Жаңалықтар

Қалам иесіне құрмет

Жарты ғасырға жуық ғұмырын журналистикаға арнаған Муапық Боранқұлов осыдан екі жыл бұрын өмірден өтті. Ол жарық дүниедегі соңғы сәтіне дейін қолынан қаламын тастаған жоқ.

Арада өткен екі жыл оның аяулы есімін әріптестері мен замандастары жадынан ешқандай өшірген жоқ. Қайта уақыт өткен сайын облыс баспасөзінде айшықты қолтаңбасын қалдырған журналистің іздеушілері көбейе түскендей.

Осы аптада Ақтөбе қаласы аумағына қарасты Қарғалы селосындағы Әби Құрғұлов көшесіндегі №1 үйде — қаламгердің ширек ғасырдай құтты қонысы болған мекенжайда «Қазақстанның құрметті журналисі», «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі Муапық Боранқұловқа арналған мемориалды тақта ашылды.

— Муапық Боранқұлов — облыс журналистикасында өзіндік орны бар қаламгер. Ол аудандық басылымдарда, облыстық газетте ұзақ жыл қызмет атқарды. Сонымен бірге өткен ғасырдың соңғы жылдарында «Экономика-бизнес», және «Жаңа ғасыр-Новый век» тәуелсіз газеттерінің бас редакторы болған тұста оныменқызметтес болдым. Ол өзінің журналистік қызметін жоғары бағалайтын, жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқаратын.

Оның еліміз егемендік алған тұста мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру тұрғысындағы еңбектері атап өтуге тұрарлық. Сол кездері Ақтөбе ауданы деп аталатын осы өңірде қазақ кластарын ашуға, ұлттық кадрлардың өсуіне байланысты көптеген ықпалды жұмыстар жүргізгенін білеміз. Оның басқа марапаттарын айтпағанда, «Ақтөбе облысына еңбегі сіңген» атағы берілуінің өзі осындай қоғамдық белсенді қызметтерін бағалаудың нәтижесі. Біз ардагер аға есімін әрқашан құрметтейміз, биылғы баспасөз мерекесінде жас журналистердіңбіріне Муапық Боранқұлов атындағы жүлде берілетін болады,— деді салтанатты жиында сөз алған Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин.

Ақтөбе ауданы әкімшілігінің басшысы болып қызмет атқарған Қайырқожа Елеусізов те өз естеліктерімен бөлісті. Сол тұста аудандағы «Қазақ тілі» қоғамының белсенді жұмыс атқарғанын тілге тиек еткен ол Қайырбай Мұғалов, Нығмет Балбосынов, Муапық Боранқұлов, Қайырғали Арыстанғалиев секілді азаматтардың атына жылы лебізін білдірді. «Біз «Илекские зори» газетінің бірнеше бетін қазақша шығаруға қол жеткіздік. Ол кезде өз ұлтымыз аз қоныстанған ауданда бұл үлкен жетістік еді. Редактор ретінде де Муапық Талиұлы бұл істе ынталылық танытты. Ол жолдастарына мінезі жайлы, адам жанын түсінгіш болғанымен, ел мүддесін қорғаған маңызды мәселелерде принципшіл болатын, өз ұстанымынан қайтпайтын», — деп сөзін түйіндеді ол.

Облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл НұркееваАстрахань облысы Володар ауданының Цветное селосында дүниеге келген әріптес ағаның 1973 жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген соң Мәртөк аудандық «Ленинский путь» газетіне әдеби қызметкер болып журналистикадағы алғашқы еңбек жолын бастағанын айта келіп, оның өмірбаянына қысқаша шолу жасады. Батыс Қазақстан теміржолының «Стальная магистраль» газетінде жауапты хатшы болып жүргенде Ақтөбе аудандық «Илекские зори» газетіне редактордың орынбасары қызметіне шақырылған ол тоқсаныншы жылдардың басында газет редакторлығына тағайындалады.

Редактор бола жүріп қоғамдық қызметтерге белсене араласады. Қарғалы селолық кеңесінің, аудандық кеңестің депутаты болып бірнеше мәрте сайланады.

Ал облыстық «Актюбинский вестник» газетінде қызмет атқарған жиырма жылдай уақыт ішінде ол қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті.

Ақтөбе аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болған Ойыл ауданының құрметті азаматы Қуаныш Нұршин жақсы жолдастың, азаматтың тұлғасын асқақтата сөйледі.

«Ол қай саланы да жетік білетін. Әсіресе адамдардың мұң-мұқтажына айрықша көңіл бөлетін. Депутат болған кезінде көпшілік көңіліндегі түйінді мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін тапқанша тыным таппайтын. Сол қасиетімен дежұртшылық арасында беделі көтеріліп, үлкен құрметке ие болды» деді ол.

Білім беру саласының ардагері Айжан Балбосынова да журналистің қызметтік, қоғамдық саладағы еңбектеріне кеңінен тоқталды.

Мемориалды тақтаны ашу құрметіне белгілі кәсіпкер, қоғам белсендісі Қайырғали Арыстанғалиев пен облыстық «Актюбинский вестник» газетінде ұзақ жыл қызмет атқарған еңбек ардагері Мирал Жармұхамедов және Рахат Муапық немересі ие болды.

Жиын соңында журналистің зайыбы Фаруза Сағидуллақызы, балалары Руслан мен Арман жиналғандарға алғыс сезімін білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button