Мереке

Тынымсыз Мұхтар

«Баспасөзде жұмыс істеудің не екенін, журналистика мамандығының қыр-сырын білгілеріңіз келсе, алдымен аудандық газетте жұмыс істеп көріңіздер». Университетте оқып жүргенімізде ұстаздарымыз осылай дейтін. Себебі аудандық газетте жұмыс істеу журналисті жан-жақты болуға үйретеді: олар редактор бола жүріп журналистің де, корректордың да, бет қаттаушының да  міндетін бір өзі атқара береді. Біздің кейіпкерлеріміз де тап сондай.

Аудандық «Шалқар» газетінің редакторы Мұхтар Мырзалин сегіз қырлы, бір сырлының нағыз өзі: апта сайын шығатын газеттің редакторы да, журналисі де, бет қаттаушысы мен корректоры да өзі. Қашан көрсең, газетінің қамымен жүреді де қояды: ауданда болып жатқан барлық іс-шараларды, шалқарлықтардың тірлігін тұтастай газет бетінде көрсетуге тырысады. Жұмысынан қолы қалт еткенде облыстық «Ақтөбе», республикалық «Egemen Qazaqstan», «Ана тілі» газеттеріне де мақала жолдап тұрады.

Мұхтар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде журналистика мамандығы бойынша білім алғаннан кейін, 2004 жылы бірден өзі туған жерге кетті. «Шалқар» газетіне жұмысқа тұрды.

— Сол уақыттан бастап бүгінге дейін 90 жылдық тарихы қалыптасқан аудандық «Шалқар» газетінде жұмыс істеп келемін. Редакцияда жасалатын барлық жұмыстардың сатысынан өтіп, редакторлыққа жеттім. Аудандық газетте күндегі тіршілікпен бірге қайнап, өлкеде болып жатқан хабар-ошарларды, еңбек адамдарын, мерейлі жасқа жеткен ардагерлерді жиі жазасың. Кейде өзіңе маңдай тіреп, өтішін жасап келгендердің де қағазына көмектесіп жібересің. Жалпы, аудандық басылымда жұмыс істейтін тілшілер де жан-жақты болуы қажет. Себебі кадр жоқ, редакциядағы барлық жұмысты  өзің атқара беруге тура келеді. Мақала жазу бір бөлек, оның әзірленіп, газет болып шыққанға дейінгі редакцияда жасалатын жұмысы шаш етектен.Оны тек осы кәсіптің машақатына малынған адам ғана біледі, — дейді ол.

Аудандық «Шалқар» газетінің шыға бастағанына келер жылы 90 жыл болады. Басылым аптасына бір рет жұмыс ауқымына қарай А-2, Д-2 форматтарымен шығады.

— Бүгінгідей әлеуметтік желілерде ақпарат тасқындап тұрғанда газеттің де орны жойылмауға тиіс. Өйткені желілердегі ақпарат көзі жылдамдығы жағынан жоғары болғанымен, ол құмға сіңген судай… Оның архивтерде сақталуы қанша жылға дейін баратыны да белгісіз. Ал газет тарихтың тұрақты парағы іспеттес. Ондағы жазу ғасырлардан-ғасырларға жетеді. Біздің «Шалқар» газетінің алғашқы 1932 жылы латын тілінде шыққан тігіндісі аудандық музейде әлі сақтаулы тұр. Тоқсан жылдық тарихы бар газетіміздің сарғайған тігінділерінде менің де қолтаңбам қалатынына қуанамын, — дейді ол.

Мұхтар, жақсы мағынасында айтқанда, өте тынымсыз, мазасыз журналист. Редакцияда басқа жұмысқа алаңдамауы үшін таң алакеуімде тұрып алып, облыстық, республикалық газет-журналдарды бастан-аяқ оқып шығады. Өзі әзілге жақын. Достарымен әзіл өлеңмен айтысқанда, қарсыласын күлкіге көміп тастайды.

—  Журналистік қызметіңде адамдардың ішкі болмысына көп үңілесің.  Сондықтан осы салада жұмыс жасасаң, адамдармен жиі сұхбаттасасың, олардың пікірі де сан алуан. Керегін санаңа тоқып, өзің де үлкен тәжірибе жинақтай бересің. Баспасөзде 17 жылдан бері жұмыс істеп келемін, осы жылдар ішінде айнымайтын серігім болып келе жатқан журналистикадан басқа салада жұмыс істеймін деген ой болған емес, — дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button