Мереке

Газет оқырманымен өміршең

Қоғамның бүкіл тынысы, әр күннің жаңалықтары көпшілікке бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жетеді. 

БАҚ қызметкерлері мерекесі қарсаңында біз облысымыздағы ғасырлық тарихы бар көне басылымдар — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналының басын қосып отырған «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншинмен сұхбаттасқан едік:

— Қазіргі күні газет ХХІ ғасырдың баспасөз құралы бола ала ма деген сауал төңірегінде күмәнді пікірлер көбірек айтылады. Газет түгіл, тіпті теледидардың өзі көп қарала бермейтіні рас. Сондықтан газеттерге қағаз рәсуа етпей, оларды интернет-басылымдарға айналдыру керек деген пікір басымдық алып барады. Осыған байланысты сіздің пікіріңіз қалай?

— Бұл мәселеге байланысты ой-пікірімді көптен айтып жүрмін. Тіпті озық технологиялардың отаны саналатын, интернетпен барынша қамтылған елдердің өзінде әлі күнге дейін газеттің орны бөлек, оны радио да, телеарнада, ғаламтордағы қаптаған сайттар да ақпарат кеңістігінен біржола ығыстырып шығара алған жоқ. Мысалы, Жапонияның ұлттық басылымы — «Асахи симбун» газеті 10 миллион таралыммен шығады. Баспасөздің отаны саналатын Францияда күн сайын жүздеген мың таралыммен шығатын бірнеше басылым бар.

Ал Қытайдың басты газеті — «Жэньминь жибао» да миллиондаған таралыммен күніне екі рет және бірнеше тілде шығады. 2018 жылы Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында өткен үлкен жиында осы газеттің редакциясын, қызметкерлерін көрудің сәті түсті. 50 елден 150 журналист қатысқан жиында шетелден келген журналистердің бірі газеттерге болашақта мүлде оқылмай қалу қаупі төніп тұрғаны туралы сөз қозғады. Сонда байқағанымыз — «Жэньминь жибаоның» журналистері газеттің ақпарат кеңістігінен мүлде ысырылып шығуын мүмкін деп санамайды екен. «Радио да, теледидар да, ғаламтор да — газетке бәсекелес ақпарат құралдары; ал бәсекелестік көп болған жағдайда бір ғана жол бар — өзіңді дамыта түсу», — дейді олар.

Біздіңше, газеттің басқа ақпарат құралдарынан басты артықшылығы — сенімділігі. Екіншіден, газеттің сөзі — жоғалмайтыны. Біздің архивімізде 1939 жылдан бастап облыстық газеттердің тігінділері сақталған. Яғни, сол кезде айтылған сөз әлі де қолымызда тұр, әлі де санада өткенді жаңғыртуға, тірілтуге қабілетті.

Радио мен теледидарда айтылған ақпаратқа қайта айналып соғу қиын, ол көпшілікке қолжетімді бола бермейді; ал ғаламтордың жалған ақпараттар таратуға ыңғайлы орта екенін бүгінде баршамыз түсініп отырмыз.

Мысалы, айталық, Қытайда мынадай жағдай орын алған. Бір жүргізуші көлігіне ие бола алмай, жолда тұрған аялдамаға соқтығып, одан әрі біреуді қағып кете жаздайды. Сол маңда болған өз интернет парақшасын жүргізетін блогерлердің бірі мұны дереу суретке түсіріп, мас жүргізушіні айдай әлемге «масқара» етуге кіріседі. Сөйтсе, жүргізуші ешқандай да мас емес, сол сәтте аяқ астынан денсаулығы сыр беріп, науқасқа шалдыққан адам болып шығады. Яғни, жұртты бір дүрліктіруді көздеген блогер ақпараттың жалған-шынайылығын тексеріп жатпаған, долбармен жаза салған. Қытайда ондай «ақпараттарды» тарату заңмен жазаланады екен. Міне, оқу мәдениетінен айырылып қалғысы келмейтін елдер ақпарат тарату қағидаларының сақталуына, кәсіби журналистерді қолдауға мән береді.

— Газет оқырманмен ғана ғұмырлы, өміршең бола алмақ. Газетті оқырманға жеткізу оңайға соқпасы түсінікті.

— Біздің газеттеріміз — ғасырлық тарихы бар газеттер. «Ақтөбе» газетінің шыға бастағанына биыл — 97 жыл болса, ал «Актюбинский вестник» газеті 103 жылдан бері жарыққа шығып келеді. Газеттің бір шаңырақ астында бірнеше буын оқырмандары бар. Біздің газеттерімізді 50, 60 жылдан бері үзбей оқып келе жатқан жанашыр оқырмандарымыз да көп. Әсіресе, осы тұрақты оқырмандардың көбіне талғамы жоғары болып келеді.

Әрине, оқырманға қарай қадам жасау әрқашан өзекті болмақ. Біз, ең алдымен, оқырмандарды толғандыратын мәселелерге, олардың жұртшылықпен бөлісетін ақпараттарына газет бетінен көбірек орын береміз. Біздің оқырмандарымыздың дені — ауылдарда. Сондықтан ауыл тіршілігін біз ерекше назарда ұстаймыз. Аудандарда оқырмандармен кездесулер, көпшілік мәдени-шаралар ұйымдастырып, оқырмандарға құрмет көрсетіліп келеді, бұл дәстүр соңғы жылдары індетке байланысты ғана саябырсып қалып тұр. Өткен жылы оқырмандар арасында «Өз газетіңізге жазылыңыз!» атты акция ұйымдастырылды. Оған 263 адам қатысты. Оның ішінде 218 адам — «Ақтөбе» газетіне, 45 адам «Актюбинский вестник» газетіне 12 айға купон арқылы жазылған екен. Солардың арасынан 16 адам жергілікті телеарнада тікелей эфирде өткізілген лотерея ойнату кезінде ұтысқа ие болды.

Оқырмандарымыз өздерінің түрлі тақырыптағы мақалаларын, балаларының туындыларын, жақсы жаңалықтар туралы ақпараттар жолдап, газет редакциясына да жиі хабарласады. Осының бәрі мерейімізді өсіреді, газетімізге деген ынта-ықыластың суымағанын көреміз.

Соңғы жылдары таралымның төмендеп кеткені рас, дегенмен, бұл оқырмандарымыздың азайып кеткендігін көрсетпейді. Өйткені, біздің екі газеттің де сайттары бар, жарияланымдарының қаралуы, оқылуы жағынан олардың көрсеткіштері жақсы.

Сондықтан әрдайым бізбен бірге келе жатқан оқырмандарымызға үлкен ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Ең басты мақсатымыз — оларды жоғалтып алмау.

— Ақпараттың басқа саласынан гөрі газет журналисі болудың бейнеті көбірек секілді көрінеді…

— Газет жұмысының бейнеті көбіректеу екені рас, үнемі ізденіс керек, оның үстіне тасқа басылған дүниенің жауапкершілігі де жоғары болады.Телеарна журналистері «жиналғандар қарасы көп болды», «өртті ауыздықтады», «спортшылар жарыстан қанжығасына күміс медаль байлап келді» деген секілді қисынсыз тіркестерді жиі қолдана беретінін байқап жүрміз, ал газетте бұндайға жол берілмейді. Облыстық телеарнаның басшысы болған тұста осындай сөз тіркестерін қолданбауды ескертіп отыратынмын. Кейбіреулер журналистика арқылы тек танылуды, танымал болуды көздесе, мұндай жағдайда газеттен гөрі, теледидар ыңғайлырақ болатыны түсінікті.

Өз басым «Ақтөбе» газетінің аға буын журналистерінің тәрбиесін көрдім, солардың шыңдалу мектебінен өттім, кешегі өтпелі кезеңде газеттің ыстық-суығын солармен бірге көтердік. Қағаз жоқтығы себепті екі ай бойы газеттің шықпай қалған кезі де болды. Сонда біз, ең алдымен, оқырмандарымыздан айырылып қалмаймыз ба деп қобалжыған едік. «Оқырман газетімізді ұмытпасын, газеттің аты көз алдында болсын» — деп, басына газетіміздің атын қойып, тек қана телебағдарламаны шығарып-таратып жүрген күндерде болды.

Көптеген қиындықтан мұқалмай өткен, өзінің кәсібіне адалдықтан, бастапқы арман-мұратынан айнымаған аға буын өкілдерін кейінгі жастарға үлгі-өнеге ету — біздің парызымыз. Редакциядағы түрлі шаралар кезінде зейнеткер әріптестеріміз төрімізде болса екен дейміз. Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай журналистерімізді кезінде біздің редакциямызда қызмет жасаған ілгері толқын өкілдері атындағы сыйлықпен марапаттауды дәстүрге айналдырдық. Бүгінге дейін Смағұл Мұқашев, Нұрқайыр Телеуов, Әкімжан Оралбаев атындағы сыйлықтар берілсе, биыл Муапық Боранқұлов пен Бердібай Кемал атындағы сыйлықтармен марапаттауды жоспарлап отырмыз. Аға ұрпақтың еңбегін елеусіз қалдырмау мақсатымен, осындай істер алда да жалғаса береді.

Сұхбаттасқан Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button