Жаңалықтар

Сенаторлар өндіріс орындарын аралады

Ақтөбеге арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Сенатының экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері облыстың экономикалық тұрғыдағы көрсеткіштері өте жоғары екендігін және бұл бағыттағы жұмыстардың бір жүйеге қойылып, қарқынды жүріп жатқанын байқағандарын айтады.

Іссапар аясында сенаторлар «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бүгінде аталған бағдарлама арқылы қол жеткізуге болатын тұрғын үйлердің құрылысы қаланың  «Нұр Ақтөбе» ауданында қарқынды жүріп жатыр. Ақтөбе қаласы әкімі Асхат Шахаров бағдарлама аясында 2017-2020 жылдар аралығында жалпы құны 47,1 миллиард теңге болатын 428,1 шаршы метр 6340 пәтер пайдалануға берілгенін айтты. Сонымен қатар 2019-2020 жылдары республикалық және облыстық бюджет есебінен 95 пәтер сатып алынған. Биыл да жыл соңына дейін облыс орталығының мыңдаған тұрғыны жаңа баспанаға ие болмақ.  Асхат Шахаров депутаттарға Батыс-2 ауданы мен құрылысы енді басталатын Батыс-3 ауданындағы жұмыстар туралы да айтып берді. Батыс-3 ауданында 12 шағын аудан, 387 көпқабатты тұрғын үй, 90 әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандар салынатын болады. 100 мың тұрғыны болатын жаңа ауданның құрылыс жұмыстары 2030 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Бұдан соң депутаттар «Green Capital Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешеніне барды. Қала сыртында орналасқан жылыжай соңғы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Үшінші кезеңі іске қосылған кезде 240 жұмыс орны ашылатын кешенде әзірге 120 адам еңбек етуде. Жоба «Агроэкспорт» және «Агробизнес» бағдарламалары бойынша қаржыландырылған. Қызанақтың бірнеше сорты өсіріледі. Экспорт та ерекше жолға қойылған. «Green Capital Kazakhstan» ЖШС облыста 2017 жылдан бері жылыжай кешенін салу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырып келеді. Бесінші буын жылыжай кешені гидропоникалық негізде көкөністерді жыл бойына өндіруге арналған. Кешен қосымша жарықтандыру жүйесі, сондай-ақ климатты бақылаудың тиімді жүйесімен жабдықталған.

Сенат депутаттары барған келесі нысан «Ақтөбе рельс-арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. Сенаторларға өндіріс жұмысы мен жоспарлары, шығарылған өнім сапасы туралы серіктестіктің бас директорының бірінші орынбасары Сергей Андронов айтып берді. Жылына 430 мың тонна өнім өндіретін өндіріс орнында бүгінде 800-ден астам жұмысшы бар. Еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылған инновациялық кәсіпорын пайдалану ресурсы жоғары жылдамдықтағы жүк және жолаушылардың жүрдек пойыздары үшін рельстер, арқалықтар, бұрыштамалар мен швеллер шығарады. Ақтөбенің рельс-арқалық зауытының өнімі ішкі нарықты қамтамасыз етумен бірге, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан, Беларусь және тағы басқа елдерге экспортталады. Бүгінгі күні зауытта «Siemens VIA Metals Techologies» атты жаңа технология қолданылады. Аталған технология зауытта шығарылатын рельстерді жоғары жылдамдықтағы қозғалыс желілерінде және жүк жүктемесі жоғары желілерде пайдалануға мүмкіндік береді.

— Ақтөбеге келудегі мақсатымыз — инновациялық, кәсіпкерлік бағытта жасалып жатқан жұмыстар барысын көру. Кеше де бірқатар нысандарда болдық. Бүгін де облыс орталығындағы  ірі өндіріс орындарын араладық. Барлығы заманауи тұрғыда жабдықталған. Жалпы, Ақтөбе облысы — өзге облыстарға қарағанда экономикалық көрсеткіштері жоғары өңірлердің бірі. Облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылып жатыр екен, — дейді Сенат депутаты Еділ Мамытбеков.

Сондай-ақ депутаттар «Ақтөбе» индустриалды зонасындағы «Зерде керамика» ЖШС-ның және «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Ақтөбе ферроқорытпа зауыты №4 цехының жұмысымен танысты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button