Тәуелсіздік — 30

Ырғыздықтар Семейге жол тартты

17-19 маусым күндері Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының «Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» атты мәдени күндері өтеді. Кеше ырғыздық делегация жолға шықты.

Облыс әкімінің қолдауымен болып жатқан іс-шараның мақсаты — өңірлер арасындағы өзара байланысты нығайту, қазақтан шыққан ұлы тұлғалар мен қасиетті мекендерді насихаттау.

Аталған жобаның ашылу салтанатында Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев бұл игі шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отырғанын айтты.

Салтанатты шарада облыс әкімінің кеңесшісі Қ.Болысов, Ырғыз ауданының құрметті азаматы Н.Сәрсенбайұлы жолға шыққалы тұрған делегация мүшелеріне сәт сапар тілеп, сексеннің сеңгіріндегі ақсақал Сейітқұл Махаев жолаушыларға ақ батасын берді.

Ырғыздан шыққан экспедиция автокөлікпен Қостанай, Қарағанды облыстары арқылы Ырғыз-Торғай, Кеңгір өзендерінің бойымен жүріп, Ырғызбай Айдосұлы мен інісі Торғай, ағасы Кеңгірбай туған жерлерді, яғни сол дәуірдегі Абайдың ата-бабалары мекендеген жерлерді аралайды. Сондай-ақ Семей жеріне баратын екінші топ бүгін теміржол арқылы жолға шығады.

  • Өткен жылы ұлы Абайдың туғанына, сондай-ақ Ырғыздың іргетасы қаланғанына 175 жыл толды. Індеттің өршуіне байланысты бұл мерейтойларды өз деңгейінде атап өтудің мүмкіндігі болмады. Дегенмен рухани кеңістігімізді толтыратын, жас ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор шаралар ешқашан тоқтамауға тиіс. Сондықтан бүгінгі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанып келе жатқанын ескере отырып, осындай жобаны қолға алып отырмыз. Делегация мүшелерінің басым бөлігі вакцина алған, барлық шаралар сақтық талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілетін болады, — дейді ұйымдастырушылар.

Айта кету керек, Абай жеріне облыстан 50 шақты адам барады. Олардың құрамында аудан әкімдігінің қызметкерлері, Ырғыздан шыққан облысқа, ауданға танымал тұлғалар, қоғам белсенділері, өнерпаздар және БАҚ өкілдері бар.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button