Басты бет » Денсаулық » Биыл облыс медицинасына 2 миллиардқа жуық қаржы бөлінді

Биыл облыс медицинасына 2 миллиардқа жуық қаржы бөлінді

Әлемді жайлаған індет ел медицинасының деңгейін көрсетті. Пандемияға халық та, дәрігерлер де дайын болмады. Медицина саласындағы кемшіліктер көзге көрінді. Бірақ дәрігерлер бұл қиындықты да еңсерді. Оның ішінде біздің облыс медицинасында оң өзгерістер орын алды. Мамандар жұмыс істеудің жаңа тәсіліне көшті. Індеттің бетін қайтарды. Дәрігерлердің мерекесі қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаевпен сұхбаттастық.

Облыста соңғы күндері індет жұқтырғандардың  саны азайды. Бірақ қуануға ерте тәрізді. Коронавирустың жаңа толқыны болуы мүмкін бе?

— Пандемия аяқталған жоқ. Індет жұқтырғандардың саны азайғанмен, вирус әлі бар. Сондықтан тұрғындардың арқаны кеңге салып, алаңсыз жүруіне болмайды. Қазір Ресей мен Қырғызстанда вирустың жаңа толқыны жүріп жатыр. Бұл елдерде күн сайын мыңдаған адам ауру жұқтыруда.  Көрші елдердегі толқын бізге екі айдан кейін келуі мүмкін. Жалпы, індет басталған бір жарым жыл ішінде дәрігерлер көп нәрсені үйренді. Тәжірибе жинады. Қиындықтардан сабақ алды. Үкімет тарапынан медицина саласына көңіл бөлінді. Облыстағы бірқатар ауруханаларға жөндеу жұмыстары жүрді. Құрал-жабдық, дәрі-дәрмектер сатып алынды. Бірақ әлі де бұл салада атқарылатын шаруа көп. Қазір дәрігерлерге де оңай болып жүрген жоқ. Халық індеттің қаупін әлі түсінбей жүр.

Вакциналау жұмыстары жүріп жатыр. Биыл облыста қанша адам екпе алады?

— Жоспар бойынша 460 мың  адам егілуі керек. Қазіргі күні 147 022 адам вакцина алды. Вакциналау жұмыстары облыста қарқынды түрде жүріп жатыр. Бірақ халық әлі де екпенің пайдасын түсінбей отыр. Мәселен, шағын Моңғолия елінің халқы түгел екпе алып болған. Дамыған елдерде тұрғындар кезекке тұрып егіліп жатыр. Ал бізде тұрғындар қашып жүр. Тіпті екпе алмай төлқұжат жасатып алғандар бар екені айтылады. Біздің облыста бұндай заңсыздық тіркелген жоқ.

Бірақ бұндай қадамға бару кімге пайда, кімге зиян? Мемлекет бір адамның екпе алуына орта есеппен 12 мың теңге қаржы жұмсайды. Бұндай заңсыздық біріншіден, елдің қаржысын шашу болса, екіншіден, өзіне зиян тигізіп отыр. Екпе алмаған адам түбі індет жұқтырады. Коронавирус адамнан адамға жұққан сайын мутацияға ұшырап жатыр. Қазір індет жұқтырғандардың көпшілігінің тамағы ауыруда. Кейбір адамдарда қызу болмайды.

— Індеттің жаңа толқынымен күресуге облыс медицинасы дайын ба?

— Қазір дәрігерлер тәжірибе жинады. Сондай-ақ жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі күні  инфекциялық стационарларда 400 кереует бар. Төсек- орынның 80,3 пайызы оттегімен қамтылған. Фтизиопульмунологиялық орталыққа оттегі станциясы орнатылды. Облыстың емдеу мекемелері 367 жасанды тыныс алдыру аппараты, 582 оттегі концентраты, 626 оттегі баллоны,  787 Бобров аппараты және  461 оттегі жастығымен қамтамасыз етілген. Сондай- ақ биыл облыс медицинасына құрал-жабдықтар сатып алу үшін 1 миллиард 900 миллион теңге бөлінді. Бұған қоса 375 миллион теңгеге рентген аппараттары сатып алынды. Жалпы, індетпен күресуге облыс дәрігерлері сақадай сай.

— Аудандардағы ахуал қандай? Мәселен, Шалқар ауданында халық көп. Маман тапшы. Дәрігерлердің жұмысына халық наразы. 

— Жақында Шалқар ауданына іссапармен барып келдім. Жағдайды көзіммен көрдім. Дәрігерлердің еңбекақысы өте жоғары, яғни 500-700 мың теңге аралығында. Бірақ тұрғындар тарапынан дәрігерлердің біліктілігіне қатысты кемшіліктер айтылды.  Маманның тапшы екені де рас. Соңғы екі жылда дәрігерлер біліктілігін көтеру курстарына барған жоқ. Көпшілігі онлайн оқыды. Ал қашықтан оқу әдісі қолмен ұстап, көзбен көргендей болмайды. Тек Шалқар емес, Ақтөбе қаласы мен өзге аудандарда да дәрігер жетіспейді. Жыл сайын елу маманды ауылға жібереміз. Биыл облыстық мәслихат ауылға баратын жас мамандарға 75 миллион теңге бөлді, яғни әр жас маман 1,5 миллион теңге алады. Бұнымен қоса аудан әкімдігі әлеуметтік қолдау көрсетеді. Маман тапшылығын жою тек облыстық басқарманың ғана проблемасы болмауы керек. Аудандық аурухананың бас дәрігері мен аудан әкімдігі осы мәселені бірлесіп шешкен жөн.  Ол ауданға сырттан маман бармайды. Сондықтан оқу бітірген жастарды квота арқылы оқытса тиімді болар еді.  Университет бітіргеннен кейін ол міндетті түрде өзінің туған жерінде қызмет етеді. Осылайша мәселені шешуге болады.

Қазір аудандардағы емдеу мекемелерінің көпшілігінде зейнетке шықанына он жылдан асқан дәрігерлер қызмет етеді. Олардың біліктілігі заман талабына сай болмай жатады. Қазір осы мәселелерді шешу үшін жұмыс жасалып жатыр.

Жалпы, аудан мен қаладағы қызмет көрсету сапасы бірдей болуы керек. Бірақ бізде бұның арасы жер мен көктей.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын қалада ірі медицналық мекемелердің құрылысы басталды. Олар қашан аяқталады?

— Ақтөбе медициналық орталығының жанында Оңтүстік Корея елімен бірлесіп қолға алынған  Чек-ап орталығының құрылысы басталған болатын. Өкінішке қарай, пандемия басталып, құрылыс тоқтап тұр. Алдағы уақытта бұл орталық кеңес беру- диагностикалық орталығы болады. Орталық іске қосылғанда барлық тексеру түрін бір жерден жасатады. Сондай-ақ туберкулез орталығының құрылысы басталды. Бірақ қазір жоба өзгерді. Жоспар бойынша оның орнына кардиоорталық салынбақ. Қазір жобаны жасап жатырмыз. Егер әкімдік рұқсат етсе, құрылысқа қаржы сұраймыз. Себебі біздің өңірге Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келетін науқастар көп. Елордадағы кардиоорталықтың күші  республиканы түгел қамтуға жетпейді.

Ал ересектер мен балаларға арналған онкогематологиялық орталықтың құрылысы биыл аяқталады. Орталық мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде жұмыс жасайды. Қараша айында облыстық перинаталдық орталық іске қосылады.

Қаладағы бірінші перинаталдық орталық ғимаратының тозығы жетіп тұр. Ақтөбе медициналық орталығындағы перзентхананың жұмыс тәсілі  індетке байланысты өзгерді. Бұл жерде коронавирус жұқтырған жиырма бес әйел жатыр. Биыл жеті ана өлімі тіркелді. Оның бесеуі індеттен көз жұмса, екеуі қан кетуден о дүниелік болды. Сондай-ақ алдағы уақытта Батыс-2 ауданынан көппрофильді аурухана ашу жоспарда бар.

— Қандай проблема бар?

— Ең басты проблема — маман тапшылығы. Жастар ауылдық жерде еңбек етуден қашады. Сондықтан олардың  ауылда жұмыс жасауы үшін жағдай жасау керек. Мен университет бітіргеннен кейін еңбек жолымды Ойыл ауданынан бастадым.  Бірақ оған өкінбеймін. Тәжірибе жинадым. Екінші мәселе — дәрігерлердің коммуникативті дағдысы. Дәрігерлердің көпшілігі науқаспен жылы сөйлеспейді. Жылы сөз — жанға шипа. Науқастанып келген адам дәрігердің мейірімінен қуат алады. Әсіресе аудандардағы мамандардың арасында «ауырсаң түбі маған келесің, қайда барасың?» деген өте нашар түсінік бар. Қызмет мәңгілік емес. Үшінші мәселе — құрал-жабдық. Ауруханаларға әлі де ұсақ-түйек жабдықтар жетіспейді. Осы мәселені емдеу мекемелерінің басшылары өздері шешуге тырысқаны жөн. Олар ақылы қызметтен түсетін қаржыны жабдық алуға жұмсаса, дәрігерлердің жұмысы жеңілдейді, тәжірибесі шыңдалады. Мәселен, құлақ, көз дәрігерлері қолданатын аппараттарды алып беруге болады.

— Тәжірибелі дәрігерсіз. Жұмыстан тыс уақытта отаға қатысасыз  ба?

— Мен анестезиолог, реаниматологпын. Он жыл Хромтау аудандық ауруханасында реанимация бөлімінде жұмыс жасадым. Қызмет мәңгілік емес. Кез келген уақытта  қарапайым маман болып жұмыс жасауға дайынмын.

— Отбасыңызда сізден басқа дәрігер бар ма?

— Әулетте менен басқа дәрігер жоқ. Бала кезімнен дәрігер болуды қаладым. Мектеп бітірер жылы  қатты ауырып, бүйрегіме ота жасады. Әкем 1989 жылы бүйрегін ауыстырды. Кейін осы дерттен көз жұмды. Отбасындағы осындай жағдайлар менің дәрігер болуыма ықпал етті. Екі қызым, бір ұлым бар. Үлкен қызым тұрмыста. Екінші қызым 10-сыныпты бітірді. Болашақта дәрігер болғысы келеді. Жолдасым қауіпсіздік саласында жұмыс жасайды.

Дәрігерлер мерекесі келе жатыр. Қандай тілегіңіз бар?

— Дәрігер — ең қастерлі мамандық. Осындай мамандыққа кір түсірмей жұмыс жасауымыз керек. Дәрігерлерді мерекемен құттықтаймын. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін.

А. РАСУЛ.