғын» операсы либреттосының авторы Сағыр Камалов болатын. Ол кездегі партократияның кадр таңдаудағы әдісі солай ма, әйтеуір, бәрі керісінше болатын. Мамандығы келмесе де, басқаны бастық қоятын. Бәлкім, осылай басқару тиімді болған шығар.

Әкем техникумға көп еңбек сіңірді. Тұңғыш домбыра ансамблін құрды. Ұлттық аспаптарды жетілдіретін шеберхана, фольклор жазатын лаборатория ашты (ансамбль кейіннен атақты Құрманғазы оркестріне айналды). Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісованы айтпағанда, Махамбет, Науша Бөкейхановтар, Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Қамбар Медетовтероркестрдің белді мүшелері болды. Ұлттық оркестрдің өмірге келуі тарихи оқиғаға айналды.

Әкем екі жыл опера театрында дирижер болғанда «Қыз Жібек» пен «Ер Тарғынға» барғаным есімде қалыпты. Төлегенді — Ж.Елебеков, Жібекті Зоя Рахымбаева ойнады. Сол бір күндері көрермендер театрға тек қана әкемді көру үшін баратын… Мұндайда жымысқылықтың да қосамжарланып жүретін әдеті. Қазекеңнің алып-қашпа сөздері әкемді ақыры театрдан кетіріп тындырды. Қазақ мәдениеті үшін әкемнің істегенінің оннан бірін де істемеген кейбір жарамсақтар оның соңына шам алып түсті. 1937 жылы туған ағасы, профессор Құдайберген Жұбанов «халық жауы» атанып, айдалып кетті. Сол күннің ертесінде-ақ филармонияда істейтін әкемді есік алдында қызмет орнына кіргізбей қойды. Сөйтіп, біраз уақыт жұмыссыз қалды. Бізді отбасымызбен үрей билеп, «Қашан алып кетеді екен?» деп отыратынбыз. Бұдан бұрын әкемнің 27 жастағы Мұхамедия деген інісі қайтыс болған. Осылай жүргенде бізді бұл азаптан «Амангелді» фильмі құтқарды. Әкемді сол киноға ленинградтық композитор П.Гнесинмен бірігіп музыка жазуға шақырды.

Ол өте еңбекқор, айтқанын істемей қоймайтын (бұл қасиет маған да қонған секілді) табанды кісі еді. Қазақ музыкасындағы тұңғыш туындылардың, ғажайыптардың көбісі әкемнің атымен байланысты. 1944 жылдың 26 желтоқсанында қазақтың тұңғыш операсы «Абайдың» дүниеге келуі шын мәніндегі ұлттық мерекеге айналды. Әр қойылым сайын көрермен театрға сыймай жататын. Авторларды қайта-қайта сахнаға шақырған көрермендер қазіргідей екі премьерадан соң сап тыйылмай, театрға үздіксіз ағылумен болатын. Мына бір жай есімнен кетпейді.

Бірде кешкісін бір кісі үйге ентігіп жүгіріп келді. Әкем жұмыс істеп отырған. «Сізді көрермендер шақырып жатыр. Тез жүріңіз, әйтпесе кететін түрі жоқ» дейді. Оның әр премьерасы осылай өтетін. Әлі күнге дейін театрдың жаңа маусымының «Абаймен» ашылатынын мақтан етемін.

…Тағдыр әкеме тағы да қырын қарады. 1948 жылы космополитизм науқаны басталды. Бұл кесапаттан ол әупіріммен өтті. 1951 жылы зиялы қауымның ірі өкілдеріне «ұлтшыл» деген айып тағылып жатты. Оның ішінде әкемнің де жаулары шегірткедей қаптады. «Халық жауы» атанған ағасын, «Қазақ халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы» атты кітабында жарияланған Кенесары жөніндегі халық әуенінің нотасын сылтау етіп, жаулары тас кенеше жабысты. Тіпті сөзі жоқ ән нотасының сызбасының өзі оны ұлтшыл деп айыптауға жетіп жатыр еді. Консерваторияда, Композиторлар одағында, академияда жойқын жиналыстар өтті. Коммунистер, комсомолдар тебіреніп сөйледі. Немере ағам Хабидолла Тастановтың айтуынша, жиналыста сөйлегендердің бәрі әкеме қырғидай тиіп, «Барсакелмеске» айдатып жіберу керек» депті.

Адам тағдыры анау айтқандай ойыншық емес екен. Әкем бұл зұлматтан да аман қалды. Бірақ консерваторияның жалғыз профессоры, тұңғыш кәсіби музыкант, академик, дирижер, композитор қазақ тағы да жұмыссыз қалды. Осынау бір қайырымсыз, дарынсыз әріптестері мен шәкірттерінің көзіне шыққан сүйелдей болмайын деді ме, Мәскеуге кетті. Мен, Болат, Қайыр үшеуміз студент едік. Әкеме бір бөлмелі үй жалдап, студент стипендиясына төрт адам тұрып жаттық. Әкем қазақ тіліне орысшадан кітап аударумен айналысты. Виноградовтың «Осуждение Паганини» атты кітабын қазақшалады. Ол кісіде ескі облигациялар көп еді. Егер оған ұтыс шыға қалса, төртеуіміз ресторанға барып, шағын той өткізетінбіз. Шешем үйде Роза, Ажар секілді сіңлілеріммен қалатын. Мәскеуде өмір сүру олар үшін оңай болған жоқ. Барахолкаға барып, ұсақ-түйек сатуға да тура келетін. Бұл күндер шешемді өзінің қатал «сыйынан» да құр қалдырмады. Бір жылда бас сақинасына душар болды. Ой жеп қойған ғой. Әке-шешеміздің жиған байлығы да жоқ еді. Бар жиған-тергенін балаларының аузына тосып, оқыса-тоқыса, жақсы адам болып шықса деуді ғана мұрат етті. Сондықтан ба екен, біздің ешқайсысымыз да өздігімізден жоғары билікке, мансап қууға әуес болмадық. Әкем мені Мәскеуге шығарып салып тұрып, былай дегені әлі есімде: «…Мұнда менің дұшпандарым да аз емес қой, мен олардан қорқып қайтейін. Тек саған зияны тимесін деп ойлаймын. Сен менің рухани мұрагерімсің ғой» — дей келіп, — Өмірде қайырымдылықтан гөрі қатыгездік басымдау, балам», — деп еді. Осы бір сөз күні бүгінге дейін есімнен шықпайды. Сондықтан да өмірбақи адал болуға, жақсы оқуға ұмтылып, бір адамды болса да жақсылыққа тәрбиелеп, қатыгездіктің құрсауында қалмауды ойладым.

Әкем Мәскеуде жүргенде аудармамен ғана айналысқан жоқ, «Ғасырлар пернесі» атты монографиясын да жазып бітірді. 1953-54 жылдары уақыт бір қалыпқа түсе бастады да, екі жылдық студенттік өмірден соң, Алматыға қайта оралып, консерваторияға қызметке тұрды. Солай болса да, оны елу жасқа келгенде арнайы құттықтаған ешкім болмады.  Өйткені ағасы «халық жауы», өзі «ұлтшыл» деген секілді жалған айыптардан үрейленетін адамдар әлі де көп еді. Сондықтан олар «үнсіз қалған дұрыс» деп шешкен секілді. Оның тойын өз отбасымызбен аман-есен өткізгенімізге де шүкіршілік еттік.

1958 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтетін болды да, оның шығармашылық жұмысына жетекшілік етуге әкемді шақырды. Бұл 1956 жылы еді. Сонда оның неменеге келісе қалғанын түсінбедім. Өйткені бұрынғы қызметтес болған адамдармен қайта қауышқанынан қауіптенетінмін. Әйтсе де оны бірбеткейлігі, еліне деген шексіз сүйіспеншілігі бұл істен бейтарап қалдыра алмады. Ол қаншама қиындық көріп, қылкөпірден өтсе де, түбі бір жақсылық болатынына сенетін. Талантты адам қанша кірпияз болғанымен, бала секілді сенгіш, аңғал, жүрегі таза келеді ғой. Мұндай қасиеттерден кенде адам ғажайып дүниелер тудырмас еді. Қатыгез адамның қолынан осындай іс келетініне ешқашан сенбес едім.

Сонымен, ол іске кірісті. Ұйымдастыру комитетін құрып, өзі басшылық етті. Ерте кетіп, кеш келетін. Көбіне шаршаңқы күйде оралатын. Жастықта бәрі білінбейтін секілді, ал әкемнің сәл егде тартқан кезінде көрген қиындығы шешемнің жанына қатты бататын. Ондайда шешем: «Осы бір іске неге ғана келісе қалдың?» — деп, шәт-шәлекейі шығатын.

Онкүндік ғажайып табыспен өтті. Көптеген адамдар үлкен атақтар, ордендермен марапатталды. Тіпті менің күйеуім Ә.Мәмбетов екеуміз де құр қалмай, медаль тағып қайттық. Ал жұрттың бәрін жақсыатты еткен шаруаға екі жылын арнаған әкем мүлдем ескерусіз қалып еді.

Ұлы адамды қорлаудың осы бір ақылға сыймас түрін есіме алған сайын жүрегім сыздайды. Әңгіме осымен бітсе жақсы ғой. Баяғы арызқойлар ескі әуеніне қайта басып, Орталық комитетке әкемнің үстінен тағы да «ұлтшыл» деген айып тағып, көлдей хат жазды. Тағы да азапты күндер басталды. Сондағы қойған кінәсі, әкем декада бағдарламасына «Руслан мен Людмила» атты орыс операсын ендірмепті.

Біздің қоғамда қандай жабайы ғадеттер болды десеңізші? Комиссия мүшелері тарапынан қойылымы және орындалуы жағынан әлсіз деп танылып, қатты сынға ұшыраған спектакльге де ақыр соңында «ұлтшыл» Жұбанов кінәлі болып шығады. Сол кездегі Орталық комитеттің бірінші хатшысы болған Беляев деген біреу: «Ол ұлтшылды осылай тұзаққа түсірдік қой» деп масаттаныпты. Сөйтіп, екі жыл ғұмырын арнап, бүкіл одақты тамсандырған декада хикаясы әкемнің қайтадан төсек тартуымен аяқталды.

Ол сағаттар бойы үн-түнсіз жататын да қоятын. Біз оның көңілін аулауға тырысатынбыз. Немерелеріне қарап, әлсіз ғана езу тартатын. Бір күні ол күтпеген шешім қабылдады. «Фрунзеге кетемін, онда достарым көп. Өмір сүруге де, жұмыс істеуге де қолайлы», — деді. Шошып кеттік. Қайта-қайта жылап-сықтап жүріп, әйтеуір, райынан қайтардық. «Отанды ештемемен айырбастай алмайсың ғой» деуге дейін бардық. Осы бір сөзден кейін, оның көзінен мөлт-мөлт еткен жас көрдік. Сөйтіп, бәріміздің көңіліміз босап, бұл тақырыпқа қайта соқпадық. Әупірімдеп жүріп, консерваториясына қайта оралды. Тағы да қиындыққа кездесті. Ескі тәсіл алдынан шығып отырды. Өзі тұңғыш ректор, профессор, академигі болған консерваториясымен көп ұзамай қимай қоштасты… «Менің замандастарым» атты кітабын жазды. Бұл кітап 1986 жылы жарық көрісімен, бір-екі күннің ішінде тарап кетті.

1966 жылы әкемнің өмірінде ұлан-асыр қуаныш болды. Ең алғаш және соңғы рет ресми түрде 60 жылдығын тойлады. Осы кеште халық алдына шығып ұзақ сөз сөйледі. Мұндай шешен, білімді адам ол кезде сирек еді. Бұл оның өміріндегі ең соңғы шуақты сәттері екен.

Ежелгі дәстүріміз бойынша жаңа жылды бәріміз жиналып, әке-шешеміздің үйінде қарсы алатынбыз. Бұл жолы да солай болды. Бәріміз ерекше көңілді едік. Әлден уақытта әкем жұмыс кабинетіне кетіп қалды. Сәлден соң мен де бардым. Шешем қасында. Екеуінің де жүзі сынық. Әлденеге әбіржулі. Әкем диванда сұлық жатыр. «Ертең дәрігерге баруымыз керек. Бұлай болмайды» дедім. «Алдымен мерейтойымды өткізіп алайын, халық күтіп отыр ғой», —  деді ол. Қайран әкем-ай! Көңілі той тілеп тұрмаса да, пенде ғой, өмірінде тұңғыш рет мерейтойы ресми түрде өтетініне кәдімгідей қуанғанын да жасыра алмаған еді сонда. Шын қуана білетін еді…

…Бір күні әкем бәрімізді жиып алды.

— Әңгіме операция туралы. Жасау керек пе, жоқ па? Сендерді осы мәселеге байланысты ақылдасу үшін шақырдым,— деді ол. Ертеңіне шешем, Болат, мен, Ажар — төртеуіміз ауруханаға дәрігермен ақылдасуға бардық. Ақыры операция жасалу керектігіне көзіміз жетті. Мәскеудегі онкологиялық орталықтың директоры Петерсонды шақырту керек деген шешімге тоқтадық. Осы шешімді әкеме аса ауыр халде отырып жеткізгенімізде, ол мынандай бір ащы мысалды айтты: «Бір күні түлкі қасқыр апанының қасынан өтеді. Қасқыр апанының аузында отыр екен. Ол түлкіні өзіне қонаққа шақырады. Сонда түлкі: «Қасеке, сіздің апанға кірген із бар да, шыққан із болмайды екен,

ә…»— депті» — деді де күлді.

Операцияны жарты жыл кешіктіріп алыппыз. Сол күні әкем бізбен қоштасатындай сыңай танытып, қатты күйзелді…Ол өзінің санаулы күндері қалғанын сезетін болуы керек. Ең сәтті жасалды деген операцияның өзі кісінің көңілінде күдік қалдырады ғой.

Ауруханадағы әңгімелер есіме түсе береді. Бір күні мен оған: «Бір симфония жазбақшымын. Оған Дәулеткерейдің «Жігер» күйін негіз етіп алсам ба деген ойым бар»,— дедім. Ол менің ойымды бірден құптап, кәдімгідей қанатын қаққан қырандай болып көрінді.

— Дәулеткерей мені керемет лиризмімен, пәлсапасымен қайран қалдырады,— деді.

«Жігер» симфониясының маған әлі күнгесондай қымбат көрінетіні — оның аса талғампаз әкемнің көңілінен шыққандығы еді. Кейіннен осы симфонияны әкеме арнап жаздым. Сол бір азапты күндері ол келешек жоспарын да айтатын. «Өмірбақи Құрманғазы туралы опера жазсам деп армандаумен келемін. Тәңірдің ерекше жаратқан осы бір ұлы адамы менің жанымның жартысына айналып кеткендей» — деп, ол маған бірде күрсіне қарады. Мен сонда: «Тірі жүрсем, бұл арманыңды жүзеге асырамын» деп, өз-өзіме іштей ант етіп едім. «Енді бір бес жыл өмір сүрсем, Ғылым академиясына қарайтын өнертану институтын ашсам…» —дейтін ол.

Сонымен, операция жасалатын күнге де жеттік. Әкемнің туыстары, шәкірттері боз ала таңнан тұрып, аурухана ауласындағы баққа жиналдық. Операция жасайтын орын жоғарғы қабатта орналасқан, терезесі бізге көрініп тұрды. Шамамен 4-5 сағатқа созылды. Ажар дәрігер болған соң, операцияға кіруге рұқсат етілді. Ол бізге хабар жеткізіп тұрды. Бір кезде Петерсон шығып, бәрі де сәтті болғанын, әзірге бәрі жақсы екенін айтты. Қуаныштан жүрегіміз жарылып кете жаздады. Сонда жиналған қарақұрым халықтың қуанғанын көрсеңіз. Құдайым-ау, адамдар осылай да қуана біледі екен ғой. Олардың қай-қайсысының да әкем үшін өмірін беруге даяр екеніне көзім жетті. Шешем олардың бірін де қалдырмай үйге шақырды.

Кетерінде профессор үлкен мойындау сөз айтты. «Анализдердің қорытындысын көріп, операцияның уақытының өтіп кеткеніне көзім жеткен еді. Бірақ Ахмет Қуанұлының көзіндегі үміт оты мен керемет күшті сезімді, ерік-жігерді көріп, операциядан бас тартқым келмеді. Операция үстінде көп нәрседен үмітсіз едім. Бір кезде сәл тыныс алайын деп терезе алдына қарай айнала бергенім сол еді, қаптаған халықты көрдім. Осынша елдің сүйіспеншілігіне бөленген адамды құтқару керек»,— деп ойладым.

Бұл 1967 жылдың 31 тамызы еді. Әкем операциядан соң ауруханада бір айдан астам уақыт жатты. Бұл біз үшін ең бақытты күндер еді. Әкемнің біртіндеп толысып, тәбеті де жақсара түсті. Қазанның 10-ында әкемді шешеммен бірге «Алматы» санаторийіне орналастырдық. Біз бұл күндерде екі есе бақытты едік. Өкінішке қарай, қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бір күн өтпей жатып қайғы жұттық. Шешеміз әл үстінде жатыр деген суыт хабар жетті.

Өмір соншалықты қатыгез болар ма? Төбемізден жай түскендей болды. Күні-түні әкемізді ойлап жүргенде, бұл күтпеген жағдай еді. 1940 жылы сіңлім Сәуле қайтқанда қаперсіз едік. Енді, міне, ес біліп, етек жапқан сәттегі мына бір қайғы тым есеңгіретіп жіберді. Мен өмірімде былай дауыс көтеріп жыламаған шығармын. Медбике жүгіріп келіп «мұнда дауыс көтеруге болмайды» деп жатыр. Оның сөзін елеген де жоқпын. Адамдардың бір сәттік тыныштығы менің қайғымнан қымбат болғаны ма? Біздің қоғамның осы бір тым әсіресақтығы, жасанды мейірбандығы қашан тыйылар екен? Ауыр басып әкемнің палатасына көтерілдік. Оның үшінші рет қатты күйзелгенін көрдім. Ер адамның аянышты халін көру қандай қасірет еді?  Ол маған жаралы жолбарыс секілді көрінді. Өзімізше көңілін аулаған боламыз. Талықсып бара жатқан аяулы жарын көтере алмай, дәрменсіз күй кешкені көз алдыма келгенде, теңселіп кеттім.

Әкемнің сол сәттегі басынан кешкен мына бір сұмдықты санаға сыйғыза алмас едік. Ішкі телефонмен қоңырау шалады, ешкім жауап бермейді. Содан ол жандауысы шығып, тізерлеген күйі дәлізге шығады, жан баласы үн қатпайды. Өкінішке қарай, күн сенбі болар ма? Кезекші дәрігерлер мен медбикелеріміз бір түкпірге жиналып алып, теледидар тамашалаған. Не деген бейқамдық десеңізші? Ұлылық дәлізде тізерлеп жүгіреді, өмір мен өлім айқасып жатады, ақ халатты абзал адамдар алаңсыз.

Қайран шешем-ай! Ол жер бетіндегі ең қайырымды ана еді. Ол бар өмірін әкеме, бізге арнады. Оның әкем тәуір болған кездегі қуанышының мысқалдай бір бөлігін де біздің қуанышымызбен салыстыруға келмейтін еді. Неге екенін қайдам, әлде әкеме жасалған қиянаттардан кекшіл болып кеткенмін бе, әйтеуір, оңаша қалғанда шешемнің өлімін дұшпандары әкеме табалап тұрғандай ойға берілемін.

Ол бізге еңбек ету мен адал өмір сүруді үйретті.

Шешемнің қазасынан кейін әкемнің көңіл күйі түсіп кетті. Жаңа жылды бірге қарсы алдық. Көктемге қарай әкем тағы да нашарлай берді. Мамыр айында үйде көп тұрақтамай, Құдайберген ағасының үйіне — жеңгесіне жиі барғыштап, әңгімелесіп жүрді. Ол бір ғажайып адам еді. Тағы да аурухана төсегіне таңылды.

Осы бір күндері тек қана жалғыз қалуды ұнататындай еді. Бірақ онысын бізге сездірмейтін. Талантты адамдардың кейде жалғыздықты жаны қалап тұратыны несі екен?! «Талантты адамға өмір сүру оңай емес. Ондай жанды тағдырдың өзі де көп сынайды екен». Үлкендердің осы бір сөзіне мен кейінірек иландым.

Адамның мінезі қызық қой. Менің басымды бір батылдық, оптимистік рух билеп алды. «Мен неге жетім болуға тиістімін» деймін де, артынша мұңайып қаламын. Әкем менің келешегімді көрсе деп едім. Мен өз болашағыма сенемін. Бірақ соның бәрін ол көрмейтінін ойласам, өзегім өртенеді. Мен әлі күнге дейін оның алақанының жылуын сезінемін. Ол концерттен қай уақытта келсе де, мені тік көтеріп алып, құшырлана бір иіскейтін де төсегіне жатқызатын. Меніңше, ол менің жолын қуатынымды сезіп кеткен сияқты. Жұлдызнамада мені қорғап жүретін бір жұлдыз бар. Сол қорғаушым, жебеушім әкем шығар деп ойлайтынмын. Бәлкім, әлдеқашан жарық жұлдызға айналып кеткен оның рухы әлі де мені желеп-жебеп келе жатқан болар?..

Әкемді ақырғы сапарға шығарып салуға Алматыда келмеген адам қалмаған шығар. Енді ол менің қасымда күлімсіреп отырмайды, енді оның рояль клавиштерін сүйсіне басып, маған ақыл айтатын, жылы жымиып қарайтын сәттері мәңгілікке өзімен бірге кетті. Осының бәрін ойлау қандай қиын, қандай азап?! Өмір неге бұлай? Неге қатыгез? Жоқ, енді мен де Қорқыт секілді мәңгілік өлмес тұлғаға айналуым керек. Өзім үшін, әкем үшін солай істеуім керек, Алла жар болсын!

Шүкір, тәуба! Әкемнің атында Алматыда арнаулы республикалық музыка мектебі, көше бар. Менен таксистер: «Бұл көше сіздің туысыңыздың атында емес пе?» деп жиі сұрайды. «Бұл — менің әкемнің атындағы көше» десем, олар мәшиненің жүрісін сәл тежейді де, Жұбановтың қызының жүзіне үңіледі… Бәлкім, әкеме құрмет көрсеткені болар. Жамбылда да әкем атында музыка мектебі бар. Ақтөбеде де солай. Осы облыстың Мұғалжар ауданында, Ембі қаласында мұражай ашылды. Осындағы алаңда ағайынды Жұбановтарға ескерткіш орнатылмақшы.

Жылдар жылжыған сайын Жұбановтың бейнесі халқы үшін одан сайын ыстық тартып бара жатқан секілді. Ел-жұрты өзінің адал ұлын ұмытпайды екен. Бұдан артық бақыт бола ма? Ол халқы үшін сонша мехнат көріп, текке өмір сүрмеген екен.

Әумин!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button