Әдебиет

Жас жігіттің жан шырылы

Жақында ғана қолымызға тиген жазушы Тынымбай Төлепбайұлының «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Шырғалаң» атты романының бас кейіпкері — Жасжан деген жігіт екен. Жасжан десе, бір жас жан; жоғары оқу орнын жаңадан бітіріп келген жас маман… Роман үлкен өмір жолына жаңа қадам басқан осындай бір жас адамның (сонау бір тоқырау жылдарында еңбекке енді ғана араласқан жас маманның) басынан кешкен шырғалаңдарын арқау етіпті. Мұндай шырғалаң оқиғалар, шынына келгенде, бір ғана Жасжан басынан өткен жайттар емес, сол кездегі оның талай тұрғыластары бастарынан өткерген типтік жағдайлар болатын.

Бүгінде жасыратын ештеңесі жоқ, тоқырау жылдарында ірі-ірі өндіріс орындарын былай қойғанда, орта деңгейдегі өнеркәсіп орындарының өзінің басшы кадрлары көбіне-көп «аға ұлт» өкілдерінен қойылатын да, олардан қалғанына саланың сауатты маманы болмаса да, «тәжірибесі мол», «ұйымдастырушылық қабілеті жоғары» деген секілді желеулермен әртүрлі адамдар тағайындалатын.

Жас маман Жасжан Есенов жолдамамен келген комбинат та осындай бір өндіріс орны болып шықты… Бас директоры жиырма бес жылдай бір орнында тапжылмай отырған; астық комбинатын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын Андрей Васильевич Шубин деген кісі екен. Қаталдығы сондай, айналасындағылар оған сөз айтуға да қорқатын көрінеді. Өйткені бар билік соның қолында. Біреуді жарылқайын десе де, жұмыстан қуып жіберейін десе де, амалын табады. Бәрі — өз еркінде. Соған қарамастан, неге екенін кім білсін, өте сақ; әсіресе сырттан жаңа кадр келсе,

(сол тұстағы типтік ортаға) тағдыр айдап, Жасжандай жас жігіт тап келмей ме?!

Жалпы, адам баласы қандай ортада өмір сүріп жатса, сол қоғамның ыңғайына қарай өмір сүреді ғой… Үлкен комбинатта еңбек етіп жатқан күллі жұрт та «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген принципке әбден төселген. Бастықтарынан бастап, оның бүкіл «қосшылары» қалай өмір сүріп жатса, олар да дәл солай тірлік кешуге бейімделген. Ең бірінші кезекте әр бөлім, әр цех, нәтижесінде бүкіл комбинат айлық, тоқсандық, жылдық жоспарларды орындап шығуы міндетті болса, күллі ұжым бұл міндетті өйтіп-бүйтіп орындап шығып жатады. Шын ба, қағаз жүзінде ме; сапалы ма, сапасыз ба – ең бастысы бұл емес. Жоспар орындалса, болды! Үлкен кәсіпорында не түрлі көзбояушылық, өтірік ақпар, сапасыз өнім деген секілді, болмай тұрмайтын қитұрқылықты былай қойғанда, мұнда жеке адамдардың «басы артық тұрған» дүниені қойынға тыға салуы, «қолайсыз жатқан нәрсені қымқыра кетуі һәм ондай-ондай ұсақ-түйектен «мемлекеттің қылшығы да қисаймайды» деген түсінік жұрттың сүйектеріне сіңіп кеткен. Жазушы өз романында адам мен қоғам арасындағы осындай байланысты (қоғамың қандай болса, өзің де сондайсың!), сол байланыстан туындап жататын қоғамдық қатынастарды тап басып, танып қана қоймай, оны биік көркем шындық дәрежесіне жеткізіп көрсете білген.

«Жас келсе – іске, кәрі келсе – асқа» демей ме?! Әлгіндей комбинатқа бас маман һәм директордың орынбасары болып тағайындалған Жасжан (ата-анасы да, оқытқан мектебі де: «Ешкімнің ала жібін аттамауға», «Кісіге қиянат жасамауға», «Адал жүріп, адал тұруға» тәрбиеленген Жасжан), — ұжымдағы тірлікпен таныса келе, отбасы мен мектеп берген таза тәлім-тәрбие мынау қоғамдық өмірдегі болмыспен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, мүлде кереғарлықта екеніне анық көз жеткізгенде, бүкіл жан-тәнімен харамдық пен қараулыққа қарсы ашық күреске шығады…

Бір жақсысы, Т.Төлепбайұлының романы да сол тақырыпқа жазыла тұрса да, әдебиетіміздегі тәуір шығармалардағыдай, мұнда да алдыңғы кезекке шаруашылық проблемалары емес, адам тағдыры, соның ішінде, еңбекке енді араласқан жас маманның шырғалаңға ұшыраған өмір жолы; сол жолда бастан кешкендері, бірінші орынға шығарылыпты.Қуанарлық жайт! Өйткені қашанда әдебиеттің басты мәселесі — шаруашылық емес, адам!

Осы жерде атап айта кетерлік бір жайт: тоқырау жылдарындағы өндіріс туралы шығармаларда шаруашылық проблемалары, жаңа мен ескінің тартысы секілді мәселелер басты орынға шығып кетіп, адам тағдыры кейінге ысырылып қалатын кездері жиі болушы еді. Бір жақсысы, Т.Төлепбайұлының романы да сол тақырыпқа жазыла тұрса да, әдебиетіміздегі тәуір шығармалардағыдай, мұнда да алдыңғы кезекке шаруашылық проблемалары емес, адам тағдыры, соның ішінде, еңбекке енді араласқан жас маманның шырғалаңға ұшыраған өмір жолы; сол жолда бастан кешкендері, бірінші орынға шығарылыпты.

Қуанарлық жайт! Өйткені қашанда әдебиеттің басты мәселесі — шаруашылық емес, адам! Және сол адамның тағдыры… Солай болған, мәңгілік солай болып қала береді де! Автор осыны өте жақсы ұғыпты.

Ал күрес жолын таңдаған адамның тағдырына келер болсақ, оның алдында ешқашан сайрап жатқан даңғыл жол болған емес. Бірде жеңсе, бірде жеңіледі; Жасжан Есенов те оны өз басынан кешірген. Комбинаттағы келеңсіздіктермен күресем деп жүріп, бастыққа да, басқаларға да жақпай, жаман ғадетке еттері үйреніп кеткендерді түгелімен өзіне қарсы қойып алады. Осыдан барып, екі арада шиеленіс күшейе түседі; араздық өршиді!!!«Араздық» дегенде, жас маман Жасжанның жеке басының ешкіммен өштік-қастығы жоқ. Бар «айыбы» —комбинаттағы ұрлық-қарлықты, көзбояушылықты, т.с.с. келеңсіздіктерді көрсе жаны күйіп, төзбей кететіндігі ғана…

Комбинаттағы қарапайым еңбек адамдарының арасындағы ащылы-тұщылы кісілік қатынастар; Сымбат — Жасжан — Оксана араларындағы махаббат пен сыйластық — сөз жоқ, көңіл толқытарлық жайлар. Ал жұмысшы адамдардың дәл өздеріндей қарапайым да қатқыл тірлігі; тіпті олардың сөздері мен сөйлеу мәнерлеріне шейін барынша өмірдегідей реалистік тұрғыда берілуі – жазушының өз туындысына аса үлкен жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Оның бәрін айтып жату артық болар… Барша жай-жағдайды оқырман романды оқыған соң өзі-ақ пайымдай жатар деп үміт етеміз.

Ең бастысы, еңбекке енді ғана араласқан жас маманның жан шырылы, ол басынан өткерген қат-қабат шырғалаң оқиғалар, үлкен кәсіпорындағы жұмысшы қауымның тіршілік тынысы, бастықтар мен бағыныштылардың арақатынасындағы түрлі коллизиялар шығармада шынайы реалистік тұрғыда шебер бейнеленген.

Өмірде себепсіз ешқашан салдар да болмайды. Бір комбинатты бір өзі уысында ұстаумен ширек ғасырдай бастық болып келген кісі неге жаңадан келген жас маманнан өлердей қауіптенеді десек, жайлы орынға жамбасы әбден үйренген ондай адам, қоғам мүддесі дегенді әлдеқашан былай ысырып қоя тұрып, ең алдымен жеке басының мүддесін баяғыда-ақ басты орынға шығарып қойған екен. Әлі көңілі ақ қағаздай аппақ, жаны да, жүрегі де дүние кіріне былғанбаған жас адам, «сол күнәмді біліп қояды; біліп қойса, бар сырым ашылып қалады» деп қорқады екен.

Ақыры солай болады да.

Өзінің қолы лас адам қарамағындағы қызметкерлері әлгі кәсіподақ жиналысында жазықсыз жас маманды қорғап сөйлегені үшін екі лаборант әйелді қудалаймын деп жүріп, өзінің сыры ашылып қалады. Ашынған әлгі екі әйел бұл комбинатта жұмыс істеп көрмеген бастықтың әйелі үш жыл бойы айлық алып, осы мекемеден пенсияға шыққаны жөнінде жоғарыға арыз жазады да, анық-қанығына көз жеткізген тексерушілер директордың үстінен іс қозғаттырып, орнынан алумен тынады. Сөйтіп, әділеттілік салтанат құрғандай болады.

Бірақ гәп мұнда емес… Әңгіме — әдеби туындыға арқау болған (һәм арқау болуға лайық) жайт: тіршілікте жас адамның алдынан шығар кедергілер мен кесапаттар және өмір тек соларды жеңе отырып қана мәнді де мағыналы болатынын көрсетуде екенін айта кетсек, еш артық бола қоймас деп ойлаймыз.

Қажығали Мұханбетқалиұлы

«Ана тілі» газеті,

2016 жыл.

(қысқартылып берілді)

Басқа жаңалықтар

Back to top button