Жаңалықтар

Үш аудандағы кездесу

Баспасөз-2021

Дүйсенбі күні облыстық «Ақтөбе» газетінің көшпелі редакциясы Темір мен Байғанин аудандарында болып, сондағы оқырмандарымен жүздесті. Мақсат — баспасөзге жазылудың кезекті маусымын пысықтау, жұртшылықпен арадағы байланысты нығайту.

Алдымен Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаевтың жеке қабылдауында болған газет өкілдері арадағы әріптестік жайын талқылады. Одан соң аудан әкімдігінің ғимаратында оқырмандармен кездесу ұйымдастырылды.

— Қазіргі таңда облыстың бас газетіне жазылу науқаны басталып кетті. Бұған дейін де осы іске қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жиын өткізілді. Біз өз тарапымыздан баспасөзді қолдаймыз. Соның ішінде «Ақтөбенің» Темір ауданындағы жаңалықтарды халыққа жеткізуде рөлі зор, — деді С.Аманбаев.

Темір ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаева өз баяндамасында мемлекеттік саясатты жүргізіп отырған басылымға жазылу басты назарда екенін, 14 маусымдағы мәлімет бойынша екінші жартыжылдыққа әзірге 601 адамның жазылғанын атап өтті. Бұл бойынша Ақсай, Кеңесту ауылдары жақсы көрсеткішке ие екен.

Ал «Ақтөбе» газетінің жазылу бөлімінің қызметкері Жақсылық Айжанов, осы газеттің әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі Айбек Тасқалиев «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» — газеттің қай кезде де орны ерекше екенін, мұндағы оқырмандармен байланыстың жақсы екенін айтты. Нөмір сайын Темірдегі хабар-ошар, еңбек адамдары туралы материалдар жарияланып тұрады. Редакцияға келіп, мұң-мұқтажын жеткізетін темірліктер де аз емес…

Жиын барысында «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының өкілі Фарида Ералина газет жеткізуде ешқандай қиындық жоқтығын, дәрігерлер мен мұғалімдер және мәдениет саласының қызметкерлері белсенді оқырмандардың қатарында екенін, ал аудандағы мұнайшылар мен теміржолшылар газет оқуда қалыс қалатынын тілге тиек етті.

Газет оқырманы — аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрмұқан Өтепов «Ақтөбенің» әр санын үзбей оқитынын, газет оқитын адамның жан-жақты болатынын білдірді. Сондай-ақ еңбек адамдары туралы кеңінен жазылса деген тілегін ортаға салды.

Газет өкілдері Байғанин ауданында да болды. Бұл жерде газетке жазылу, оқу жайы мәз емес. Жолдың жағдайы да жақсы деуге келмейді. Бір ғана мысал, аудан орталығы — Қарауылкелді ауылындағы басты көшелердің бірі — С.Ешбаев көшесінде ой-шұңқыр көп. Бірер жыл бұрын асфальт төселгенде көшенің барлығы қамтылмаған, соның кесірінен көлікпен жүрудің өзі мұң екеніне көзіміз жетті.

Газеттің таратылуы да нашар. Миялы ауылына облыстық газет айына 2 рет қана жеткізіледі екен. Газет уақтылы қолына тимейтін аудан тұрғындары осыдан кейін жазылуға селқос қарайды. Аталған мәселеге «Қазпошта» қызметкерлері атүсті қарап отырған сыңайлы. Осы түйткілдердің барлығы Байғанин ауданының әкімі Қайрат Отаровтың төрағалығымен өткен басқосуда айтылды. Жауапты мамандарға мәселелерді назарға алып, шешуді тапсырған аудан басшысы қарамағындағыларға баспасөзді қолдауға шақырды.

— Біз «Ақтөбе» газетін ұжымымызбен оқимыз. Мұғалімдер көптеген материалдарды сабақ барысында пайдаланады. Облыстағы соңғы жаңалықтарды да осы газеттен білеміз. Сондықтан өңірдегі мемлекеттік тілдегі басты газеттің әр санын жібермеуге тырысамыз. Газет редакциясына шығармашылық табыс тілеймін, — деді №4 Қарауылкелді орта мектеп-гимназиясының директоры Мұрат Дабысов.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-на қарасты облыстық «Ақтөбе» газетінің шығармашылық ұжымы бұған дейінгі жылдарда екі ауданда да кездесулер өткізіп, оқырмандармен тығыз байланыс орнатып келеді.

Мәселен, 2019 жылы Темір ауданында «Ауылым — алтын бесігім» атауымен өткен шарада белгілі журналист Жиенғали Тілепбергенов атындағы сыйлық және «Шипагер» санаторийіне сертификат қарт оқырмандарға берілсе, ұзақ жыл Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының ректоры болған Әжмағи Смағұлов пен генерал Жансен Кереев атындағы сыйлықтар да иелерін тапқан болатын.

Өткен жылы Жарқамыс өңірінде өткізілген «Жыр арқауы — Жем-Сағыз» атты шара барысында осы өңірден шыққан танымал тұлғалар Ыбырайым ахун Құлбайұлы, Бәкір Тәжібаев, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, тағы да басқа көрнекті адамдар атындағы сыйлықтар оқырмандарға табыс етілді.

Міне, осындай екі жақты байланыс алда да жалғасын таба беретіні анық.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

***

Мұнан кейінгі кездесу сәрсенбі күні  Қарғалы ауданында өтті. Санитарлық талаптарды сақтай отыра ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Индира Сақауова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Айжарықов, аудандық бөлім басшылары, білім, денсаулық саласы, «Қазпошта» бөлімшелері өкілдері қатысты.

— Газет — билік пен бұқара арасын байланыстыратын алтын көпір. Облыстық газеттерде мемлекеттік саясаттың өңірлерде, аудандарда қалай жүзеге асырылып жатқаны, сонымен бірге әр салада еңбек етіп жүрген жерлестеріміз, яғни қарапайым еңбек адамдары, еліміздің бүгінгі тарихын жасап жатқан ақтөбеліктер туралы да тұрақты жазылып келе жатыр.  Газет — тарихтың шежіресі, ал тарих ұрпақ үшін керек. Облыстық газеттерде, «Үш таған» журналында әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарқынды дамып келе жатқан Қарғалы ауданы туралы да материалдар тұрақты жарияланады, — деді «Ақтөбе Медиа» ЖШС үйлестірушісі,  Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Жақсылық Айжанов.   

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Айжарықов болашақта еңбек ардагерлерін, зейнеткерлерді, басқа да оқырмандардың газетке жазылуына атқарушы билік тарапынан қолдау көрсету жолдары қарастырылса екен деген ұсынысын білдірді.

Кездесуде аудандық арухананың бас дәрігері Берік Жаржанов бүгінгідей пандемия кезінде тұрғындарды ұдайы ақпараттандырып отыру үшін баспасөздің ролі жоғары екенін айттты.

—  Өңірде қауіпті індет өршіген қиын сәттерде менің әріптестерім уақытпен санаспай күні-түні еңбек етті. Қазір жағдай біршама тұрақтала бастады. Бұл ақ халатты абзал жандардың еңбегі деп білемін. Және баспасөзде бүгінгі күннің батырлары — медицина қызметкерлері туралы, індеттен сақтану, екпе алу секілді маңызды мәселелер тұрақты жарияланып тұрса деймін. Газет  арқылы медицина күні қарсаңында өз әріптестерімді құттықтағым келеді, —  деді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button