Жаңалықтар

Үйіңізге интернет қосылған ба?

Цифрлы Қазақстан

Бүгінде қоғамның қай саласын болмасын, интернетсіз елестету мүмкін емес. Жаһандық желі біздің өміріміздің ең қажетті бір бөлшегіне айналды. Ал кешегі пандемия кезінде интернетке, байланыс технологияларына деген сұраныс бұрын-соңды болмаған дәрежеде күрт артты. Тұтынушыға жедел әрі сапалы қызмет көрсететін провайдер қызметтеріне сұраныс әлі күнге дейін сол деңгейде. Кейіпкеріміз осылай дейді. «СоmраsТеІеСоm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Әнуар Зейнешұлының айтуынша, пандемия кезінде әдеттегі жағдайда компанияның бір жыл ішінде істейтін жұмыс жоспары бір-екі айдың ішінде-ақ орындалған. Бүгін де қарқын сондай екен.

—  Пандемия интернеттің біздің тіршілігімізге қаншалықты кірігіп кеткенін көрсетіп берді. Тек елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қоғамның барлық салаларында қашықтан жұмыс істеуге, білім алуға деген сұраныс күрт артып, жаһандық желіге деген тәуелділік артты. Біздің компания 2012 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатыр. Осы он жылдай уақыт ішінде интернетке деген сұраныстың ең жоғары деңгейге жеткені былтырғы пандемия кезінде болды.

Күні бүгінге дейін сол қарқын бәсеңдеген жоқ. Бүгін күніге кемінде 15-20 үйге интернет желісін тартып отырмыз, — дейді ол.

«СоmраsТеІеСоm» компаниясын «Қазақтелекомның» шағын баламасы, тіпті бәсекелесі деуге де болады. Бүгінде аталған компания жеке тұлғалар үшін ІР телефония, үйдегі интернет, \/РN арналарын қосу секілді бірнеше бағытта қызмет көрсетіп отыр.

Кезінде «Қазақтелекомның» облыстық филиалында, «Байнұр ИП» серіктестігінде монтер шебер болып жұмыс істеген Ануар Зейнешұлы 7-8 жыл тәжірибе жинақтағаннан кейін байланыс, интернетке деген сұраныстың артпаса, кемімейтінін түсініп, жеке кәсіп ашуға бел буғанын айтады.

— Біздің компания 2009 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Ресми түрде Тіркеуден өтіп, абоненттерге қызмет көрсетуге лицензия алғаннан кейін 2012 жылы жұмысымызды жүйелі түрде бастап кеттік. Бүгінде заңды тұлғалармен де, жеке тұлғалармен де жұмыс жасаймыз. Үйлерге интернет кіргіземіз. Қаламыздағы ірі супер, гипермаркеттер желілеріне бір ғимаратты екіншісімен байланыстыратын жергілікті желілер орнату секілді жұмыстар да атқарамыз. 2017 жылдан бастап шаһардың жаңа — Батыс-2, «Нұр Ақтөбе» секілді аудандарына интернет желілерін тарта бастадық. Жалпы, жаңа аудандарға интернет желілерін қосу барысында тұрғындардың сұранысына орай тезірек қимылдауға — өтінім берілгеннен кейін бір апта ішінде қосуға тырысамыз. Мәселен, былтыр тұрғындардың сұрауы бойынша Жаңақоныс-2 ауданына, «Нұр Ақтөбенің» 1,2,3-аудандарында, Батыс-2 ауданының бірнеше көп қабатты үйлеріне интернет желілерін тарттық, — дейді ол.

Облыстың бірнеше ауданына жоғары жылдамдықты желі жүргізу барысында қаржы қажет болғанда «СоmраsТеІеСоm» ЖШС «Даму» қорының Ақтөбе филиалына жүгініп, «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие алды. Сонымен бірге «Даму» қоры осы несие мөлшерлемесін ішінара субсидиялады.

— Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 100 миллион теңге шамасында несие қаражатын алдық. Оны «Сбербанк» акционерлік қоғамы екінші деңгейлі банкі арқылы рәсімдедік. Несие жылдық 14 пайызбен берілді, оның 8 пайызын «Даму» қоры арқылы мемлекет субсидиялайтын болды. Бұл — кәсіпкер үшін өте үлкен қолдау.

Қала тұрғындарын жоғарғы жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше жобамызды қаржыландыруға келісімін беріп, жұмыстарын аяғына дейін жеткізген «Сбербанк» мекемесіне, рәсімделген несиемізді мемлекеттік бағдарлама аясында ішінара субсидиялауда қолдау көрсеткен «Даму» қорының жергілікті филиалына мың да бір рақмет. Осы мемлекеттік бағдарлама бүгінде байланыс сапасы нашар, сәйкесінше интернет желілері тартылмаған ауылдық жерлерге де жаһандық желіні қосуға мүмкіндігіміз болды. Нақтырақ айтсақ, қала шетіндегі Бекқұл баба, Ақшат, Ақжар, Белогор карьері ауылдарына интернет тарттық. Былтыр пандемия кезінде қалалық әкімдік облыстағы барлық байланыс операторларын жинап, кімнің қандай мүмкіндігі бар екенін бағамдап, оқушыларға онлайн білім алу үшін қажетті интернет тартылуға тиіс елді мекендерді жаһандық желіге қосу туралы айтқан болатын. Дәл сол кездері еліміздегі елді мекендерді интернетке қосу мәселесі Президенттің тікелей өз бақылауында болғаны белгілі. Тіпті республикалық телеарналарда Белогор карьері ауылында балалардың онлайн білім алу үшін оқушылар интернет ұстайтын қырдың басына жиналатыны айтылып, үлкен шу болған еді. Сол мәселені біз реттедік. Сол кездері 725 үйге интернет қондырдық. Алдымен оқушылар бар үйлерлі жаһандық желіге қостық. Ол үйлерде шамамен 1500-2000 оқушы болды. Ақжар, Ақшат деген жерлерге де кемінде 100-дің үстіндегі үйге интернет қондырдық. Осындай қала іргесіндегі ауылдарға интернет тарту үшін радиорелелі базалық станция тұрғызып, Батыс-2 ауданында магистральдық оптикалық желі салдық. Бүгіндері Батыс-2 ауданында 50-ден аса, «Нұр Ақтөбеде» 60-тан аса көп қабатты үйге интернет желілерін тарттық. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама арқылы алған қаражатты айналымға жұмсадық, — дейді Ә.Зейнешұлы.

«СоmраsТеІеСоm» ЖШС интернет желілерін тартудың екі түрлі технологиясын ұсынады. Бірі — VPN канал, яғни радиорелелі қондырғылар арқылы жүргізілетін РРЛ технологиясы және пәтерге дейін тартылатын талшықты оптикалық GPON технологиясы.

— Қызмет құны нарықтағы бағамен шамалас. Пәтерге дейін тартылатын талшықты оптикалық GPON технологиясы — жаңа технология. Ол, негізінен, көп қабатты үйлерге тартылып жатыр. GPON — бұл 1 Гбит/с дейінгі жоғары жылдамдықты, интернетке сапалы және сенімді қосылумен қатар көпфункционалды кеңжолақты қолжетімділікті қамтамасыз ететін пассивті оптикалық желі. Пәтерге тікелей жүргізілген бір оптикалық-талшықты кабельдер арқылы, абонент деректерді жіберу және қызмет көрсетудің кепілді сапасымен телефония қызметтерін ала алады. Оның артықшылықтары неде? Біріншіден, интернетке қол жеткізу жылдамдығының жаңа стандарты — секундына 1 гигабайтқа дейін, интернеттен деректерді жүктеу ) —  АDSL-дегі максималды мүмкіндіктен 10 есе жылдамырақ, деректерді интернетке жүктеу 100 есе жылдам, ал кері арнаның жылдамдығы — секундына 200 мегабайтқа дейін, кедергісіз және үзіксіз жоғары сапалы байланыс, бір абонентке оптикалық кабельдің барлық ресурсы ұсынылады, бір кабел арқылы қосылатын мультисервистік қызметтер пакеті: интернет және үй теледидары (НD қолдауымен) және барлық қызметтерді төлеуге арналған бірыңғай шот, — дейді Ә.Зейнешұлы.

Аталған компания қызметкерлерінің өз тұтынушыларымен кері байланысы да бір ретке қойылған. Интернет желісі үзіліп, қандай да бір кемшілік болған жағдайда «СоmраsТеІеСоm» ЖШС басшысының өзіне де тікелей телефон шалып, мәселені әп-сәтте шешуге мүмкіндік бар.

— Абонент көп болғандықтан, пікір де көп. Кейде жүктеменің көп болуына байланысты, әсіресе кешкі мезгілде интернет сапасы, жылдамдығы нашар болуы мүмкін, не кейбір тұтынушылар сапасы төмен модем алуы мүмкін, сондықтан кейде кемшіліктер болып тұрады. Мұндай жағдайда тұтынушының сұранысына жылдам жауап беруге тырысамыз, — дейді ол.

Компанияның өз тұтынушыларына беретін жеңілдіктері де бар. Көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен бала кезден мүгедек адамдарға, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен заң аясында оларға теңестірілген азаматтарға ай сайынғы абоненттік төлем үшін 10 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ақпараттық, байланыс технологиялары уақыт өткен сайын жаңарып, өзгеріп отыратыны аян. Компания да серверлік жабдықтармен, компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеу үшін өз қызметкерлерін Алматыға жіберіп, арнайы оқытып алыпты.

—  Алда жоспарымыз көп. Бүгінде компаниямыз сымды және сымсыз байланыс технологияларын пайдалана отырып ғаламтор желісіне сапалы қол жеткізуді талшықты оптикалық байланыс желісі бойынша қауіпсіз мәліметтерді бере отырып, банк терминалдарына да қызмет көрсетіп келеді. Болашақта еліміздің батыс өңірінде телекоммуникация қызметін ұсынатын бәсекеге қабілетті провайдерге айналу жоспарымызда бар. Қазіргі уақытта облыс аудандарында да тұтынушыларымыз бар. Мәселен, Қандыағаш қаласының Жастар, Достық аудандарындағы үйлерге интернет желісін тартып жатырмыз, — дейді ол. «СоmраsТеІеСоm» серіктестігін еліміздегі телекоммуникация саласындағы алпауыт компания «Қазақтелеком» акицонерлік қоғамының бәсекелесі деуге бола ма?» — деп сұрадық кейіпкерімізден. «Болады. Қай жағынан болса да, бәсекелеспіз деуге болады», — деді сеніммен. Иә, ақпараттық технология, интернет саласының болашағы зор екенін де сеніммен айтуға болады. Бұл сала дами түспесе, тоқтамас.

— Осыдан жиырма жыл бұрын монтер, шебер болып жұмыс істеп жүрген кезімде адамдар қазіргі интернет желісін қондырғандай, үйге қарапайым стационарлық телефон қондыру үшін кезекке тұрып, жүгіріп жүретін еді. Қазір үй телефоны ешкімге керек болмай қалды. Болашақта бұл сала жетіле түсетіні белгілі. Уақытпен бірге өзгеруге, дамуға тырысамыз, — дейді Ә.Зейнешұлы.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button