Жаңалықтар

Індет құбылып тұр

Брифинг

Бүгінде Мәскеуде коронавирустың үнділік штаммының таралу көрсеткіші күрт өсті. Індеттің бұл түрі тез таралады және ауыр өтеді. Сондықтан барлық санитарлық талаптарды мұқият сақтауға шақырамыз, — дейді мамандар.

Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров мәлімдеді.

Облыста соңғы тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 19, пневмониямен 1 жағдай тіркелді. Инфекциялық ауруханаларда 164 науқас ем алуда. Үй карантинінде 947 адам бар, оларға медициналық бақылау жүргізілуде. Бүгінде аурушаңдықтың өсу деңгейі 0,3 пайызды құрап отыр.

— Жалпы, пандемия басталғалы облыста КВИ бойынша 11681 жағдай тіркелді. Оның 65 пайызында ауру белгілері байқалса, 35 пайызы — симптомсыз.  

Облыс аумағында блок-бекеттер жоқ. «Жайсаң»  және «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері арқылы өткен 168450 адам тексерілген. Сондай-ақ эпидемияға қарсы рейдтік тексеру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні координациялық орталықтардан түскен шұғыл хабарлама негізінде жоспардан тыс 48 тексеру жүргізіліп, айыппұл салынды, — деді Мұхтар Сербаев.

Бүгінде инфекциялық ауруханаларда 164 адам ем қабылдауда. Оның 121-і Ақтөбе қаласында, қалғаны — облыс аудандарында. Жансақтау бөлімшесінде 12 науқас, өкпені жасанды желдету аппаратына 1 науқас қосылған. Карантиндік стационарларда 7 адам бақылауға алынған.

— Коронавирустың үнділік штаммы әлемнің 80 еліне тарады. Оның ішінде біздің елімізбен шекаралас Ресей мен Қырғызстан мемлекеттеріне де жетті. Біз де бұған дайын болуымыз керек. Індеттің алдын алудың жалғыз жолы — вакцинация. Сондықтан екпе алудың маңызы зор.

Соңғы тәулікте 2048 ПТР-тест алынды. Биыл ақпан айынан бастап облысқа 265 500 доза, соңғы рет вакцинаның төртінші «CoronaVac» түрінен 22 мың дозасы жеткізілді. Вакциналауға қатысты жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр, — деді Бекболат Ізбасаров.

Брифинг соңында тұрғындардардың тікелей эфир арқылы қойған сауалдарына жауап берілді. Оның ішінде облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің  қаулысына сәйкес, түрлі мерекелік іс-шараларды, тойлар мен отбасылық, салтанатты іс-шараларды өткізуге тыйым салынғаны айтылды. Тек адам саны 50-ден аспаған кезде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, еске алу шарасын өткізуге ғана рұқсат етілген.

Сондай-ақ бүгінде облыстағы 512 кәсіпкер «Ashyq» жобасына қатысуға өтініш беріп, олардың 378-іне QR-кодтары сәтті жүктелген. Сондай-ақ «Ashyq» жобасынан басқа «Аitu» және «Kaspi.kz.» платформаларын да қолдануға болады.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button