Тарих

Өзгеше өнеге иесі еді…

Тағзым

Осыдан тура төрт жыл бұрын елдің абыз ақсақалы атанған Сматолла Беркімбаевпен кең отырып сұхбаттасып, әңгіме нұсқасын облыстық «Ақтөбе» газетінің бір бетіне тұтас жария еткенбіз. Мақала тақырыбын «Әр кезеңнің өз құбыласы болады» деп атаған екенбіз. Өйткені айтар ойымыздың, кейіпкеріміздің келбетін тереңірек танытудың негізгі желісін осы төңіректен табуға болады деп есептегенбіз ғой.

«Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін!» айдарымен берілген мақаламызды: «Үлкеннің сөзі қашаннан үлгі. Қай кезеңде де ел-жұрт түйінді сөзді тыңдарда аузы дуалы ақсақалдарына қараған. Көпті көрген, көненің көзі саналатын қарияларымыз өздері бастан өткерген өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, алдағыны бағдарлап отырған» деп бастаппыз.

Әдетте қалың жұртшылық, сырт көз Сматолла Беркімбаевты ұзақ жыл Байғанин ауданын басқарған, талапшыл да қатаң басшы ретінде ғана көбірек біледі. Рас, ол кісі осы өңірдің тізгінін үздіксіз он сегіз жыл ұстады, абырой биігінде тұрды, ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы өзге жерлердегіден кем түскен жоқ.

Алайда ол адамның одан басқа да ғұмыр желілері бар екенін ескере бермейтіндейміз. Сонымен, өмірбаян деректеріне көз сала кетсек.

Сматолла Молдашұлы 1932 жылдың 28 тамызында бұрынғы Новоресей ауданының Ойсылқара ауылында дүниеге келген. Оған дейінгі тарих кейіпкеріміздің ата-бабаларының Шалқар аумағында өмір сүргенін, қуғын-сүргін, қысымшылық салдарынан осылай қарай еріксіз қоныс аударғанын баяндайды.

Жас жігіт Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепті бітіріп, 1949 жылы Мәскеудегі ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын институтқа оқуға қабылданады. Осы жоғары оқу орнын 1954 жылы үздік тәмамдап, оқымысты-зоотехник мамандығын алып шығады. 1971 жылы КОКП жанындағы жоғары партия мектебін қызыл дипломмен бітіреді.

Еңбек жолын Новоресей ауданының «Қопа» кеңшарында бас зоотехник болып бастаған жас маман көп ұзамай осы шаруашылықтың директоры болып тағайындалады. Ал 1959 жылы Новоресей аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланады. Жиырма жеті жасар жігіт үшін бұл үлкен сенім еді.

Ал арада енді бір алты жыл өткенде, яғни 1965 жылы Қазақстан Компартиясы Байғанин аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған ол осы қызметті жоғарыда айтқанымыздай, үздіксіз он сегіз жыл атқарады.

Былайғы жұрт бірінші хатшының өмірін әдетте жұмаққа бағалап жүрген кезді де білеміз. Ал шын мәнінде олардың да отқа түсіп, суға батып жүрген тұстары аз болмағанға ұқсайды. Соның мысалына келетін бір жайды Сматолла ағаның өз аузынан тыңдап едім.

«Сонау сексенінші жылдары Маңғыстау облысы Гурьевтен бөлініп шығып, өз алдына бөлек отау тіккенде мал жайылымдары жетіспей, біздің шұрайлы жеріміз — Матайқұмға көздері түсті. Бұған аудан басшысы ретінде мен бірден қарсы шықтым, — деп сөз бастаған-ды ол. — Оның алдында он жылдай уақыт бұрын Қарақалпақ жағынан ел көшіріп әкеліп, солардың арасынан Рабай деген азаматты ферма меңгерушісі етіп тағайындап, қыста он алты-он сегіз мал қыстағы бар осы өңірдің игілігін көріп-ақ отырғанбыз.

Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Түймебай Әшімбаев Матайқұмды алуға бар күшін салып кірісті, оны Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Сағидолла Құбашев қолдады. Мұны мен қиянат деп ұқтым да, алған бетімнен қайтпауға бел будым. Ақыры өзіміздің облыстың басшысы Василий Андреевич Ливенцовқа хабарласып едім, ол «Сматолла, жауды көбейтіп не қыласың, қарсыласпа, жерді бер!» деді. Амалсыз көндім.

Сонымен, көрші облыс жиырма жылға деп алды. Арты іздеусіз қалды ғой…

Ал Байғанин өңірі үшін қашаннан құт болған Сам жайлауын 1963 жылы көршілес Гурьев облысына беріп, бір бармақ тістеп қалғанбыз».

Елдің құты, жердің берекесі болған Матайқұм мен Сам, әрине, жаудың қолында кетіп жатқан жоқ. Бірақ Байғанин атын алған ауданның мал шаруашылығын дамытудың қайнар көзі болған, сол өңір перзенттерінің санасында киелі жер іспетті қалыптасқан мекендерден ығысу басқа-басқа, ел ағасы Сматолла Беркімбаевтың жүрегін әлі күнге дейін ауыртатынын сезгенмін сонда.

Тәжірибелі басшы Байғанин ауданынан кейін көршілес Темір өңірі басшылығына жіберілді. Бірақ мұнда көп уақыт бола қойған жоқ, 1983 жылы облыстық партия комитеті жанындағы партиялық комиссия төрағалығы қызметіне тағайындалады.

Адам жасы ұлғайған сайын атамекенді аңсайтыны бар. Сондай сезім сырт көзге сырын алдыра бермейтін Сматолла ағаның да жүрек түкпірінде атойлап жатқан секілді көрінді маған. Сондай ішкі толқыныстың орайласуы ма екен, ол 1984 жылы Шалқар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бірақ мұнда көп уақыт қызмет атқара алмады. Білек сыбана кірісіп, ойдағы білім-білігі мен бойдағы тәжірибесін кеңінен пайдалана бастаған тұста партияда «қайта құру», «жариялылық» деп аталатын қызу науқан басталып кетті. Сол ауқымда «діннің — апиын» екені айқайлап айтылып, мұсылман қорымдарындағы діни жоралғылар, әсіресе айшықты белгілер тексерушілер назарына ілікті. Осы бақылау-қадағалауға сәйкес Сматолла аға өз анасының басындағы белгілерді жойып, бейітті «қалпына келтіруі» керек екен. Бұл ол үшін азаматтыққа да, адамгершілікке де келмейтін нұсқау еді. Өкінішке орай, оның бұл табандылығы өте қымбатқа түсті. Қызметінен босатылып, партия қатарынан шығарылды. Әділдікке қол жеткіземін деп жүріп, денсаулығына кінәрат келтірді. Бірақ еңсесін биік ұстады.

Қалай болғанда да Сматолла ағаның бүйрегі өзі талмай-шаршамай еңбек еткен Байғанин өңіріне бұрып тұратын. Сол ауданның адамдары, киелі орындары туралы әңгімелеуден жалықпайтын. Өз тұсында шаруашылық басшылары болған Сұлтан Аманғосов, Жұбан Айжарықов, Қартабай Жұмағалиев, Қайырмұхан Әлқуатов, Зейнолла Боқтыбаев, Мұхамбет Молдағазин, Дәулетжан Елеусізов сынды азаматтардың шетінен мықты адамдар екенін қадап тұрып айтатын.

Ерлермен қатар әйел адамдардың да жігерлі еңбек еткенін үлгі қылушы еді. Сол қатарда Бибатпа Былшықованың аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Теңгежан Мұңалбаеваның Қарауылкелді ауылдық кеңесінің төрағасы қызметтерін абыройлы атқарғанын тілге тиек ететін.

Еңбек адамдарының ерен еңбегін айрықша атап айтқаны есімде қалыпты. Деректер мен дәйектерді қағазға қарамай-ақ ойға түсіріп отырды.

Оның айтуынша, 1966 жылы «Сағыз» кеңшарының аға шопаны Қылыш Төлепов Социалистік Еңбек Ері атанып, 10 адам Ленин орденімен марапатталған. Одан беріректе аудан еңбеккерлеріне 9 Октябрь революциясы ордені, 54 Еңбек Қызыл Ту ордені, 1 «Халықтар достығы» ордені, 82 «Құрмет белгісі» ордені, 30 үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені тапсырылыпты. Екі маман «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген зоотехник», екі адам «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мал дәрігері», 6 адам «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген ауылшаруашылық қызметкері» құрметті атағына ие болған. Үш адамға Қазақ КСР-інің Құрмет Алтын кітабына енгізілгені жөнінде диплом тапсырылыпты.

Бір кездері жер шұрайы атанған Доңызтаудың елсіз, иесіз қалғанына да алаңдайтынын байқап қалдым бірде. Осы аумақта 10 мың гектардай жайылма су бар екен. Шалқар жағынан Шаған өзені, Жаңажол беттен Мәні өзені келіп құйып жатады.

«Доңызтау — тегін ет, тегін жүн еді. Неге соны жаңғыртпаймыз? Жемнің арғы беті — Оймауыт, Дияр шаруашылықтары болған жерлер де қазір бос жатыр. Үстіртті игеру мәселесі қажет-ау деп ойлаймын. Қазір Үстірттің үстімен теміржол жүреді, сенімді қатынас көзі бар. Жылқы, қой, түйе өсіруге таптырмайтын мекен ғой бұл» деп бір пікірін білдірген.

Бір кездері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды, Қазақстан Компартиясының бірнеше съезіне делегат болып қатысқан Сматолла Молдашұлының еңбегі Ленин, «Октябрь революциясы», екі мәрте Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен атап өтілді. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын алды. Бірнеше мерекелік медальдің иегері болды. Осы марапаттардың мәнін жоғары бағалай отырып, ол кісінің «Байғанин ауданының құрметті азаматы» деген атақты ерекше аялап қарайтынын ұқтым. «Байғанин өңірінде біраз жыл қызмет істеп, ол жерден кеткеннен кейін араға жиырма жыл салып маған құрметті азамат атағын беруі, әрине, ойландырады, шынын айтсам, тебірентеді. Қазақта ең жаман нәрсе — «әй, кәпір» атану. Қазір де өзім біраз жыл дәм-тұзын татқан Байғанин ауданының азаматтарымен сағынысып көрісіп тұрамын, көңіліміз түзу, елдің амандығына елеңдеп отырамын», — деп тебіренгенін көз алдыма қазір де елестетемін.

«Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дейді қазақ. Сматолла аға ұзақ ғұмыр кешті, көпті де көрді. Өмірлік серігі Күміс апамен бірге инабаты мол ұрпақ өсірді, немере-шөберелер сүйді.

…Елге сыйлы, көпке қадірлі болған абзал да ардақты ақсақалдың өмірден өткеніне жыл толды. Содан бері де ол кісі туралы көптеген естеліктер айтылуда.

Сол еске алулардың басы құралып, күні кеше ғана баспадан «Кісіліктің көркем көрінісі» атты жинақ жарыққа шықты. «Жақсының жарығы өшпейді» деген сөз бар. Сматолла ағаның ғибратты ғұмыры кейінгі буынға, келер ұрпаққа үлгі болып қала бермекші.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button