Басты бет » Басты жаңалықтар » Абзал жандар мерекесі

Абзал жандар мерекесі

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Жиынға қатысушылар алдымен COVID-19-дан қайтыс болған облыстың 23 медицина қызметкерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Оңдасын Оразалин құттықтау сөзінде ақтөбелік дәрігерлердің шеберлігі мен жоғары кәсібилігін, олардың, әсіресе пандемия жағдайындағы жанкешті әрі орасан зор еңбегін ерекше атап өтті:

— Пандемия қоғамға денсаулық сақтау саласының орасан зор маңыздылығын көрсетті. ​ Жерлестеріміздің денсаулығы мен өмірін сақтап қалу үшін уақытпен санаспай еңбек еттіңіздер, сол үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздерге және жақындарыңызға амандық, ұзақ ғұмыр және зор денсаулық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, —  деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Тәуелсіздік жылдары ішінде тек Ақтөбе облысында 130-дан астам жаңа медициналық мекеме, оның ішінде 9 аурухана, 5 емхана, 57 дәрігерлік амбулатория салынды.

Қырық медицина қызметкеріне кәсіби мерекелеріне орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісі, облыс әкімінің мақтау қағазы мен Алғыс хаттары тапсырылды. Сонымен бірге екі дәрігер «Еңбек ардагері» алқасымен марапатталды.

— Облыстық байқауда жеңіске жеткен үздік медициналық ұйымдарға дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, Қарғалы қалалық ауруханасына 1 млн. теңгенің жедел медициналық жәрдем ауруханасына 500 мың теңгенің, Ойыл аудандық ауруханасына 300 мың теңгенің серитификаты табыс етілді. Бұдан өзге тоғыз медицина қызметкері 100 мың теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.