Мереке

Журналистер бос уақытын қалай өткізеді?

Кәсіби мереке қарсаңында микрофон мен диктофонды серік еткен бірқатар әріптестермен сөйлесіп, олардың бос уақыттарын қалай өткізетіндерін білген едік.  Тек жұмыс барысында ғана кездесіп, амандасатын әріптестеріміздің біз білмейтін сан түрлі қырлары бар екен.

Сонымен…

Оның хоббиі— гүл өсіру

Қоғамдық-ақпараттық апталық «Керек.info» газетін оқитын оқырман Жансая Есмағанбет есімін жақсы біледі. Үнемі құқық саласында қалам тербеп, жазған жаңалықтарын оқырманына дер кезінде жеткізуге асығатынәріптестің мереке қарсаңында жаңа бір қырын білдік.

Журналистика саласында 13 жылдан астам тәжірибесі бар Жансая әріптестері арасында сыйлы. Көп көзіне елене бермейтін, бірақ өз ісіне тиянақты әріптесті тек жұмыс барысында ғана кездестіріп қаламыз. Әлеуметтік желіде де көп отырмайды. Оның себебін енді түсіндік. Жансая бос уақытының барлығын гүлдерін күтіп-баптауға жұмсайды екен. Оның үйін алғаш көргенде гүл салоны ма деп қаласыз. Үйдегі гүлінің көптігі сондай, аттарынан әріптестің өзі шатысты.

— Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде баспасөз қызметінің маманы болып еңбек етіп жүргенімде еден жуатын апай болды. Гүлге деген қызығушылығым сол апайдың әңгімесінен басталды. Содан кейін мен де гүл егуді қолға алдым. Әрине, қазір де бұл саланы жетік меңгердім деп айта алмаймын. Өйткені әр гүлдің күтімі әртүрлі. Кейде менің де үйге келген гүлдерді қуратып алатын кезім болады. Тыңайтқыштарды арнайы дүкендерден сатып аламын. Кейде өзім бананның қабығын суға салып қойып, бір-екі күннен соң сол сумен гүлдерді суарамын. Ал кейде шикі жұмыртқаның сыртын ұнтап топырағына саламын. Жапырақтарын кір сабынмен сүртіп тұрамын. Гүлді баптау адамға тәжірибемен келеді. Бірнеше жылдан бері гүл өсіріп жүрсем де әлі күнге дейін гүл күтімі туралы мәлімет кездестірсем міндетті түрде оқып аламын, — дейді Жансая.

Бүгінде Жансаяның үйінде 20-дан астам гүл түрі бар. Орхидея, әйел бақыты, оксалис, дримиопсис, фиалка, драцена, замиокулькас, ақша ағашы, алоэ, фикустың бірнеше түрін  жайнатып қойған.

Жансаяның ауласына кіргеннен бастап көзіңіз түрлі көкке «сүрінеді». Жеміс ағаштары, көкөніспен қатар гүлдің де бірнеше түрін егіп тастапты. «Жер үйде тұрып, бау-бақша екпеу біртүрлі ұят сияқты» дейді ол. Өзі еккен өнімнің дәмі де ерекше болатынын айтқан Жансая бізді көкөніс пісер уақытқа қонаққа шақырды. Берекелі күзде әріптес ауласынан еңбек өнімін татуға жазсын.

Вокалдан сабақ алып жүр

«Диапазон» газетінің тілшісі Адина Жасағанбергенова да тек мақала жазумен шектелмейді екен.  Жазған мақаласы сайтқа салынған бойда жүздеген оқылым жинайтынәріптестің күн режимінде мүлде бос уақыты жоқ.

2015 жылдан бері «Диапазон» газетінде қызмет етіп келе жатқан Адинаның өнерге деген қызығушылығы жоғары. Ол әнді көбіміз секілді тек қолы босай қалғанда ғана айтпайды, ән өнерін жетік меңгеру үшін арнайы вокалға барып сабақ алып жүр.

— Бұрын мүлде әнге деген қызығушылығым жоқ болатын. Таныстарым «сенің ән айтуға деген қабілетің бар» деген соң, қызығушылығым оянды. Қазір аптасына екі рет вокалға барамын. Ән өнерінің қыр-сырын меңгеріп келе жатқаныма жарты жылдан астам уақыт болды.Былайғы уақытта елей бермейміз, сөйтсек, бұл нағыз үлкен өнер екен. Қазір пианинода ойнауды үйреніп жүрмін, — дейді.

Адина тұрақты түрде биге барып, кешкі сағат алтыдан кейін жүгіреді. Қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдерін еркін түсінетін әріптес қазір испан мен жапон тілін үйреніп жүр. Сондай-ақ әңгіме барысында сурет салғанды жақсы да көретінін айтып қалды.

— Өзімді Микеланджеломын деп айтпаймын (күліп). Бірақ суретті де бір адамдай саламын. Арнайы курсқа баруға қазір уақытым болмай жүр. Бірақ түрлі шеберлік сағаттарынан қалмауға тырысамын. Ал асүйге келер болсақ, біздің үйде ыстық тағамдарды ер-азаматтар жағы өте дәмді етіп пісіреді. Менен гөрі күйеуімнің пісірген тамақтары дәмдірек шығады. Ал мен өзімнің фирмалық тамағым деп  жеміс-жидекті шарлоткамды айтар едім, — дейді ол.

Бүгінде  газеттің инстаграм парақшасының тізгінін қолына алған Адина өзін тек журналист емес, мықты видеограф, фотограф ретінде де танытып жүр.

«Ас әзірлеу де шығармашылықтың бір түрі»

«Эврика» газетінің тілшісі Елена Рышкина карантин кезінде «екінші тынысының» ашылғанын айтады. Бұрын да асүйде түрлі тағам дайындауды ұнататын Лена, соңғы бір жылда ас мәзіріне бірнеше тамақ түрін қосыпты.

Жазған мақалалары талай жанға қуаныш, тіпті жаңа өмір сыйлап, талай тағдырдың жақсы жағынан өзгеруіне септігін тигізген Елена Рышкина өзінің бұл салаға кездейсоқ келмегенін айтады.

— Бала кезімнен шығарма жазуды ұнаттым. Орыс әдебиеті сабағын жақсы көріп оқитынмын. Сыныпта мені қатарластарым «Пушкин» деп атайтын (күліп). Үйде кішкентай ойыншық микрофоным болды. Сол микрофонды қолыма ұстап алып, ата-анамнан сұхбат алатынмын. Бірақ өсе келе география пәнін таңдап, экономика саласына оқуға түсемін деп ойладым. ҰБТ-ға екі апта қалғанда ойымды өзгертіп, әдебиет пәнін таңдап кеттім. Арманым мені адастырмады. Бала кезімдегі ойым ақиқатқа айналып, міне, бүгінде 10 жылға жуық журналистика саласында қызмет етіп келемін.Мамандығым өзіме қатты ұнайды. Кейде демалыссыз жүретін, шаршайтын да  кездер болады. Мұнда әр кейіпкерден сұхбат алған сайын өмірлік тәжірибе жинақтап, сабақ аласың. Осы саланың арқасында достарым да көбейді, — деген Лена журналист болмағанда, әнші болар едім дейді.

Біз білетін Лена бос уақытын тиімді өткізуге тырысады. Ол ән айтып, өлең жазғанды ұнатады. Студияға барып кәсіби тұрғыда ән жаздыру үшін арнайы микрофон сатып алғанын да айтты. Сондай-ақ ол саяхаттағанды ерекше жақсы көреді.

— Меніңше, адам күнделікті жұмыс пен үйдің арасындағы тірліктен тез жалығып кетеді. Сондықтан бір мезгіл уақыт тауып, өзге елді де көрген жөн. Өзге қалаға барып, танымайтын көшелерде серуендеу адам баласына басқаша көңіл күй сыйлайды. Мен саяхаттағанды жақсы көремін. Тайланд, Үндістан, Грузия елдерінде болдым. Бір қызығы, өзге елге барсам, міндетті түрде тамаққа қосатын дәмдеуіштер сатып алуды әдетке айналдырдым, — дейді Лена әріптес.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button