Жаңалықтар

Әке жолын қуған қыз

Ол өнерді жан-тәнімен қастерледі, себебі музыканың ұлылығын жете түсінген отбасында өсті.  «Мен академиктің қызымын» деп те ешқашан асқақтаған емес, керісінше, «мен қарапайым музыка мұғалімімін» деп, адал тер төгіп, кәсібіне адал бола білді. Ұлағатты ұстаз, пианист, әке жолын жалғастырушы  Роза Жұбанованың еңбек жолы өнеге тұтуға лайық. 

Роза Жұбанова 1937 жылдың 17 наурызында Ахмет пен Науат Жұбановтардың отбасында дүниеге келді. Бала кезден-ақ музыкаға деген талғамының қалыптасуына отбасындағы тәрбиенің ықпалы болғаны сөзсіз. Балаларының болашағынан үлкен үміт күткен әке Розаны алты жасында музыка мектебінің  фортепиано класына берді. Алайда ол музыка мектебін уақтылы аяқтай алмады, себебі 1951 жылы кеңес билігі ұлтшылдыққа қарсы репрессияны қайта бастап, академик Ахмет Жұбанов «Қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосы» атты еңбегінде ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі Кенесары ханның есімін атағаны үшін қудалауға ұшырады. Осының салдарынан Ахмет Қуанұлының өзі де, отбасы да көп зардап шекті. Роза аяқтай алмай қалған білімін  тек кейінірек жалғастырған. Орта мектептен кейін ол Құрманғазы атындағы консерваторияға түсіп, екі жылдай арфа класында оқып, одан соң фортепианоға біржола ауысты. Әкесінің ақыл-кеңесі бойынша Мәскеу қаласындағы Гнесиндер атындағы музыкалық-педогогикалық институттың фортепиано класына түсті, бірақ соңғы курстарын отбасы жағдайына байланысты Алматыда жалғастырған. Роза Ахметқызы еңбек жолын өзі бітірген консерваторияда профессор Бекен Желісбаевтың вокал класында концертмейстерліктен бастады да, кейін П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищеге ауысып, осы жерде ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етті.

Ардақты әкесі Ахмет Жұбанов қана емес, Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Рүстембек Омаров, Фуат Мансуров сынды өнер иелерінен де тәлім-тәрбие алған Роза Жұбанова өз ұстаздарының жолын абыройлы жалғастыруға бар күш-жігерін жұмсады. Апалы-сіңлілі Аптекарь-Айнағұловалар, Т.Калганова, Э.Төлегенова, И.Усачева, Т.Валиев, А.Қонысбаева сынды белгілі музыканттар — Роза Ахметқызының шәкірттері. Тағы бір сүйікті шәкірті — пианист әрі фортепианодан сабақ беретін педагог Н.Коцюбинская Италияда еңбек етіп жүр. Роза Ахметқызы шәкірттерінің репертуарларына қазақ композиторларының туындыларын да енгізуге күш салды. Сонымен қатар өзі де шәкірттерімен бірге сахнада өнер көрсетіп, тыңдарманды В.Моцарт, И.Бах, Л.Бетховен, Ф.Шопен, т.б. шығармаларымен сан рет тамсандырды.

Роза қызы Зәурешті де өнер жолына баулыды. Бүгінде Зәуреш — Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында концертмейстер, тамаша пианист, ҚР мәдениет қайраткері.

Өнердің ұлы бәйгесіне жүздеген шәкірт тәрбиелеп қосқан ұстаз Роза Жұбанова 1992 жылы 55 жасында өмірден өтті. Ол тек текті әулеттің бір өкілі ретінде ғана емес, өзінің ерекше талантымен және қарапайымдылық пен адамгершілікті ту еткен асыл болмысымен ел есінде қалды.

                                                                              Ұлболсын КЕРЕЙҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button