Жаңалықтар

Туған елдің ықыласы

Бейсенбі күні Ақтөбедегі Баспасөз үйінің мәжіліс залында жазушы Тынымбай Қариннің 80 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өтті.

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова, бірқатар облыстық басқармалардың басшылары, ақтөбелік қаламгергер, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев жүргізіп отырды. Өзінің сөзінде ол:

— Тынымбай Қарин — әдебиетке өндірістен келген қаламгерлердің бірі. Мысалы, Олжас Сүлейменовтің бастапқы мамандығы — инженер-геолог, ал жазушы Софы Сматаев — металлург. Басқа да мысалдар көп. Әдебиетке өзге саладан келгендер оған жаңа леп әкеледі, өрісін, тақырып аясын кеңейте түседі. Жазушы Тынымбай Қариннің туындылары орыс тіліне аударылып, жарыққа шықты, бүгінгі күні ағылшын тіліне де аударылып жатыр, — деп атап өтті.

Алғашқы құттықтау сөз облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусіноваға берілді. Ол қаламгерге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің құттықтау хатын табыстады.

Бұлбұл Ораққызы:

— Жазушы Тынымбай Қариннің 80 жылдық мерейтойына орай туған өңірі — Ақтөбе жерінде бірқатар шаралар жоспарланған. Әдебиетке қосқан өзіндік үлесі, қалың оқырманы, абыройлы биігі бар жазушыны туған топырағы мақтан етеді, — дей келіп, жазушыға зор денсаулық, шығармашылық табыстар тіледі.

Жазушыға облыстық әкімдік атынан сый-сияпат ретінде 40-тан астам жыршының жырлауымен жазылған «Едіге батыр» эпосы табыс етілді.

Жиында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин де құттықтау сөз сөйлеп, жазушыға екі бірдей шығармашылық ұйым — Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағы төрағаларының құттықтау хаттарын табыстады, сондай-ақ ақтөбелік журналистердің атынан оның иығына шапан жапты.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ректорының міндетін атқарушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Талғат Тілеулесовтер де жазушыны мерейтойымен құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.

Салтанатты шара үстінде жазушының Нұр-Сұлтан қаласындағы «Фолиант» баспасынан жуырда жарық көрген «Ұлы сезім» атты кітабының тұсауы кесілді. Қаламгер өзінің осы кітабының 100 данасын С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына сыйға тартты.

Жиын соңында мерейтой иесі сөз алып:

— Туған жер әр адам үшін — киелі ұғым. Мектеп бітірген соң туған ауылым  Жарқамыспен қоштасып, алысқа кеттім. Содан бері әлі күнге дейін көкірегімде келе жатқан сағыныш, мәңгі аңсау сезімі бар.

Өмір ешқашан даңғыл, түзу жол сынды бірқалыпты өтпейді. Өмірдің қиылыс-бұрылысы, ащысы мен тұщысы болады. Өз басыңнан өткен, өзіңмен сырлас, жақын жандардың басынан өткен сондай сәттерді қағазға түсіріп, көркем шығарма жазғанда, ең алдымен кейінгіге ой салса екен, сабақ болса екен дейсің. Жазған шығармаларым орталарыңа келіп, қолдарыңа тиіп жатқанына қуаныштымын. Адам қашанда, қайда да туған жерінің перзенті болып қала береді, — деді.

Ол айтылған тілектерге, жылы лебіздерге ризашылығын білдірді.

Осы шараға орай С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Туған жердің тұлғасы» атты кітап көрмесін әзірледі. Сонымен қатар облыстық халық шығармашылығы орталығының әншілері Құралай Әленова мен Қуанышгүл Серікбаева әннен шашу шашты.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button