Мереке

Мұғалжардың Бануы

Облыстағы аудандық газеттер ішіндегі бүгінгі ақпараттық технология игіліктеріне тез бейімделіп, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, тіпті дербес ютуб арнасын іске қосып, мақалалармен бірге оқырманға, көрерменге бейнематериалдар ұсынып отырған бірден-бір газет — «Мұғалжар» газеті. Мұның бәрін «Мұғалжардың» тынымсыз редакторы Бану Жартина ұйымдастырып отыр.

Қарабұтақтан әріректегі шағын ғана Талдық ауылында дүниеге келген қыздың әдебиетке, жазуға жақын болғаны ауылдың әсем табиғатынан, қасиетті топырағынан болса керек.

— Менің ауылым — табиғаты ерекше, бастауын Мұғалжар тауынан алып, Ырғыз өзеніне құятын Ұлы Талдық пен Бала Талдық деген өзендердің ортасында орналасқан ауыл. Алғашқы еңбек жолымды ойланбастан сол туған ауылымда өзім білім алған, ата-анам ұстаздық еткен Талдық орта мектебінде мұғалім болыпбастадым, — дейді Бану.

Одан кейінгі жылдары Бану республикалық «Алтын Орда» газетінде корректор, «Нұрдәулет» газетінде тілші, «Мұғалжар» газетінде тілші, бас редактордың орынбасары, Қандыағаш қалалық «Жем самалы» газетінің редакторы, аудандық әкімдікте ішкі саясат бөлімінің жанындағы қоғаммен байланыс орталығында, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде және жұмыспен қамту орталығында қызметтер атқарды. Мемлекеттік қызмет жанның қалауы емес екенін түсінген Бану

былтыр өзі 10 жыл жұмыс істеген аудандық «Мұғалжар» газетіне жұмысқа қайтып келді.

— Аудандық газет – мен үшін үлкен мектеп. «Мұғалжарда» бас редактор болған Қуаныш Кенжеғалиев ағай: «Аудандық газетте еңбек еткен адам әмбебап маман болады», —  деп отырушы еді үнемі. Толықтай келісемін. Осы жердегі тілшілер мақала жаза жүріп, корректор да болып, бет те қаттап, дизайнерлік қызметті қоса атқара алады. Аудандық газеттің қызығы да сонда. Бір бағытта тақырып таңдай алмайсың. Бүгін спорт, ертең білім, келесі күні денсаулық туралы жаза бересің. Бұл  журналистің жан-жақты болуына, ізденуіне жақсы әсер етеді.

«Мұғалжар» газеті ұжымының қай буыны да жазған мақалалары, көтерген тақырыптары арқылы ауданның тыныс-тіршілігінен хабар беріп, туындаған мәселелерді шешуге атсалысып, жасалып жатқан жұмыстарды жариялап, жекелеген адамның мәселесін жергілікті биліктің назарына жеткізіп, жалпы «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» болу жолында еңбек етті және еңбек етіп келеді.  Бұрын аудандық газетте ақпарат тарату қиындау болды. Өйткені аптасына бір рет шығатын газеттегі кейбір ақпарат оқырман қолына жеткенше ескіріп кетуші еді. Ал бүгінде заман талабына сай басылымның әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы да ақпараттарату ақпаратты оқырманға жылдам, дер кезінде жеткізуге жол ашты, — дейді Бану.

Бала кезден жазуға құмар болған Бану редакция жұмысынан бос кезде кітап оқиды. Иә, қашан көрсең де, қолынан кітабын тастамайды, қазақ әдебиеті, әлем әдебиетінің жауһарларын «ашқарақтана» оқиды. Және тапсырыс бойынша айтары бар жекелеген адамдардың кітаптарын жазуға, редакциялауға уақыт та табады.

— Бала кезден мен үшін ойымды қағазға жазып жеткізу оңайырақ болатын. Күнделік жазу да бала кезден әдетке айналды. Кітап оқығанды жаным сүйеді, қазақ тілі мен әдебиеті мектептегі сүйіп оқыған пәндерім болды.  Бұның барлығы менің журналистиканы таңдауыма әсер еткен болар. Егер адамның өмірде қателеспеуге тиіс екі таңдауының бірі мамандық болса, мен мамандық таңдаудан қателеспеген адаммын.  Кез келген мамандықтың өзіне тән қиындығы мен қызығы, артықшылығы мен кемшін тұсы болады. Мен үшін журналистика да дәл солай кереғарлыққа толы мамандық. Журналист қоғамдағы мәселені көре біліп, оны сауатты түрде көтере біліп, шешімін табуына атсалысып, жақсылыққа шақырып, жамандықтан жиренту жолында еңбек етуге тиіс. Журналистиканың артықшылығы да осында —  ізгі ниет пен адал еңбекте, — дейді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button