Жаңалықтар

Ахуал әлі де мәз емес… 

Брифинг

Коронавирус инфекциясына байланысты жағдай әлі де тұрақталған жоқ.  Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 24 маусымда 29 адамның КВИ-ге шалдыққаны туралы айтылды.

— Соңғы тәулікте, яғни 24 маусымда КВИ-мен ауырған 29 жағдай тіркелді.  Оның 21-інде ауру белгілері болған. Ақтөбе қаласы бойынша науқастанғандардың саны көп.

Жалпы, бүгінге дейін облыста коронавирус инфекциясымен ауырған 11789  жағдай тіркелді. 11323 науқас жазылып шықты. Олардың арасында сырттан жұқтырған, ауру адаммен қарым-қатынаста болған, сондай-ақ профилактикалық мақсатта тексерілгенде анықталғандар бар.

Қазіргі таңда 1148 адам үй карантиніне алынған, — деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Оның айтуынша, коронавирус инфекциясының алдын алу, яғни ауру жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға баруын болдырмау мақсатында іске қосылған «Ashyq» жобасы біртіндеп жер-жерге орнатылып жатыр. Айталық, облыс аумағында 14 сәуірден бері 526 кәсіпкер аталған жобаға қатысуға өтініш беріп, олардың 379-ы QR-кодты жүктеген. Ал 147 нысанда бұл әзірге тестілеу режимінде жұмыс істеп тұр.

— Айталық, бағдарлама енгізілгеннен бастап, өңірдегі «Ashyq» жобасына қатысатын «сары» статусы бар 86 адам және «қызыл» статусы бар 24 адам анықталды. «Ashyq» жобасын Аitu және Kaspi.kz. платформаларында қолдануға болады, — деп атап өтті Н.Беркімбаева.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев жыл басынан бері осы кеселдің кесірінен 160 адамның қайтыс болғанын (оның 30-ы пневмониядан) айтты. Сонымен қатар қазіргі таңда 161 адамның инфекциялық ауруханаларда ем алып жатқанын қосты. 13 науқас жансақтау бөлімінде жатыр…

— Ақпан айынан бері өңірге 280 500 вакцина жеткізілді. Бірінші компонент бойынша бүгінге дейін 115886 адам егілді, 70855 адам екінші компонентті қабылдады, — деді облыстың бас дәрігері.

Ресми дерекке сүйенсек, мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес биылдыққа ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша анықталған бұзушылықтар үшін 54 635 280 теңге көлеміндегі 442 айыппұл салыныпты. Сондай-ақ, координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 48 тексеру жүргізілген. Шараның қорытындысы бойынша 48 нысанға 7263330 теңге көлеміндегі 49 айыппұл толтырылған.

— Қауіп сейілген жоқ. Сондықтан баршаңызды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырамыз. Осы орайда облыс тұрғындарына түрлі мерекелік жиындарды, тойлар мен отбасылық іс-шараларды өткізуге әлі де тыйым салынғанын тағы да естеріңізге салғымыз келеді. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар жанынан ұйымдастырылған мобильді топтар тарапынан кәсіпкерлік объектілерінде карантиндік шараларды сақтау бойынша бақылаудың күшейтілетінін ескертеміз. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар! — деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Бір сағатқа жуық уақытқа созылған брифинг барысында жуырда қала көшелерінде мобильдік вакцинация пункттерінің қайтадан орнатылатыны, балаларға екпе алудың қажеті жоқтығы, т.б. айтылды. Сондай-ақ тұрғындар қоғамдық көліктердегі әлеуметтік қашықтықтың сақталмайтынына шағымданып, құзырлы органдардан аталған мәселеде жәрдем беруін сұрады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button