Басты жаңалықтарДенсаулық

Құрмет пен алғыстың белгісі

Ақтөбе медициналық орталығы ауласында «Аялы алақан» архитектуралық мүсіні ашылды. Бұл пандемия кезінде індетпен күрескен барлық медицина қызметкерлеріне көрсетілген құрмет пен алғыстың символы іспеттес.

Мүсін Медицина қызметкерлері күніне орай, «Тәуелсіздікке тарту» арнайы жобасы аясында дайындалып отыр. Биіктігі үш метрге жуық нысанның авторы — жергілікті архитектор Қайырбек Таханов. Қоладан құйылған ескерткіште дәрігердің  алақанындағы жүрек пішіні  бейнеленген.

Шараның ашылуында Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин сөз сөйлеп, медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Былтырғы жылдан бастап әлем үшін оңайға соқпағаны рас. Жұқпалы індетпен күрескен ауыр кезеңдер өтті. Халық пандемия кезінде дәрігерлердің қоғамдағы орнын, елге қажет екендігін тереңірек түсінді. Дүниежүзі халқы осы  мамандық  иелерінің көмегіне  мұқтаж  болып, тек  соларға ғана сенім артуда.  Бұл «қарусыз  майданның»  алдыңғы  шебіндегі  дәрігерлер  адам  жанының  жалғыз  ғана  арашашысы.  Оларға   деген  құрмет пен  ілтипаттың  шектелуі  мүмкін емес, — деді ол.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің ұсынысымен шаһарымыздан тағы осындай ескерткіш-мүсіндер ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ шара барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев медицина қызметкерлерінің төл мерекелері қарсаңында құрмет көрсетіп жатқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

— Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе медициналық орталығынан музей ашылған болатын. Бүгін, міне, ескерткіш бой көтеріп отыр. Былтыр пандемия кезінде осы жерден 500 кереуеттік орын ашылып, медицина қызметкерлері өз бастарына қатер төнсе де, міндетін жауапкершілікпен атқара білді. Бірқатар әріптестерімізден айырылдық. Бұл ескерткіш сол азаматтарға көрсетілген құрмет деп білеміз, — деді Р.Исаев.

Жоба авторы Қайырбек Тахановтың айтуынша, архитектуралық мүсін әйнек талшықтарынан, қола мен композиттік материалдардан құйылған. Күнге және суыққа төзімді.

— Жұқпалы  ауру адамзаттың басына үлкен қауіп төндірді.  Бейбіт күнде   қанша адамнан айырылдық. Бұл — орны толмас ортақ  қаза. Осы қасіретте  ажалмен бетпе-бет келіп, күрескен дәрігерлер еңбегі ұмытылмауға тиіс. Олардың көзсіз  ерлігіне ел-жұрттың атынан алғыс ретінде ескерткіш орнатуды жөн  санадым. Дәрігерлердің мәртебесін көтеруге өзіндік үлесімді қосқым келді, — дейді  мүсінші.

Бүгінде оның қолынан туындаған  ұлттық нақыштағы дүниелер  Ақтөбе қаласы   тұрғындарының көзайымына айналған. Сонымен қатар Қайырбек Таханов  қазақтың  батыр қызы Әлия Молдағұлованың бюстін мүсіндеген.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button