Мәдениет

Самал — жыршылар байқауының бас жүлдегері

Ақтөбеде өткен облыстық жыршылар байқауының бас жүлдесін А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің 2-курс студенті, 17 жастағы Самал Медеубаева жеңіп алды.

«Едіге деген ер екен…» атты жыршылар байқауы облыстық халық шығармашылығы орталығынан ашылған «Ер Едіге» жыр мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Байқауды ұйымдастыруға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау көрсетті. Оған Ақтөбе қаласынан және Әйтеке би, Мұғалжар, Қарғалы, Қобда, Шалқар аудандарынан 12 жыршы қатысты. Ал қазылар алқасы құрамында «Ер Едіге» жыр мектебінің ұстаздары, белгілі жырау-жыршылар — Демеубай Жолымбетов, Әділбек Сарин, Есентүгел Әзи, «Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы Ахат Мырзалин, С.Бәйішев атындағы университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы, едігетанушы Жұманазар Асан болды.

Байқау талабына сай алғашқы кезеңде қатысушылар Батақтың Сарысы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақтан Керейұлы, Әбубәкір Кердері, Нұрпейіс Байғанин сынды әнші-жыраулар мен халық композиторларының шығармаларын орындаса, ал екінші кезеңде «Едіге» жырынан үзінді (Ш.Уәлиханов, Мұрын жырау, Нұртуған нұсқалары) жырлады.

Қазылар алқасының шешіміне сай байқаудың бас жүлдесін А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің 2-курс студенті Самал Медеубаева жеңіп алды. I орынды — Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншілер тобының жетекшісі Ғазиза Әбдірова, ал II орынды А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің тағы бір студенті (2-курс) Ғани Қайроллаев иеленді. III орынды қобдалық Бердібай Тойғалиев, Сазды ауылынан келген Қази Қожамұратов және ақтөбелік Жеңіс Елемесов сынды үш өнерпаз бөлісті. Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды. Халқымыздың жыршылық дәстүрін жалғастыруға деген ниеттері үшін ұйымдастырушылар басқа қатысушыларды да сый-сияпатсыз қалдырған жоқ, оларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button