Мереке

Тікелей эфирдегі қызықтар

Лаура Палман — «Aqtobe» телеарнасының редакторы. Кезінде облыстық «Ақтөбе» газетінде еңбек еткен ол қазір «Қалам-Құдірет», «Кездер-ай», «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» хабарларының редакторы және жүргізушісі.
Аталған телеарнаға 2010 жылы жұмысқа қабылданған Лаура әр жылдары «Үмітпен соққан жүрек», «Қайырлы кеш, Ақтөбе!», «Сенбідегі жүздесу», «Жырдария», «Әйел деген бір әлем», «Әйелдер әлемі», т.б. хабарларын жүргізді.
— Облыстық телеарна — ел тарихын таспалауда талмай, тынбай жұмыс жасап отырған берекелі ұжым. Телеарнаға алғаш келген жылдары тікелей эфирде өтетін «Қайырлы таң, Ақтөбе!» ақпаратты-сазды бағдарламасын әріптесім Әнуарбек Мырзатайұлымен бірнеше жыл жүргіздім. Тікелей эфир кезінде талай қызықты оқиғалардың куәсі болып жатамыз. Эфирге келген қонақтар кешігіп келіп, аты-жөнін жазып алуға үлгермей, талай рет «өзіңізді таныстырып өтсеңіз» дегенбіз. ТІкелей эфирге ауылдан кластасым хабарласып, жағдайымды сұрап тұрып алғаны бар. Бірде студияда тоқтамай сөйлеп отырған ардагер ұстаздың протез тісі ұшып кетті. Оны жерден алып, баппен қайта салып алып, әңгімесін жалғай берді, — дейді Лаура эфир барысындағы қызықты жағдайлар туралы.
Тіс демекші, өзінің де тіске қатысты хикаясы қазір әріптестерінің арасында әзілге айналып кетіпті.
— Бірде сол жақтағы үстіңгі тісім қисық болып, соны жұлдырып, керамика салдырдым. Тісім дайын болғанша, үш тістің орнына уақытша жасанды, дүрдиген, ыңғайсыз тіс қойды. Жұмысқа келсем, шеф-редактор Бибігүл Биманова ауырып қалыпты. Басшылық оның «Сәті түскен сұхбат» хабарын маған жүргізуді тапсырды. Тісім уақытша тұрғанын, дұрыс сөйлей алмайтынымды, тіпті «с» әрпі көп хабардың атын айтуда қиналатынымды айтып, шыр-пыр болдым. Дегенмен басшым жүргізетін адамның реті болмай тұрғанын, Маңғыстаудан «өз аяғымен келіп тұрған» жыраумен қалайда сұхбат алып қалуым керегін нықтап тапсырды. Эфирге дайындалып жатып, әлгі қонаққа жағдайымды айттым. «Мен көп сөйлемеуге тырысамын, ағай! Тісімнің кесірінен «с» әрпі бар сөзді мүлде дұрыс айта алмаймын, көріп тұрсыз ғой», — дедім шарасыздықтан. Сонда бетіме қарап тұрған ол: «Менің атым — Сәрсенбай ғой» — демесі бар ма? Кейіннен осы әңгіме жұмыстастарымның арасында әзілге айналды, — дейді Лаура Палман.
Кейіпкеріміздің есімі өлеңсүйер қауымға да жақсы таныс. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып жүр. Облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының бірнеше мәрте жеңімпазы.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button