Басты бет » Жаңалықтар » Мұнай-газ өндіретін кәсіпорындар табиғатты көбірек ластайды

Мұнай-газ өндіретін кәсіпорындар табиғатты көбірек ластайды

Биыл облыстық экология департаменті 24 мекемеге тексеру жүргізді.  Экологиялық заңнама талаптарын бұзған кәсіпорындарға  жалпы көлемі 15 321,3 мың теңге айыппұл салынған. Бұл туралы aqtobe_pressтің әлеуметтік желілерінде «Облыстық экология департаментінің  биылғы жылдың 5 айында жүргізген инспекциялық бақылау қызметінің қорытындысы» тақырыбында өткен  тікелей эфирде айтылды.

Шараға  облыстық экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл қатысты.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылаудың негізгі бағыттары — атмосфералық ауаның, су, жер ресурстарының жай-күйі, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу кезіндегі бақылау. Мұнай-газ өндіретін кәсіпорындар табиғатты неғұрлым көбірек ластайды. Олар — «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ,  «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС, «Интергаз Орталық Азия Ақтөбе  МГБ» АҚ. Сондай-ақ тау-кен өндіру, металлургия, химия және жылу энергетика өнеркәсібінің кәсіпорындары да бар.

Биылғы 5 айда облыстық экология департаменті 24 мекемеге тексеру жүргізіпті.

Экологиялық заңнама талаптарын бұзған кәсіпорындарға 42 әкімшілік айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы көлемі — 15 321,3 мың теңге. Оның 4 341,7 мың теңгесі (32-сі) өндірілді.  

Жалпы сомасы 98 998,3 мың теңгеге экономикалық залалды өтеу туралы 13 шағым берілді. Оның  9-ы бойынша 46 777,0 мың теңге өндіріліп алынды. Қалған 4 шағымның орындау мерзімдері бар, — дейді Нұржан Аққұл.

Биылғы жылдың І жартыжылдығына арналған экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бекіткен профилактикалық бақылау шарасына сәйкес, «Казхром ТҰК» АҚ АФЗ филиалы, «Фирма Ада ойл», «Қазақтүрікмұнай», «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ларының жұмыстарына профилактикалық бақылау  жүргізілген.

Брифинг барысында департамент басшысы жүргізілген профилактикалық бақылау  жұмыстары туралы жан-жақты айтты.  Алдымен ірі кәсіпорын — «Қазхром ТҰК» АҚ АФЗ  филиалы туралы баяндады. Қойма шаруашылығы  учаскесіндегі ағаш қалдықтарын, металл бұйымдарды (жабдық бөлшектері) жинау алаңдары экологиялық талаптарға сәйкес келмейді.  Ұсақтау-сұрыптау кешенінде қиыршықтас үйіндісі топырақтың құнарлы-өсімдік қабатының үстіне жиналған.  Кәсіпорынның жанармай бекеті  ауданындағы №4 цех учаскесінде қалдықтарды төгуге арналмаған жерге  асфальтбетон қалдықтары тасталған.

Экология департаментінің сынақ зертханасының өлшеу қорытындылары бойынша  №1, №2, №4 балқыту цехтарында қоршаған ортаға ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарылатыны анықталған.

Профилактикалық бақылау қорытындысы бойынша кәсіпорынға атмосфераға ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарғаны үшін 62 954 195 теңге экономикалық залалды өтеу туралы нұсқама берілді.  

Сондай-ақ орындау мерзімдері көрсетіліп, еліміздің экологиялық талаптарына сәйкес келтіру бойынша бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Департамент мамандары өрескел бұзушылықтарды жою мерзімі аяқталғаннан кейін Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұмысын тағы да тексеретін болады, — деді Нұржан Аққұл.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның Мұғалжар мен Байғанин аудандары аумақтарында «Әлібекмола» және «Қожасай» кен орындарында жұмыс жасайды. Облыстық экология департаменті мамандарының тексеру жұмыстары барысында екі кен орнында да қоршаған ортаға эмиссияға рұқсатсыз зиянды заттар шығарылған.

«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ның қоршаған ортаға келтірілген шығыны  — 1 395 307 теңге.

«Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ның негізгі қызметі — көмірсутектерді барлау, өндіру және сату. Профилактикалық бақылау барысында аталған кәсіпорынның  табиғат қорғау заңнамасының талаптарын сақтамайтыны анықталған. Мұнда да атмосфераға ластаушы заттар  нормативтен тыс шығарылған. Кәсіпорынға қоршаған ортаға келтірілген экономикалық залалды өтеу туралы  ұйғарым берілді (759 922 теңге).

Шара соңында журналистер сұрақ қойып, жауаптар алынды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.