Басты жаңалықтар

«Ақтөбенің тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болады деп ойлаймыз» 

Облысымызға іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері осылай дейді

Кеше өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері облыс әкімдігінде өткен көшпелі отырысқа қатысты. 

Басқосуда алдымен сөз алған облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары өңірде қарқынды жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

  • Биылғы жылдың бес айында облыста 270 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 100 пәтер пайдалануға берілді. Алда жыл соңына дейін кемінде 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді немесе 7 200-ден астам пәтерді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз етуге 5,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, — деген облыс әкімі комитет мүшелеріне тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Бұдан кейін отырыста комитет төрағасы Дәурен Әділбеков сөз сөйлеп, өткен жылы елімізде «Нұрлы жер» 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлінгенін, қазіргі таңда өңірлерде осы бағдарлама шеңберінде баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ ол әлеуеті зор өңірлерде индустриалды аймақтарды дамыту, соның нәтижесінде жұмыс орындарын құруды арттыру керектігін алға тартты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Сәлімгерей Бекбергенов облыста тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндап берді.

—  Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз етуде жалға берілетін 774 пәтерге 4,9 миллиард теңге және 91 пәтер сатып алуға 760 миллионнан астам теңге қарастырылды. Сонымен қатар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл 824 шақырымдық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, яғни газ, су, электр және кәріз желілерін салуға 11,1 миллиард теңге бөлінеді. Өңірде үйлерді жаңарту жұмыстары да жүргізіліп жатыр, бұл бағытта жыл соңына дейін құны 1 миллиард теңге болатын 28 жоба іске асырылады, —  деді ол.

Ал облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының айтуынша, биыл бес ай ішінде облыста индустриалды аймақты дамыту және тұрақты жұмыс орындарын құруда  қарқынды жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде жыл басынан бері 40-тан астам ірі және орта кәсіпорындардағы 30 мыңнан аса жұмысшысының еңбекақысы артқан. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі жоғары қарқынмен (108,1%) өскен.

—  Облысымызда биыл ірі инвестициялық жобалар, атап айтсақ, құны 36 миллиард теңге тұратын «Arm Wind» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жел электр стансасының екінші кезеңі, құны 9,2 миллиард теңге болатын «Зерде Керамика Ақтөбе» серіктестігінің керамогранит және керамикалық плиталар өндіру зауыты, «West Smart Trading» серіктестігінің құны 13,8 миллиард теңге тұратын мәліметтерді өңдеу орталығы, құны 15 миллиард теңге тұратын «ЭкоТехПрогресс» серіктестігінің зиянды мұнай қалдықтарын қайта өңдеу орталығы секілді бірнеше жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар іске асырылса, өңірде мыңдаған жұмыс орны құрылады, — деді Е.Кенжеханұлы.

Отырыста комитет мүшелері өңірлерде тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру және ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар мәселелерге қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салып, бейнебайланыс арқылы ҚР Ауыл шаруашылығы және Ұлттық экономика министрлігінің өкілдеріне өз сауалдарын жолдады.

Отырыс соңында өңірде «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» тұрғын үй бағдарламаларының лимитін өсіру, мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтуда барынша жеңілдіктер қарастыру, жаңа жұмыс орындарын құру, т.б. мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды.

— «Нұрлы жер» бағдарламасы, негізінен, баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған. Былтыр елімізде осы бағдарлама аясында 15 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ал биыл 17 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Біз осы келген сапарымызда Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында салынып жатқан үйлерді көрдік. Бұл аудан инфрақұрылыммен толық қамтылған. Ал облыста индустриалды аймақты дамытуға келсек, бүгін біз өңірдегі бірқатар кәсіпорындарды аралап шықтық. Оларда шамамен екі мың тұрақты жұмыс орны ашылыпты. Бұл —  өте жақсы көрсеткіш. Алдағы уақытта осы өңірдің қол жеткізген нәтижесі мен тәжірибесі басқа өңірлерге үлгі болады деп ойлаймыз, — деді комитет хатшысы Ерік Сұлтанов.

Айта кету керек, комитет мүшелері облыс әкімдігіндегі жұртшылықтың туындаған мәселелерін жедел түрде шешетін және оның орындалуын бақылауға алып, мониторинг жасайтын ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button