Жаңалықтар

Қандай мамандықтар бойынша облыс әкімінің грантымен оқуға болады?

Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен арнайы комиссия отырысында облыстың білім грантын бөлу мәселесі қаралды.

Білім басқармасының мәліметінше, 2021-2022 оқу жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды сұранысқа ие кәсіпке даярлау үшін облысқа 80 грант бөлінбек.

Отырыста биыл грант математика, физика, химия және бастауыш сынып мұғалімдерін, нақты салаға маманданған дәрігерлерді, агрономдар мен ақпараттық технология мамандарын дайындауға бөлінетін болады деп шешім қабылданды. Грант иегерлерінің тізімі осы жылдың 15-27 тамызы аралығында жарияланады.

Еске салайық, облыс әкімінің гранты талапкерлерге 2018 жылдан бері беріліп келеді. Әрбір грант иесі оқуды аяқтаған соң мамандығы бойынша белгілі бір уақыт облыс аумағында еңбек етуге міндетті.

Облыс әкімі грант иегерлерінің сабақ үлгерімін, олардың әрі қарайғы жұмысқа орналасуы мен қызметінің сапасын қатаң қадағалауды тапсырды.

Оңдасын Оразалин: «Грант алатын әрбір үміткермен алдын ала түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек. Ол туған өлкесінің оның оқуын не себепті қаржыландырып отырғанын білуге тиіс. Келешекте ол бұл грантты өзінің туған жеріне қызметімен өтейді», — деді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button